ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚ – ҚОҒАМ НЕГІЗІ
Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. «Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Әрі біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз» деді Президент.
Жұмысшы мамандықтар бағаланатын мемлекеттер, әдетте, экономикалық дамуы жоғары, әлеуметтік теңдікке көңіл бөлетін елдер. Ақтөбе ауылындағы №109 орта мектепте «Жұмысшы мамандықтар – қоғамның негізі» тақырыбында кездесу-тренинг өтті. Бұл іс-шараның көздегені оқушыларға жұмысшы мамандығы туралы жан-жақты мағлұмат беру арқылы кәсіптік-техникалық және жұмысшы мамандықтарға деген қызығушылығын арттыру.
Білім бөлімінің жоспарына сәйкес мектеп директорының бейінді оқыту орынбасары Ботагөз Абдуллаеваның ұйымдастыруымен өткізілген ісшараға аграрлы-техникалық колледжінен тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Әзиз Дүкенбайұлы, өндірістік оқыту шебері Лаура Қалымбетова, жалпы пән оқытушысы Назерке Әбдиева, пән оқытушысы Нұрлыбек Ілиясов, колледждің үздік студенті Гүлсім Қайратқызы қатысып, ақпараттандыру жұмыстарын жүргізді.
Тренингті мектеп тренері Венера Шайхова мен тәжірибелі ұстаз Тұрсынай Берікбаева жүргізіп, жұмысшы мамандықтарын дәріптеп, қоғамда еңбекқор және нағыз маман болып қалыптасу идеясын насихаттады. Іс-шарада «Өз есіміңе сын есім қос» әдісі арқылы қатысушылар бір-бірімен танысты. Қонақтар мен жоғары сынып оқушылары «Кәсіп», «Мамандық» топтарына бөлініп, оларға сұрақтар қойылды. Топтық жұмыс ретінде «Кәсіптің түрлері», «Жұмысшы мамандықтар» жөнінде оқушылардың көкейінде жүрген түрлі сұраққа тұшымды жауап алынды. Мектеп тренері В.Шайхова «Тосын сый», «Шөлбасар» әдістерін тиімді қолдана отырып, қатысушыларға түрлі жағдаяттық тапсырма берді. Тәжірибелі ұстаз Тұрсынай Берікбаева слайд арқылы оқушыларға келешекте сұранысқа ие болатын мамандықтарды таныстырды. Бұл жиынға арнайы келген аудандық аграрлы-техникалық колледжінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Әзиз Дүкенбайұлы бейнебаян арқылы өзіндік тарихы бар оқу орны туралы айтып берді. Осы оқу орнының ұстаздары да колледждің атқарған келелі істері жайлы жан-жақты тоқталды. Колледж оқытушылары оқушылардың қойған сұрақтарына толыққанды жауап берді. Сергіту мақсатында жасанды интеллект арқылы бірнеше оқушылардың келешек қандай мамандық иесі болатыны болжам суреттер арқылы анықталды. Мазмұнды және әсерлі өткен кездесу-тренингті мектеп директоры Бақытбек Алмағанбетов, мектеп директорының бейінді оқыту орынбасары Ботагөз Абдуллаева қорытындылап, қай мамандықты да адал, қызығушылығымен, жүрек қалауымен таңдау керек екеніне басымдық берді. Оқушыға ой салар мұндай жиындар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
Толғанай ӨТЕПҚЫЗЫ,
№109 мектептің мұғалімі Ақтөбе ауылы