ТІГІНШІЛІКТІҢ ТІЛІН ТҮСІНГЕН
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялап, Жарлыққа қол қойғаны мәлім. «Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі. Халқымызда «Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады. Бұл түсінікті қоғам санасына сіңіру қажет. Азаматтарға құрметті атақ берудегі түпкі мақсатымыз да – осы» деген-ді президентіміз Жолдауында. Иә, қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануы тиіс.
Қазақстандағы жұмысшы санатына жататын мамандықтарға келсек, олардың қатарына механик, электрик, слесарь, дәнекерлеуші, столяр, кондитер, медбике, тігінші, құрылысшы және тағы басқа да мамандықтар кіреді. Осы мамандықтардың ішінде тігінші мамандығы өзіндік бір өнер, күнделікті тіршілікке қажетті таптырмас мамандық десек, артық айтқандық емес. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз жас та болса осы тігінші мамандығының шебері. Ол студенттеріне дәріс беріп жүрген арнайы пән оқытушысы – Жанат Жанұзақова.
Кейіпкеріміз 2012 жылы Байқоңырдағы №274 мектепті бітірген соң, Алматы қаласындағы Алматы Технологиялық университетінің «Жеңіл өнеркәсіп бұйымдарының технологиясы және құрастырылуы» бакалавры мамандығына оқуға қабылданып, 2016 жылы «Техника-Технология» біліктілігін алып шығады. 2017 жылдан бері «Академик С.Жиенқұлов атындағы Байқоңыр жоғары колледжі» білім беру мекемесінде «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу» мамандығының студенттеріне дәріс беріп келеді.
2023 жылы ол өз білімін жетілдіру мақсатында Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университетінен «Визуальды өнер, көркем еңбек, графика және жобалау» мамандығын бітіріп, бүгінде «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу» мамандығының ізденушілеріне сол алған білімі негізінде түрлі әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, сабақ беруде.
«Отбасы – адам баласының алтын діңгегі» демекші, бүгінде Жанат Серікқызы отбасылы, 1 баланың аяулы анасы. Жұбайы Тұрар Сәрсенбаев Төретам кентіндегі №85 мектепте мұғалім.
Жаңалыққа жаны құмар жанның жетістіктеріне тоқталар болсақ, 2020 жылы облыс әкімінің Алғыс хатымен, республикалық «Білім» оқу орталығы «Жаңа горизонт» атты II Халықаралық оқушылар мен студенттерге арналған ғылыми жұмыстар байқауына студенті Аружан Әбдікәрімова қатысып, ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Сонымен қатар 2020 жылы www.tio.kz республикалық дәстүрлі Интернет Олимпиада сайты арқылы «Көркем еңбек» пәнінен ұйымдастырылған онлайн олимпиададан І дәрежелі дип ломды иеленді. 2021 жылы Ұстаздар күніне орай «Nur Otan» партиясы Байқоңыр филиалы төрағасының бірінші орынбасары М.Есбенбетовтің Алғыс хатымен, 2023 жылы «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы ерінбе» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияға белсене қатысқаны үшін облыс әкімінің орынбасары, ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртайдың Алғыс хатымен марапатталды.
Жанат Серікқызының әрбір сабағы жаңашылдыққа толы. Студенттері ұстаздың сабағына үлкен қызығушылықпен келеді. Шәкірттеріне үйретері көп ұстаздың еңбегін осындай мол тәжірибесімен бағаланатынынан көруге болады. Оның бастамасымен қазан айында «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу» мамандығының «Өнерлі ұрпақ – кемел болашақ» атты апталығында «Этно стиль» (аппликация жасау) жобасы өткізіліп, оған өңірдегі 10 мектептен оқушылар қатысып, өз жобаларын қорғап, өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Сонымен қатар қазақы құндылығымызды, ұлттық өнерді насихаттауда «Тігін бұйымдарының өрнектерін рәсімдеу» пәні бойынша өткізілген ашық сабағында қазақ халқының мәдени мұраларының бірі, ұлт өнерінің төл туындысы – киіз басу өнерін студенттерге фелтинг әдісін қолдана отырып үйретті. Білімгерлерге тігін бұйымдарының құрылымы мен өрнек сызбаларын орындауда өзіндік мол тәжірибесімен бөлісіп, мамандықты игеруге мүмкіндік берді.
Болашақ маманға саналы білім берумен қатар, дүниетанымын кеңейтіп, оларды шығармашылық бағытта жан-жақты етіп дамыту – бүгінгі күннің басты талабы. Бұл әрине ұстаздан да көп ізденісті талап етеді.
Қымбат БЕРДЕШ,
Байқоңыр қаласы