» » Жоба аясындағы жарқын жүздесу

Жоба аясындағы жарқын жүздесу

Жалпы адам баласының арманы көп болады ғой. Ал арман адамды алға жетелеп, көптеген ерлікке, адал, батыл істерге бастау болады. «Армансыз адам – қанатсыз құспен тең» дейді қазақ халқы. Нені, қалай армандайсыз ол адамның өресіне, өзіне деген сеніміне байланысты.
Әр адамның жан дүниесінде тамыр жайған өзінің арманы бар. Ол арман бізбен бірге өседі, өркендейді. Осындай арман қуып, болашаққа қадам бастар шақта тұрған жас ұрпаққа бағыт-бағдар керек-ақ. Осы мақсатта кент орталығындағы No121 мектепте «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы негізінде аудандық прокуратураның «Армандар орындалады» жобасы аясында елге қызмет етіп жүрген мектеп түлектерімен кездесу кеші өтті. Бұл жиынға осы мектептен тәлім алып, бүгінде ел дамуы жолында түрлі салада қызмет етіп жүрген түлектер қонақ ретінде шақырылды. Одан бөлек, аудандық білім бөлімінің әдіскері Ақтолқын Тоқшылықова, аудандық прокуратураның прокуроры Нұржігіт Шаймахан, аудандық ата-аналар комитетінің төрағасы Мағауия Әлиев, мектепішілік ата-аналар комитетінің төрағасы Асқар Дәулетбаевтар, мектептің 9-10-11 сынып оқушылары қатысты.
Оқушыларға ой салар бұл жиынның басты мақсаты – мамандық таңдау кезеңінде тұрған жас буынға бағыт-бағдар беріп, дұрыс жол таңдауына ықпал ету. Елге еңбек етудің адам өміріндегі орнын сезіндіріп, оқушылардың қоғамдағы өзгерістерге назарын аудара отырып, азаматтық позициясын қалыптастыру.
Мектеп оқушыларының әдеби монтажымен шымылдығын түрген жиын бейнесәлемдемемен жалғасты. Онда Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас әскери-медициналық басқармасының өкілі, денсаулық сақтау ісінің үздігі, Біріккен Ұлттар Ұйымының миссиясына еліміздің тарихында алғаш қатысушы – бітімгерші әскери-дәрігер, 2019 жылғы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы, медицина қызметінің полковнигі Сәулет Қалдашев өзінің мектептегі оқушы күндерінен бастап, қазіргі жеткен белесі туралы әңгімеледі. Жастарды оқуға, еңбек етуге, елді сүюге, мамандық таңдауда қателеспеуге шақырды. Ал No121 мектептің түлегі, бүгінде ұстаз, ең алғашқы «Үздік аттестат» иегері Эльвира Сыздықова өзі білім алған мектебі, ұстаздық жолдағы өнегелі істерін атап өтті. Туған елге, жерге, білім ордасына деген құрметі ерекше екенін оқушыларға түсіндіре алды. Бұрын мектеп оқушылары Эльвира Құрмантайқызын тек ұстаз ретінде таныса, енді ұстаздарының да осы мектептің түлегі екенін біліп, мамандығына деген адалдығын аңғарды. Бүгінде аудандық К.Рүстембеков атындағы Жыраулар үйінің көшін бастап отырған жырау Айгерім Ешбаева да осы мектептің түлегі екенін мақтан тұтатынын атап өтті. Мектеп уақытында өнер мен білімді қатар игеріп, жан-жақты болудың пайдасын тілге тиек етті. Сөз соңында қонақкәде ретінде жырдан шашу шашып, көп көңілін көтерді. Ал осы мектептің түлектері бүгінде аудандағы қоғамдық даму бөлімінің басшысы Нұрлыбек Сайымов оқушы кездегі қызықты естеліктермен бөліссе, аудандық полиция бөлімі, Жергілікті полиция бөлімшесінің бастығы, полиция капитаны Қуандық Ермаханов мамандығының қыр-сырымен бөлісті.
Оқушылар мектеп түлектеріне өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, еркін пікір алмасты. Кеш қонақтары аудандық, мектепішілік ата-аналар комитетінің төрағалары ақ тілектерін жаудырып, жас буынға жылы лебіздерін білдірді. Өткен мен бүгінді салыстыра отырып, өнегелі әңгіме өрбітті. Кешті қорытындылаған аудандық прокуратураның прокуроры Нұржігіт Шаймахан мен аудандық білім бөлімінің әдіскері Ақтолқын Каналбекқызы оқушылардың өмірден өз орнын табуы үшін білім алуға, жаңа дүниені меңгерудің ешқашан кеш еместігін тілге тиек етіп, өмірдің жаңа кезеңіне қадам басқалы отырған түлектерге сәттілік тіледі.
Мағыналы жиынды түйіндеген мектеп директоры Мұхтар Жұматаев уақыт бөліп арнайы келген кеш қонақтары мен мектеп түлектеріне ризалығын білдіріп, алғыс айтты. Түлектер мен оқушылар арасындағы жарқын жүздесу жастар үшін пайдалы болғаны анық. Олар өз арман-мақсатына жетуге болатынын, тек еңбек етіп, іздену керектігін түсінді. Өз саласының білікті мамандары қай салада еңбек етсе де, елге қызмет ету алғашқы орында екенін жастар санасына сіңіре алды деген ойдамыз. Себебі кездесуге келген оқушылар түлектердің өмірі, мамандығы туралы ойларын бір дем- мен тыңдады. Мұндай өнегелі әңгімеге, келелі кеңеске толы кездесулер алдағы уақытта да жалғасын табатыны сөзсіз.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
10 қараша 2024 ж. 65 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 74

Сұхбат

ӨНЕР АЙДЫНЫНЫҢ БҰЛАҒЫ
19 қараша 2024 ж. 131

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 272

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930