ЕСІРТКІСІЗ ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ
Есірткі мәселесі бүгінгі күні ауданымыз бойынша аса өткір де, өзекті де мәселеге айналып отыр. Ол тек медициналық тұрғыдан ғана емес, жалпы әлеуметтік тұрғыдан да көкейкесті мәселенің бірі болуда. Себебі, нашақорлыққа тәуелді он адамның тоғызының іс жүзінде толық емделіп кетуі екіталай. Олардың көпшілігі 40 жасқа дейін де өмір сүрмейді.
Есірткіге тәуелді адамдардың отбасында қақтығыстар, оқу орнында немесе жұмысында қиындықтар көбейеді. Өз туыстарына және өзінің міндеттеріне немқұрайлы, жауапсыз қарай бастайды, моральдік тұрғыдан құлдырайды. Жеке тұлғалық ажыраумен қатар, ағзалық және психикалық деңгейде күрделі аурулар туындайды. Есірткінің алғашқы белгілері кетіп, сабырлығы жоғалады, оны тұрақты түрде іздеумен болады. Дозаның көлемін ұлғайту нәтижесінде өз іс-әрекетіне деген бақылауын жоғалтып, ал мөлшерден тыс қолдану өлімге алып келеді. Есірткіге тәуелділік көбіне қылмыстық іс-әрекеттермен ұштасады.
Сол себепті халық денсаулығына әсер ететін ауыр қылмыстардың алдын алу бағытында аудандық прокуратураның бастамасымен «Есірткісіз аймақ» жобасы аясында уәкілетті орган өкілдерінен құралған жұмысшы топпен аудан аумағындағы жерлерді арнайы құралдарды пайдалану арқылы аралау жұмыстары ұдайы жүргізілуде.
Нәтижесінде, 2024 жылы құрамында есiрткi заттары бар, өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi заңсыз егіп-өсірудің алты фактісі анықталып, Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 300-бабымен қылмыстық істер тіркелді.
Осы баппен тіркелген істердің барлығы айыптау актісімен сотқа жолданып, соттың айыптау үкімі шығарылған.
Атап айтқанда, Қармақшы ауданының тұрғыны «А» есімді азамат Жосалы кентінде орналасқан өзінің үй ауласына 1 түп құрамында есірткі заты бар өсіруге тыйым салынған сора өсімдігін егіп өсірген.
Тергеп-тексеру нәтижесімен аталған қылмыстық іс сотқа жолданып, сот отырысында айыпталушы «А» есімді азамат өзінің іс әрекетін толық мойындап, шын ниеттен өкінетінін көрсеткен.
Айыпталушы «А» есімді азаматқа қатысты қылмыстық іс Қармақшы аудандық сотына жолданып, соттың үкімімен айыпталушы Қылмыстық Кодекстің 300-бабы 2-бөлігімен кінәлі деп танылып, үш жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына сотталды.
Бұдан бөлек, Қармақшы аудандық прокуратурасының бастамасымен есірткі және есірткі жарнамасына қатысты қылмыстарға қарсы «Нашақорлыққа жол жоқ» акциясы жарияланып, іс-шаралар жоспары бекітілді.
Жоспарға сәйкес, жастарды спортқа тарту, салауатты өмір салтына баулу бағытында оқушылар арасында марафон, түрлі спорт түрлерінен жарыстар (футбол, волейбол, баскетбол, гандбол, шахмат), айтыс, жайдарман, сахналық қойылымдар, сурет салудан және шығарма жазудан байқаулар, аудан көлемі бойынша жазба ақындар арасында мүшәйра, сонымен қатар, мемлекеттік мекемелер және білім беру ұйымдары арасында түрлі флешмобтар өткізілді.
Сонымен қатар, аудандық прокуратураның қызметкерлерімен әлеуметтік желілерде есірткі қылмыстарының жарнамасына қатысты мониторинг жұмыстары жүргізілді.
Нәтижесінде, есірткіні жарнамалайтын «Наркосайттар» анықталып, ҚР Қылмыстық Кодекстің 299-1-бабы 2-бөлігі 4)-тармағымен қылмыстық істер тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп тексеру жұмыстары жүргізілуде.
Айта кетсек, есірткіні заңсыз жарнамалау ауыр қылмыс санатына жатады, яғни Қылмыстық Кодекстің 299-1-бабы үшін 6 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне есірткі, психотроптық заттардың, сол тектестердің, пре курсорлардың және күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.
Аталған Заң бойынша есірткі өндіру мен өткізуді ұйымдастырушыларға жауапкершілік қатаңдатылды.
Енді бұл қылмысқа қатысы бар тұлғаларға мүлкін тәркілеп, 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Жоғарыда атап өткендей, есірткінің заңсыз айналымына қатысты қылмыстар үшін қатаң жаза көзделген.
Құрметті аудан тұрғындары, сіздерді келешек ұрпақтарымыздың өмірі мен болашағына бей-жай қарамай, қоғамды улайтын ауыр қылмыстардың алдын алу бағытындағы жұмыстарды бірлесе атқаруға шақырамыз.
Ол үшін есірткі қылмыстары туралы кез-келген ақпаратты құқық қорғау органдарына хабарлауды сұраймыз.
Н.ШАЙМАХАН,
Қармақшы аудандық прокуратурасының
аға прокуроры