ІЗГІЛІК ГҮЛІ ҚАЙДА ӨСЕДІ?
Өмір деген Алланың бізге берген ең алғашқы тамаша сыйы. Ол ақ пен қарадан тұратын зебра емес. Ақ пен қарадан тұратын қызығы мен шыжығы, жеңісі мен жеңілісі қатар жүретін шахмат жүрісі. Бірінші Алланың, екінші ата-анамыздың берген осындай сыйын асыл қазынамыздай бағалай білуіміз керек.
Шығыстың ғұламасы философ Әбу Насыр әл-Фараби «Бақытқа жол сілтеу» кітабында «Өмірге келген әрбір адам бақытты болу үшін өмір сүреді. Ал бақытқа жету үшін үш түрлі деңгейден өтеді. Олар әрекет, жан эффектісі, ақыл-парасат. Адамға қонған бақыттың тұрақты болуы жақсы мінез-құлқына байланысты. Мінез бен ақыл жарасса, адамгершілік ұтады. Жылт еткен жылтыраққа қызыққыш тұрақсыз көңіл емес, көркем мінезбен ұштасқан ақыл-парасат иесі ғана бақыт сырын ұғады» дейді. Адамның игі қылықтары мен жақсы әрекеттерін жасауға көмектесетін жан қасиеттері – ізгілік. Әл-Фараби «Адам бойына дарыған бұ дүниеде тиесілі бақытқа жетуіне, о дүниеде асқан рахатқа кенелуіне септігін тигізетін төрт түрлі нәрсе бар. Олар: теориялық ізгіліктер, ойшылдық ізгіліктер, этикалық ізгіліктер, практикалық өнерлер» десе, ақын философ Ж.Баласағұн «Кісіге екі дүниеде де пайдалының біріншісі – ізгі іс және мінез түзулігі. Екіншісі – ұят. Үшіншісі – әділдік. Бұл үшеуі арқылы адам шын бақыт табады» деген екен.
Демек, түсінігімізше жеке бас тұрғысынан қарағанда бақыт дегеніміз – адамның адамгершілігіне негізделеді. Жақсы игілікті ісімен, жақсылық жасауымен жетеді. Оған мінез-құлқы, сабырлығы, жомарттық пен қайырымдылығы жатады. Сонымен бірге алдына қойған өз мақсаты болса, оған жету жолында көп еңбектенсе жетеді. Осы орайда өз ата-анам туралы ой шертсем. Себебі менің білуімдегі асыл жандар, осы кісілер.
Әкем де, анам да ғасырға жуық өмір сүрген жандар. Он баланың алды 70-тен, кенжесі 50-ден асқан шақтарында дүниеден озған. Ата-ана қасиетті шаңырақтың негізін қалаушы, ұрпақ жалғастырушысы, олардың баянды өсіп жетілуіндегі үлкен тірегі десек, біздің жарқын болашағымызға жол көрсетіп, бойымызға имандылықтың басты шарттарын дарытқан да осы жандар. Бізді тәрбиелеудегі мейірім мен ықыласқа толы кең жүректері мен ақыл-парасаттылығын ойлағанда оларды мақтан тұтамын. Жоғарыдағы айтылған әйгілі ақынның даналық сөздері тура менің ата-анама арналғандай елестетемін.
Ізгілік – бұл күрделі ұғым, ол сәбидің бойында ананың құрсағында жатқаннан бастап дариды. Демек, ізгілік гүлінің түп тамыры аналардың жүрегінде мекен еткен. Осы ізгіліктің яғни «Ізгілік гүлінің» қайда мекендеп, қалай шығатынын 60- тан асып, жан-жағыма мән беріп қараған шағымда шынайы түсінгендеймін.
Біз шыр етіп дүниеге келгеннен бастап ананың ақ сүтінен нәр, жүрегінен нұр аламыз. Отбасында балаға үлкенді сыйлау, кішіге ізет көрсету сияқты имандылық тәрбиесін берсе ізгіліктің фундаменті қаланады. Анамыз ата-баба аманатын өмірден кеткенше берік ұстанған. Ұстай отырып, «неге» деген сұрақтарымызға себебін, қасиетін түсіндіретін. Үйдегі үлкен бабаның, кісінің шапанын түнде болсын жамылып шықпау, кебісін кимеу, үлкеннен бұрын асқа қол салмау, балаға мейірімсіз болады деп ортан жіліктің майын жегізбеу секілді әдемі әдепті үйретті. Кісі келгенде «бөлмелеріңе барыңдар, әңгімесін тыңдауға, жағаласып сөйлеуге болмайды», «тізеден жоғары киюге, ретсіз кез келген ортада күлуге болмайды», «ұят болады» деген сөздерді анамыздан еститінбіз. Біздің құлағымызға сіңген. Өкінішке орай қазіргі қоғамда «ұят» деген сөз жоғалды ма, мүлдем алынып тасталды ма, білмедім. Олай дейтінім, қоғамдық орындарда, жиын-тойларда болсын бейәдеп сөйлейтін, ашық-шашық жүретін, жастар былай тұрсын ақ жаулықтылар да есірленіп билейтіндерді әлеуметтік желіден байқап қаламыз. Шынымды айтайын қарауға ол емес, мен ұяламын.
