КӨМІРҚЫШҚЫЛ ГАЗЫНАН УЛАНУДАН САҚ БОЛАЙЫҚ
Газдан иістену жылыту маусымы кезінде өте жиі кездесетін жағдай болғандықтан басты мәселе болып саналады. Сондықтан оның алдын алу іс-шаралары қазіргі таңда өзекті.
Газ иісті және мүлдем иіссіз болып келеді. Иісті газбен уланғанын адам мүлдем сезбей қалуы мүмкін. Иісті газ ауа атмосферасына жанудың әсерінен пайда болып таралады. Ол газ және майлы пештер, ағаш, көмір пеші, газ құрылғылары, бассейндердегі су жылытқыштар және двигательдерден шығатын газдар. Өрт болып жатқан жерде немесе пеш құбырларының жарылуы, бітелген түтін жолдары, бітелген құбырлар, иісті газдың тұрғын үй немесе басқа да жабық бөлмелерде жинақталуына әкеліп соқтырады. Адамдар сол иісті газбен ластанған ауамен дем алғанда уланады.
Иісті газбен уланғанда бұлшық ет әлсізденіп, бас айналып, құлақшаға шу естіледі. Сондай-ақ адам тұншығып, жүрегі айнып, лоқсу пайда болады. Одан кейін адам сандырақтап, галлюцинация пайда болып, естен танады. Мұндай жағдайда зардап шегуші адамды иісті газ концентрациясы бар жерде көмектесу үшін алдымен өзінің уланып қалмау қауіпсіздігін сақтау керек. Ол үшін қол орамал, дәке немесе киімдерді сулап сол арқылы тыныс алу керек.
Сонымен қатар бөлмелердің терезелерін ашып, иісті газбен демалуына жол бермеу, зардап шегушіні таза ауаға алып шығып, таза ауамен тыныс алуын қамтамасыз ету қажет. Иісті газбен уланудың алдын алу үшін пеш және пеш құбырларының жарылуын болдырмау, бітелген құбырларды, мұржаларды тазалап түтін жолдарын ашқан жөн. Пешке от жаққанда, отын салғанда есік-терезелерді ашып үйді таза ауамен желдетіп тұру және оттың жанғанын қадағалап тұру керек. Әсіресе жатар уақытында оттың жануын міндетті түрде бақылаған абзал. Өйткені адам ұйықтағанда иісті газбен уланғанын сезбей қалады және өрт салдарына әкеліп соғады.
Аудандық төтенше жағдайлар бөлімі