БОЛАШАҒЫ ЖАРҚЫН МАМАНДЫҚ
Адамзаттың екінші ұстазы атанған ұлы тұлға әлФараби: « ... Адам кез келген жұмысқа жарамды бола бермейді. Жұмысты неғұрлым жетік және жақсы атқарса, білгір және шебер болып шығады. Қандай әрекет, қандай іс істесек те, содан рахмет табу, соның рахатын көру біздің мақсатымыз болып табылады» деп адам баласына жұмыстың маңызды екенін білдіреді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялап, жарлыққа қол қойғаны мәлім.
«Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бас тысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі. Халқымызда «Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады. Бұл түсінікті қоғам санасына сіңіру қажет. Азаматтарға құрметті атақ берудегі түпкі мақсатымыз да – осы. Бұған дейін мұғалімдерге, дәрігерлерге және мәдениет қайраткерлеріне осындай атақтар беріле бас тады. Бұл – өте жақсы бастама, оның аясын кеңейту керек. Біз түрлі саладағы мамандарға, қатардағы жұмысшыларға құрмет көрсетуіміз қажет. Бәсекеге қабілетті экономикасы бар озық ел боламыз десек, ең алдымен, адал еңбекті бағалаған абзал» деді Президент жолдауында. Яғни қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануы тиіс.
Қазақстандағы жұмысшы санатына жататын мамандықтарға келсек, олардың қатарына механик, электрик, слесар, дәнекерлеуші, столяр, кондитер, медбике, тігінші, құрылысшы және тағы басқа мамандықтар кіреді. Бұл мамандықтар өндіріс, құрылыс, қызмет көрсету және ауылшаруашылығы сияқты түрлі салаларда маңызды рөл атқарады. Ерекше айта кету керек, жұмысшы мамандықтары бағаланатын мемлекеттер, әдетте, экономикалық дамуы жоғары, әлеуметтік теңдікке көңіл бөлетін елдер. Жұмысшы мамандықтарының бағалануы – бұл елдің экономикалық, әлеуметтік және мәдени дамуына әсер ететін маңызды аспект.
Қазіргі таңда осы жұмысшы мамандықтарды даярлайтын білім ордасы – кәсіптік техникалық колледждер екені даусыз. Табысты адамдардың көбі алғашқы кәсіби білімдері мен дағдыларын колледж қабырғасында алғандарын мақтана айтады. Сондай-ақ олар жұмыс өтілдерін студенттік шақтан бастап кеткен. Иә, бүгінгі таңда кәсіби білім беру жүйесінің екінші тынысы ашылғандай. Жұмысшы мамандықтарға сұраныстың өсуі олардың кең таралуына жол ашты. Сапалы білімге деген сұраныс болған, әлі де бола бермек. Сапалы білім беру ұғымының синонимі жылдар бойы жоғары мектеп саналып келді. Алайда, ақпараттық технологиялардың дамуы, заманауи білім беру бағдарламаларының кәсіби білім беру жүйесіне енуі колледж студенттерінің санын күннен-күнге арттырды. Бұл қуантарлық жағдай. Қазір колледждерде ақпараттық және басқа да технологиялық салаларда өзекті бағыттар бар. Бұл болашақтың мамандығы деген сөз. Дұрыс таңдалған стратегияның нәтижесінде мамандықтарға деген байқаулар артып келеді.
Қазір колледжде оқудың беделі биік, болашағы жарқын. Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі – білікті жұмысшы мамандарды даярлаудың түп қазығы екендігі айқын. Сондықтан да заманауи техникалық және кәсіптік білім беретін колледждер еңбек жағдайының жедел өзгеруіне бейімделуге қабілетті, өндіріс процесіндегі заманауи өзгерістер мен жаңа техниканы меңгеруге лайықты қосымша мамандығы бар, қабілеті жоғары жұмысшы мамандарды даярлауға бағытталған. Осы тұрғыдан келгенде Байқоңыр қаласындағы «Академик С.Жиенқұлов атындағы Байқоңыр жоғары колледжі» білім беру мекемесінде «Автокөліктерге техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану», «Ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану», «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу» сынды жұмысшы мамандықтар даярланып келе жатқанына біраз уақыт болды.
Жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыру және шеберлік дағдыларын дамыту басты мақсаты болып табылатын «WorldSkills» кадр даярлаудың орнықты үлгісін құру, адами капиталды дамыту және бизнес пен кәсіптік білім беру мақсатын көздейтін халықаралық қозғалыс. Біз «WorldSkills» беделді халықаралық байқауына студенттерімізді қатыстырып, жеңістерінің куәсі болдық. Бұл студент жастардың жоғары нәтижелерінің жемісі. Жұмысшы мамандығына деген бүгінгі жастардың қызығушылығынан туындаған қабілет десек артық емес. Бұл қазіргі қоғамның әлеуетіне әбден лайық іс.
Шолпан ДӘУЛЕНБАЕВА,
«Академик С.Жиенқұлов атындағы Байқоңыр жоғары колледжі»
білім беру мекемесі директорының оқу-ісі жөніндегі орынбасары