Сот жүйесі – азаматтар құқығын қорғаудың қуатты тетігі
«Әркiмнiң өз құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғауға құқығы бар. Ешкiмнің өзі үшін заңмен көзделген соттылығы оның келісімінсіз өзгертiле алмайды. Мемлекет заңда белгiленген жағдайларда және тәртiппен әркімнің сот төрелігiне қол жеткізуін және оған келтiрiлген залалдың өтелуiн қамтамасыз етедi.»
Қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу кезiнде қылмыстық процеске қатысатын адамның абыройын түсіретін немесе қадiр-қасиетiн кемiтетiн шешiмдер мен әрекеттерге тыйым салынады, жеке өмiр туралы мәлiметтердi, сол сияқты адам құпия сақтау қажет деп санайтын жеке сипаттағы мәлiметтердi заңнамада көзделмеген мақсаттар үшiн жинауға, пайдалануға және таратуға жол берiлмейдi. Адамға қылмыстық процесті жүргiзетін органдардың заңсыз әрекеттерiнен келтiрiлген моральдық зиян заңда белгiленген тәртiппен өтелуге жатады. Белгiленген негiздер мен тәртiп бойынша болмаса, ешкiмдi де қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдікпен ұстап алуға, күзетпен қамауға алуға немесе өзгеше түрде бас бостандығынан айыруға болмайды.
Күзетпен ұстауға және үйқамаққа алуға заңмен көзделген жағдайларда ғана және күзетпен қамауға не үйқамаққа алынған адамға сотқа шағым жасау құқығын бере отырып, соттың санкциясымен ғана жол берiледi. Адамды соттың санкциясынсыз жетпіс екі сағаттан аспайтын мерзімге ұстап алуға жол берілетіні тікелей көзделген жағдайларды қоспағанда, адам соттың санкциясынсыз ‑ қырық сегіз сағаттан аспайтын мерзімге, ал кәмелетке толмаған адам жиырма төрт сағаттан аспайтын мерзімге ұсталуға ұшырауы мүмкін.
Күзетпен ұсталмаған адамды сот-психиатриялық және сот-медициналық сараптамалар жүргiзу үшiн медициналық ұйымға мәжбүрлеп орналастыруға соттың шешiмiмен ғана жол берiледi. Әрбiр ұстап алынған адамға ұстап алудың негiздерi, сондай-ақ оған қылмыстық заңда көзделген қандай іс-әрекетті жасады деп күдік келтiрiлгені туралы дереу хабарланады.
Сот, қылмыстық қудалау органдары, күзетпен ұстау орны әкімшілігінің, медициналық ұйымның басшысы заңсыз ұстап алынған немесе күзетпен ұсталып отырған немесе медициналық ұйымға заңсыз орналастырылған не заңда немесе үкiмде көзделгендегiден артық мерзiмге күзетпен ұсталып отырған адамды дереу босатуға мiндеттi. Қылмыстық процеске қатысатын адамдардың ешқайсысын азаптауға және басқа да қатыгез, адамгершiлiкке жатпайтын немесе қадір-қасиетін қорлайтын қарым-қатынас немесе жазалау түрлерiне ұшыратуға болмайды.
Ешкiмдi де адамның өмiрiне немесе денсаулығына қауiп төндіретін процестік әрекеттерге қатысуға тартуға болмайды. Жеке басқа қолсұғылмаушылықты бұзатын процестік әрекеттер заңда көзделген жағдайларда және тәртiппен ғана адамның не оның заңды өкiлiнiң еркiне қарсы жүргiзiлуi мүмкiн. Адамды, сондай-ақ қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік бойынша ұстап алынған адамды күзетпен ұстау оның өмiрi мен денсаулығына қатер төндірмейтін жағдайларда жүзеге асырылуға тиiс. Азаматқа бас бостандығынан заңсыз айыру, оны өмiрi мен денсаулығына қауiптi жағдайларда ұстау, оған қатыгез қарым-қатынас жасау салдарынан келтiрiлген зиян заңмен көзделген тәртiппен өтелуге жатады.
