Сот отырысының хатшысы - жауапты қызметтердің бірі
Судьялардың қызметін қамтамасыз етуде маңызды рөлді сот отырысының хатшысы атқарады. Сот отырысының хатшысы лауазымына жоғары заң білімі бар не мемлекеттік қызмет өтілі бір жылдан кем емес немесе осы санаттағы нақтылы лауазымның тиісті функционалдық бағыттарына сәйкес салаларда кемінде екі жыл жұмыс өтілі бар болған жағдайда заң мамандығы бойынша арнаулы-орта білімі бар адам тағайындалады, сондай-ақ олар судьялар мен сот әкімшісіне бағынады және оларға есеп береді.
Сот отырысының хатшысы өз жұмысында Қазақстан Республикасының Конституциясын, «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық Заңын, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» және басқа да нормативтік құқықтық актілерді басшылыққа алады.
Судьяның уақытты тиімді пайдаланып, өнімді жұмыс жасауы сот хатшысының біліктілігіне, іскерлігіне тікелей байланысты. Сот отырысының хатшылары сот отырысын ұйымдастырушы мамандар. Әр процесстің уақытылы басталып, сот отырысына қатысатын адамдардың тиісті түрде хабарлануы және сот отырысына түгел қатысуы сот отырысы хатшыларының жұмысы болып табылады.
Мемлекеттік қызметкер мәртебесін қолдап отыру үшін барлық мемлекеттік қызметкерлер сияқты сот отырысының хатшыларына да қойылатын талаптар әрдайым жоғарылап отырады.
Қазіргі таңда сот жүйесінде істер «TureConf», «WhatsApp», «Zoom» сияқты мобильді қосымшалардың көмегімен онлайн форматта қаралуда. Бұл ретте онлайн сот отырысының сапалы ұйымдастырылуына сот отырысының хатшылары маңызды рөл атқарады.
Ж.Ахметова,
Байқоңыр қалалық сотының
бас маман-сот отырысының хатшысы