Су - тіршілік көзі
Су – тіршілік көзі. Онсыз өмірді елестету қиын. Су Жер шарының 3/4 бөлігін алады. Тіршілік құбылыстарының бәрі судың қатысуымен жүреді, табиғаттағы барлық тіршілік атаулының құрамына кіреді. Тірі ағзалардың 60-70 %-ы, ал өсімдіктердің 90 %-ы судан тұрады.
Аудан тұрғындарын ҚР Су ресурстары және Ирригация Министрлігінің «Қазсушар» ШЖҚ РМК Сыр суы филиалының «Қармақшы ауданы оқшау сумен жабдықтау жүйелерінің пайдаланушы өндірістік бөлімшесі», «Қармақшы ауданы Төретам кенті және Ақай ауылдық округінің оқшау сумен жабдықтау жүйелерінің пайдаланушы өндірістік бөлімшесі» және «Октябрь топтық су құбыры» бөлімшелері ауыз сумен қамтамасыз етіп отыр.
Орталықтандырылған су жүйесі дегеніміз – бұл, су көздерінен су алуда оның сапасын жақсартуды немесе онсыз, суды сақтауды, ауыз су пайдаланатын орындарға беруді қарастыратын, елді мекендерді сапалы ауыз сумен жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етуге арналған шаралар мен құрылғылар, құрылыстар және су құбырларының кешені болып табылады.
Су сапасының үлкен гигиеналық маңызы бар. Ауыз судың стандартта көрсетілген нормативтерге сай екенін суға химиялық, - бактериологиялық, радиологиялық зерттеу жүргізіп анықтайды. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 24 қарашадағы №ҚР ДСМ-138 бұйрығы және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2023 жылғы 20 ақпандағы №26 бұйрығына сәйкес ауыз су және тұрмыстық қажеттіліктерге арналған судың сапасына қойылатын гигиеналық талаптар эпидемиологиялық қауіпсіздік, химиялық құрамының зиянсыздығы және қолайлы органолептикалық қасиеттері принципіне негізделген. Ауыз су сапасын бақылау – мониторинг жүргізу арқылы қамтамасыз етіледі.
Тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамту және жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында Қармақшы ауданы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы ауыз су және ашық су сапасына санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг жүргізіліп, жіті бақылануда. Мәселен, 2024 жылдың 12 айында Қармақшы аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасымен Қармақшы ауданының сумен қамтамасыз етілуіне мониторинг жүргізу аясында орталықтандырылған су құбырынан 150 су сынамасы алынып, микробиологиялық көрсеткіштерге және санитариялық-химиялық көрсеткіштері бойынша сараптама жүргізілді, оң нәтижелер анықталмады. Сонымен қатар, орталықтандырылған ауыз су жүйелеріне 2024 жылдың көктем-күз уақытында су құбырларын хлормен залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді.
Тұрғындарды сумен қамтамасыз етудің негізгі шарты – ауыз судың сапасы мен қауіпсіздігі, яғни микробиологиялық және санитариялық-химиялық көрсеткіштер бойынша санитариялық талаптарға сәйкестігі. Себебі ұйымдастырылмаған суды тұтыну, су тазартқыш құрылыстарындағы, су құбырындағы техникалық бұзушылықтар, қарапайым жеке гигиена ережелерін сақтамау жұқпалы аурулардың пайда болуына әкелуі мүмкін.
Адам денсаулығы ауыз су сапасына тікелей тәуелді. Сондықтан су сапасының үлкен гигиеналық маңызы бар. Ауыз судың стандартта көрсетілген нормативтерге сай екенін суға химиялық-бактериологиялық, радиологиялық зерттеу жүргізіп анықтайды. Судың органолептикалық қасиеті мөлдірлігімен, дәмімен және иісімен сипатталады. Судың химиялық (минералдық) құрамы 85%-ға дейін кальций, магний, натрий катиондарынан, гирокарбонат, хлорид, сульфат аниондарынан тұрады. Қалған бөлігі аммоний, калий, нитрит, фосфат аниондарынан және микроэлементтерден (фтор, йод, цинк және т.б.) тұрады. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 24 қарашадағы №ҚР ДСМ-138 бұйрығы «Ауыз су және шаруашылық-тұрмыстық суды пайдалану қауіпсіздігі көрсеткіштерінің гигиеналық нормативтерін бекіту туралы» бұйрығына және Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 16 наурыздағы №209 бұйрығы "Су көздеріне, шаруашылық-ауыз су мақсаты үшін су жинау орындарына, шаруашылық-ауыз сумен жабдықтауға және суды мәдени-тұрмыстық пайдалану орындарына және су объектілерінің қауіпсіздігіне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларын бекіту туралы бұйрығына сәйкес санитариялық норма мен ережесіне сай ауыз су ретінде қолданылатын су эпидемиологиялық радиациялық жағынан зиянды емес және органолептикалық қасиеті жақсы болуы қажет.