Қылмыстық процесті жүргiзетін орган қылмыстық процеске қатысатын азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, оларды жүзеге асыру үшiн жағдай жасауға, қылмыстық процеске қатысушылардың заңды талаптарын қанағаттандыруға уақтылы шаралар қолдануға мiндеттi. Азаматқа қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу кезiнде оның құқықтары мен бостандықтарын бұзу салдарынан келтiрiлген зиян көзделген негiздер бойынша және тәртіппен өтелуге жатады.
Жәбiрленушiнi, куәны немесе қылмыстық процеске қатысатын өзге де адамдарды, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерiн немесе өзге де жақын туыстарын өлтiрумен, күш қолданумен, мүлкiн жоюмен немесе бүлдiрумен не өзге де құқыққа қарсы қауiптi әрекеттермен қорқытты деп пайымдауға жеткiлiктi негiздер болған кезде қылмыстық процесті жүргiзетін орган өз құзыретi шегiнде бұл адамдардың өмiрiн, денсаулығын, абыройын, қадiр-қасиетiн және мүлкiн қорғауға заңда көзделген шараларды қолдануға мiндеттi. Азаматтардың жеке өмiрi, жеке және отбасылық құпия заңның қорғауында болады. Әркiмнiң жеке салымдар мен жинақтардың, жазысқан хаттардың, телефон арқылы сөйлескен сөздердің, пошта, телеграф арқылы және өзге де хабарлардың құпиясына құқығы бар.
Қылмыстық іс бойынша іс жүргізуді жүзеге асыру кезінде әркімге жеке өміріне қолсұғылмаушылық құқығы қамтамасыз етіледі. Бұл құқықты шектеуге заңда тікелей белгіленген жағдайларда және тәртіппен ғана жол беріледі. Заңда көзделген жағдайлардан басқа, ешкім адамның келісімінсіз оның жеке өмірі туралы ақпарат жинауға, сақтауға, пайдалануға және таратуға құқылы емес. Адамның жеке өмірі туралы заңнамада көзделген тәртіппен алынған ақпаратты қылмыстық процесс міндеттерін орындаудан басқаға пайдалануға болмайды.
Тұрғынжайға қол сұғылмайды. Тұрғынжайға онда тұратын адамдардың еркiне қарсы кiруге, оған қарап-тексеру мен тiнту жүргiзуге заңда белгiленген жағдайларда және тәртiппен ғана жол берiледi.Меншiкке заңмен кепiлдiк берiледi. Ешкiмдi де соттың шешiмi болмайынша өз мүлкiнен айыруға болмайды.
Процестік әрекеттер барысында адамдардың екінші деңгейдегі банктерде және Қазақстан Республикасы бейрезидент-банктерінің филиалдарында орналастырылған салымдарына және басқа да мүлкiне тыйым салу, сондай-ақ оларды алып қою заңнамада көзделген жағдайларда және тәртiппен жүргiзiлуi мүмкiн. Әркім өзінің қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кiнәлiлiгi заңнамада көзделген тәртiппен дәлелденгенге және соттың заңды күшiне енген үкiмiмен белгiленгенге дейiн кiнәсiз болып саналады.
Ешкiм де өзiнiң кiнәсiздiгiн дәлелдеуге мiндеттi емес. Күдіктінің, айыпталушының, сотталушының кiнәлiлiгiне сейiлмеген күмән олардың пайдасына түсiндiрiледi. Қылмыстық және қылмыстық-процестік заңдарды қолдану кезiнде туындаған күмәндар да күдіктінің, айыпталушының, сотталушының пайдасына шешiлуге тиiс. Айыптау үкiмi болжамдарға негiзделе алмайды және ол жол берілетін және анық дәлелдемелердiң жеткiлiктi жиынтығымен расталуға тиiс.
Д.Сахи,
Байқоңыр қалалық сотының бас маманы