ЕҢБЕКТІҢ КӨЗІН ТАПҚАН, БАҚЫТТЫҢ ӨЗІН ТАБАДЫ
Жақында №199 орта мектебінде Жұмысшы мамандықтар жылына орай дөңгелек үстел өткізілді. Шараның негізгі мақсаты – мамандық таңдау кезеңінде тұрған оқушыларға бағыт-бағдар беріп, дұрыс жол таңдауына ықпал етуге, ауылдың еңбек адамдарымен әңгімелесу арқылы еңбек етудің адам өміріндегі орнын сезіндіріп, оқушылардың қоғамдағы өзгерістерге назарын аудара отырып, азаматтық позициясын қалыптастыру.
Жиынға аудан прокурорының көмекшісі Әділет Сәду, аудандық білім бөлімінің әдіскері Мейраш Әбдіхалыққызы, аудандық білім бөлімі кәсіподағының төрайымы Лаззат Серікбайқызы, Жосалы ауылдық округ әкімі Влидамир Жақсылықұлы қатысты. Оқушылар ауылдың еңбек адамдары, гидротехник Жақсылық Жалғасбаев, агроном Бүркіт Қалдашбаев, дәнекерлеуші Жанболат Байғабылов, электрик Атабай Сәнеев, механизатор Рысбек Омаров, техник-механик Бақытбек Қазиев, ағаш ұстасы Әлменбет Сәтов, инженер-техник Асылбек Мырзабаев ағалардың еңбек жолымен танысты. Сонымен қатар ол кісілердің мамандығы жайлы біліп, оның қоғамдағы маңыздылығы жайлы пікірлесіп, кеңестер алды. Дөңгелек үстел еркін форматта өтіп, қонақтардың оқушылармен етене түсінісіп, әңгімелесуіне ықпал етті. 90 жастан асқан, еңбектің үлгісі бола білген Жақсылық Жалғасбаев өз бойындағы сегіз өнердің бірін көрсетіп, терме орындаса, Бүркіт Қалдашбаев әдемі ән шырқап, жиынның көркін қыздыра түсті. Сондай-ақ мектеп оқушылары қонақтарды әсем әнімен қарсы алса, бастауыш сынып оқушылар ауыл еңбеккерлерін өлең шумақтарымен қатысушыларға таныстыра отырып, естеліктер табыстады. Ал 8-11-сынып оқушылары қазіргі трендтегі жұмысшы мамандықтары жайлы жасаған презентациясын көрсетті.
Кеш соңында «Ашық микрофон», «Ноутбук» әдістері арқылы кері байланыс жасалып, қонақтар шараны ұйымдастырған мектеп ұжымына алғысын жеткізді.
«ҚТ» ақпарат