ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС ӨТКЕН ЖЫЛДЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАДЫ
Сәрсенбіде аудан әкімдігінде аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы Әбдірахман Құлдүйсеновтің төрағалығымен кеңес отырысы өтті. Онда аудан әкімі Жандос Еркінбек былтыр аудан көлемінде атқарылған жұмыстарға есеп берді.
Жиынға аудандық мәслихаттың төрағасы Әділ Қошалақов, «ZOOM» платформасы арқылы Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті мемлекеттік қызметтер көрсету басқармасының бас маманы Әміржан Сәкен, аудандық қоғамдық кеңес мүшелері, ауылдық округтің әкімдері, дербес бөлімдер мен мекеме басшылары және үкіметтік емес ұйымдар жетекшілері қатысты.
Қоғамдық кеңестің күн тәртібінде алты мәселе қаралды. Бірінші мәселе бойынша аудан басшысы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндама жасап, алдағы негізгі міндеттерді саралады.
– Өткен жылдың қорытындысы бойынша ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында тұрақты оң тенденция сақталды. Оның бір дәлелі ретінде аудан бюджетінің ұлғаюын атап айтуға болады. Облыс әкімінің ерекше қолдауының арқасында былтыр аудан бюджеті 18 млрд 533 млн теңгені құрап, 2023 жылғы бекітілген бюджетпен салыстырғанда 6 млрд 541 млн теңгеге неме- се 54,5 пайызға артты. Оның ішінде, ауданның өз кірістері өткен жылы 2 млрд 111 млн теңге болып бекітіліп, жыл қорытындысымен 547 млн теңгеге ұлғайтылып, 2 млрд 658 млн теңгені құрады. Ал биылғы жылдың 1 қаңтарында ауданның өз кірістері жоспары 108,8 пайызға орындалды, – деді аудан әкімі Жандос Еркінбек.
Мұнан соң аудандық мәслихаттың төрағасы Әділ Үсенұлы, аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Әбдірахман Құлдүйсенов өткен жылы атқарылған жұмыстарға есеп берді.
Ауданда құрылған қоғамдық кеңеспен заң талаптарына сәйкес мемлекеттік басқарудың республикалық және жергілікті деңгейлеріндегі қоғамдық кеңестердің өкілеттіктері негізінде бекітілген жұмыс жоспарға сәйкес былтыр жыл көлемінде бірқатар нақты жұмыс жүргізілген. Өткен жылы Қоғамдық кеңесте 43 мәселе қаралып, мемлекеттік мекемелерден келіп түскен 26 нормативтік-құқықтық актілер зерделеніп, келісім берілген.
Кеңес отырысында қаралған бірқатар мекемеге кеңес тарапынан ұсынымдар жасалған. Кеңес отырысының күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Данияр Қосбергенов «Қармақшы ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының аудандағы атқарып жатқан жұмыстары, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасы мен нәтижелі жұмыс жасаудағы есебі» туралы және «Қызылорда облысы Қармақшы аудандық мәслихатының 2024 жылғы 26 желтоқсандағы No232 «2025-2027 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қармақшы аудандық мәслихатының шешім жобасы жайлы аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Жанар Ниматулла хабарлама жасады.
Сондай-ақ «Қармақшы аудандық қоғамдық кеңесінің 2025 жылға арналған жұмыс жоспарын бекіту» туралы аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Әбдірахман Құлдүйсенов хабарлады.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша тиісті сала басшыларының есептері мен хабарламалары тыңдалып, талқыланып, аудандық қоғамдық кеңес тарапынан шешімдер қабылданды.
Ерсін ӘБЛӘКИЕВ