Әкелік шеберлік сағаты
Біз үшін отбасы – шағын мемлекет десек, оның негізін ана мен әке құрайды. Әке – отбасының тірегі, балаларына пана, ұрпағына тәрбиеші. Ата-бабамыз ер адамды «асқар тау» деп бейнелеген. Әке балаларына тірек болып қана қоймай, оларды өмірге дайындап, болашаққа жол көрсетеді. Оның рөлі тек отбасымен шектелмейді, әке тәрбиелеген ұрпақ – тұтас елдің болашағы.
Жақында Академик С.Жиенқұлов атындағы Байқоңыр жоғары колледжінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Гүлзира Айтқұлованың ұйымдастыруымен «Шебер әке» атты сынып сағаты өткізілді. Мақсаты – әкелердің шеберлік дағдыларын жетілдіру, отбасылық байланыстарды нығайту және балаларымен бірге уақыт өткізу.
«Әкелік шебер» ұғымы – кәсіби біліктіліктің, шығармашылықтың және жаңашылдықтың бірлігін білдіретін, өндірістің жоғары сапасына және білім берудің үздік үлгілерін қалыптастыруға бағытталған негізгі ұғымдардың бірі болып табылады.
Шеберлік сағатында әрбір әке әкелік міндеттер мен шеберліктерді дамытуға бағытталған қызықты әрі пайдалы тәжірибелерді алмаса отырып, өзара пікір алмасып, балаларымен тиімді байланыс құру жолдарын талқылады. Ең бірінші, қатысушылар өздерін таныстырып, содан соң әкелік міндеттің басты дағдылары еңбекке баулу, балаларға дұрыс тәрбие беру, уақытты тиімді өткізу, отбасы мүшелерімен қарым-қатынас туралы сөз қозғады. Сонымен қатар әкелер үшін пайдалы кеңестер, әкелік рөлді дұрыс орындау үшін уақытты тиімді пайдалану, баламен тиімді сөйлесу тәсілдері жайында сыр шертілді.
Сондай-ақ, әкелер балаларымен бірге практика жүзінде берілген тапсырмаларға сәйкес ағаш бұйымдарынан қарапайым ойыншық, үстел, сөре жасап, өз балаларына жақсы үлгі көрсетті.
Бұл шеберлік сағаты әр әкенің өз шеберлігін арттырып, балаларына уақыт бөлуге және отбасы мүшелерімен тығыз байланыс орнатуға көмектесті деп толық айтуға негіз бар. Шеберлік сағатына қатысқан барлық әкелер дипломмен марапатталды.
Бүгінгі қоғамда өмір сүретін кез-келген берекесі тасыған отбасының тірегі, қамқоршысы әке десек, әкенің қамқорлығы мен орны аласармасын дейміз.
Қымбат БЕРДЕШ,
Байқоңыр қаласы