АВТОКӨЛІКТЕРДЕГІ ӨРТ ҚАУІПСІЗДІГІ ЕРЕЖЕЛЕРІН САҚТАЙЫҚ
Автокөліктегі өрттердің негізгі себептері көліктердің техникалық ақауы және қозғалтқыш бөлігіндегі электр сымдарының қысқа тұйықталуы болып табылады, сол себепті автокөлік жүргізушілеріне көліктегі электр сымдарына назар аудару маңызды екенін ескерген жөн.
Көліктегі өртті болдырмауға және өрт туындауы қаупін төмендетуге болады. Ол үшін жүргізушілер автокөлікті уақытында техникалық тексеруден өткізіп техникалық жай-күйін бақылап отыру қажет. Ең алдымен әрбір автомобильде ақаусыз өрт сөндіргіш болуы керек. Қажет болған жағдайда, өрт ошағын барынша тез және қысқа мерзімде сөндіруге кірісу үшін, өрт сөндіргіш оңай қолжетімді жерде болуы тиіс.
Әрбір көлік құралы 2 литрден кем емес көлемде жарамды өрт сөндіргішпен жабдықталуы тиіс. Өрт сөндіргіштің жағдайын үнемі тексеріп тұрыңыз. Оның майысқан және ісінген жерлері болмауы керек. Баллон қызып кетпеуі керек, бүріккіш еркін қозғалып, ал оның элементтері деформацияланбауға тиіс. Кез келген өрт сөндіргіштің жарамдылық мерзімі екі жылдан аспайды, пломбасы сақталуға тиіс. Осы қарапайым шарттардың кез келген бұзылуы құрылғыны ауыстыру үшін себеп болып табылады.
Сонымен қатар, өрт сөндіргіштің автокөліктің ішінде орналасуы қажеттігін ұмытпау керек. Баллонды жүк салғышқа лақтыра салудың қажеті жоқ. Өрт сөндіргішті салонға бекітіңіз, алайда қауіп туындаған жағдайда оған оңай жету үшін, тым алысқа орналастырмаңыз. Өрт сөндіргішті пайдалану жөніндегі нұсқаулықты елемеуге болмайды.
Көліктің қозғалысы кезінде өрт шықса көлік құралын дереу тоқтатып, қозғалтқышты сөндіру керек. Бірден өртке қарсы қызметті 101 немесе 112 нөмірі бойынша шақыруы тиіс. Клемманы аккумулятордан алып тастау, газдандырылған жағдайда магистральдық және баллонды вентильдерді жабу да басты әрекетке жатады. Жолаушыларды эвакуациялауға қам жасап, алғашқы өрт сөндіру құралдарымен сөндіруге кірісу қажет.
Аудандық төтенше жағдайлар бөлімі