ВЕТЕРИНАРИЯЛЫҚ ІС ШАРАЛАР
Ветеринариялық іс-шараларға – жануарларды аса қауіпті жұқпалы және жұқпалы емес аурулардан, адам мен жануарларға ортақ аурулардан қорғау, жануарларды өсіру, тасымалдау, өткізу барысында қадағалау мен бақылау жүргізу, басқа елдерден енетін жұқпалы аурулардан қорғау жатады.
Аудан көлемінде аса қауіпті аурулардың алдын алу бойынша ветеринариялық іс-шаралар жоспарына сәйкес 12 түрлі жұқпалы ауруларға (құтыру, аусыл, лептоспироз, листериоз, пастереллез, сібіржарасы, эхинококкоз, күл, қарасан, оба, туберкулез, нодулярлы дерматит) қарсы егу жұмыстары ақпан-наурыз айынан басталады. Осы атқарылатын ветеринариялық іс-шаралар Республикалық бюджет есебінен тегін жүргізіледі.
Ауыл шаруашылық жануарларын тіркетпеген тұрғындар (сатып алынған, төлдер) болса мал дәрігерлеріне өтініш жазып тіркетулерін сұраймыз, себебі тіркелмеген ауыл шаруашылық жануарларына егу жұмыстары жүргізілмейді.
Осыған байланысты бұрын бірдейленбеген және ауыл шаруашылық жануарларын бірдейлендіру дерек қор жүйесіне тіркелмеген ауыл шаруашылық жануарларын тіркеу үшін Сіздерге «Tort Tulik» мобильді қосымшасын жүктеп алып, атыңызға тіркелген мал санының дұрыстығына қол жеткізуге болатындығы туралы хабарлаймыз. Жануар иесі ЖСН арқылы кіріп, мобильді қосымшасын тегін пайдалана алады.
Құрметті аудан тұрғындарымен жеке және заңды тұлғалар!
«Ветеринария туралы» Заңының 25 бабында жеке және заңды тұлғалар жеке қожалығындағы ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруге, аса қауіпті ауруларға қарсы екпе жүргізуге және де мал дәрігеріне жұмыс жасау барысында жәрдем беруге міндетті екендігі көрсетілген.
Осыған байланысты қораңыздағы төрт-түлік мал бірдейлендірілмеген жағдайда және жаңадан сатып алынған жануарлар, алынған төл туралы хабарламағаны үшін мал иесіне Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Кодексінің 406 бабына сәйкес жауапкершілікке тарту көзделген.
С.КҮЗЕМБАЕВ,
ҚР АШМ ВБжҚК-нің Қармақшы аудандық аумақтық
инспекция басшысы