Судың мөлдірлігі судың құрамындағы қалқып жүрген заттарға байланысты. Ауыз су ретінде қолданылатын судың мөлдірлігі 30 см тереңдікте судың астына қойлған белгілі шрифтпен жазылған жазу көрінетіндей болу керек.
Судың түсіне ашық және терең емес жер асты суларынан алынған судың құрамында топырақтан жуылған гуминді заттардың болуы, су гүлденген кезде және ашық су көздері қалдық сулармен ластану әсерінен болуы мүмкін. Судың түсі нормада 20-35°тан көп болмауы керек. Судың дәмі мен иісі судың құрамындағы өсімдік тектес органикалық заттардың болуына байланысты, олар суға батпақтың, шөптердің иісіндей иіс береді. Сонымен қатар судың иісіне және дәміне судың өндірістік қалдықтармен ластануы да әсер етеді. Суды зерттеу кезінде иісінің қарқындылығын және сипатын анықтайды. Ауыз су ретінде қолданылатын судың иісі мен дәмінің қарқындылығы қазіргі кезде қолданып жүрген нормативтерге сай 2 балдан көп болмауы керек.
Санитарлық норма мен ережеге сай су химиялық құрамы жағынан зиянсыз болу керек және табиғи судың құрамында кездесетін заттар, суға өңдеу процесінде қосылатын реагенттер, адамдардың іс-әрекет нәтижесінде суды ластайтын заттардың мөлшері стандарттағы нормативтерге сай болуы керек.
Гигиеналық жағынан маңызы жоғары болып келесі көрсеткіштер саналады.
Темір көбіне жер асты суларының құрамында темірдің дигидрокарбонаты түрінде кездеседі. Су ауамен қатынасқа түскенде темір тотығып, темірдің гидрооксидіне айналады. Ол суға лайлы қоңыр түс береді. Егер судың құрамында темірдің мөлшері 0,3-0,5 мг/л-ден көп болса, судың органолептикалық қасиеті нашарлайды, ал оның мөлшері судың құрамында 1-2 мг/л болған кезде, лайлылық пен түсінен басқа судың дәмі де өзгереді. Нормада темір мөлшері-1 мг/л ден көп болмауы керек.
Хлоридтер. Жай ағынды сулардың құрамында көп емес мөлшерде 20-30 мг/л дейін кездеседі. Құрамында хлордың мөлшері 350-400 мг/л болса, онда суда тұзды дәм пайда болады. Ол асқазан сөлінің бөлінуіне теріс әсер етеді. Стандартқа сай судың құрамында хлоридтер нормада 350 мг/л ден аспауы керек.
Сульфаттар. Өзен суларында және тұзды көлдердің шөгінділерінде тұрақты түрде кездеседі. Судың құрамында сульфаттардың мөлшері 500 мг/л болса, суда ащы-тұзды дәм пайда болады. ол асқазан сөлінің бөлінуіне теріс әсер етеді. Мұндай суды бұрын қолданбаған адамдарда диспепсия болуы мүмкін. Стандартқа сай судың құрамында сульфаттардың мөлшері 500 мг/л ден аспауы керек.
Фтор қосылыстары құрамындағы фтор ионы сүйектің және тістің минералдануына қатысады. Су құрамындағы мөлшері нормада 1,2-0,5 мг/л болу керек. Егер суда фтордың мөлшері 5 мг/л дейін көтерілсе ол адамдар арасында сүйектердің зақымдануын туындатады (остеосклероз, остеопороз).
Сумен қамтамасыз ету көздерін сақтық санитарлық бақылау - санитарлық қорғау аймақтарын (СҚА) ұйымдастыруға негізделген. Санитарлық қорғау аймақтары деп сумен қамтамасыз ету көздерін және су тазалау стансасы айналасындағы аймақты айтады. Бұл жерде арнайы тәртіп бекітіледі, оның мақсаты халыққа берілетін су сапасының нашарлауының алдын алу. Бұл тәртіп аймақтың санитарлық жағдайын жақсарту шараларын жүргізуде ғана емес, қоршаған ортаның жаңа ластау көздерінің пайда болу мүмкіндігінің алдын алу болып табылады.
Ауыз судың құрамына жұқпалы аурулардың қоздырғыштары түскен жағдайда, ауыз суды қайнатылмаған күйде пайдалану адам денсаулығы үшін қауіпті. Себебі су арқылы іш сүзегі, тырысқақ, дизентерия,вирусты гепатит А сияқты жұқпалы аурулар тарайды. Әртүрлі жұқпалы аурулардың басым көпшілігі ауа, тамақ, ауыз су арқылы жұғатынын ескерсек, бұл проблеманың шын мәнінде қаншалықты өзекті екенін байқаймыз.Сол себепті ішерге азық, дертке дауа болатын, жуынсақ тазалық сыйлайтын, қарапайым тіршілік көзіне де ұқыптылықпен қарағанымыз жөн.
А.Әбжаппарова,
Қармақшы аудандық санитариялық-эпидемиологиялық
бақылау басқармасының басшы орынбасары