«Ұят» сөзін көп айтатын анамыздың бір қызығын айтайын. Соңғы уақытта түс көрдім дей ме, 1-2 күндей ауырыңқырап жатып қалды. Бүкіл ұл-қыз, келіндерін жан-жақтан шақырып алды. Екі келін екі жағында. Барлығымыз қаумалап отырмыз. Түннің бір уағы болатын. «Балаларым маған имам Шарафаддинді шақыршы «Ясин» сүресін оқысын» деді. Бәріміз қорқа соқтап отырмыз. Имам нақышына келтіріп сүрені оқыды. Бір кезде анамыз басын көтеріп келіндеріне сыбырлайды. «Шарафаддиннен ұят болды-ау, мен әлі тірімін» демесі бар ма? Ал кеп күлеміз бе, жылаймыз ба? Ол ол ма? «Айналайын, Шарафаддин рахмет, ұят болды» деп қалтасынан теңгесін беріп жатыр. Оған Нұрлыбек баласы жиенге «Апам саған бұл бергені бензин пұлың. Апам «қыңқ» десе келе бер дегені» деп күлкіге қарқ қылғаны бар. «Өлімнен ұят күшті» деген осы емес пе екен.
Осындайда аяулы анашымның ізін басқан ауылдағы өмірінің ақырына дейін достықпен, сыйластықпен татулықпен өткізген сүйікті келіндері мен құдағайларын да айтпай кетуге болмайды. Ойлап отырсам барлығы да 8, 10, 12 бала өсіріп, бабалар жолын керемет ұстанған. Балаларынан бақыт тапқан жүректерінде ізгіліктің дәні мекен еткен Ғалия, Бапан, Үміткүл және Нағима сияқты асыл жеңгелерім мен Патыма, Меңлеш және Аманкүл аналарымыз бала тәрбиелеудің тамаша үлгісін көрсетті. Бүгінде ұрпақтары өнегелі отбасыларға айналып келеді.
Бұл кісілердің көрегенділігі сол үйге келгенде әр бөлмеге адам болсын, болмасын иіліп сәлем бермей кірмейді. Тіпті бір жеңгемді «Белі бүгіліп қалған жеңгем» деп әзілдеймін.
«Басып келеді анашымның ізінде,
Келіндердің генералын білдің бе?
Иіліп абысынға сәлемін сала-сала,
Бүгіліпті-ау қыпша белі бүгінде».
Сәлем салу, сәлем беру деген ең ізеттіліктің шыңы емес пе? Бір-біріне, қайын сіңлілеріне арнаған аттары бар. Шын аттарымыз аталмайды. Бұл – сыйластықтың, ізгіліктің көрінісі.
Біздер анамыздан кесте тігуден бастап, киіз үйдің жабдықтарын басқұр, бау, ши тоқу, киіз басу, тағы басқаны үйрендік. Өзіміздің қолымыздан жабдықтадық. Сол бұйымдарды әлі күнге дейін пайдаланып келеді. Бұл өнерді бізге үйретудегі мақсатын бүгін түсініп отырмын. Алғашқысы бос уақытты тиімді пайдалану болса, қолөнермен айналысқан қыз баланың ойын бөгде нәрсе алаңдатпайтыны тағы бар. Одан бөлек жауапкершілікті арттырып, көркемдікке, әдемілікке баулыды. Ең бастысы, ұлттық құндылығымыз қолөнерді ұрпақтан-ұрпаққа жалғауға үлес қосты. Ата-анамыз бізді отырғызып қойып ақыл айтпайды. Олар өздерінің игі істерімен бұл істі бізге дарыта білді.
Рас, қазіргі заманның жас аналары, өз қыздарымыз да мұндай тірлікпен айналыссын демеймін. Заманға сай қолөнердің түрлері де, берері де көп. Осындай тәрбиелік мәні бар құндылықтар дамытылса деймін. Тәрбиелік мән-мағынасы жоқ ақша табудың жолы деп мазақ болып тик-токта жеңіл «өнер» көрсеткенше, рухани азық болатын жағын дамыту керек.
Жылылықтың ұясы перзент үшін ананың алақаны емес пе? Қазір өзіміз немере сүйіп, әже санатына енсек те, әсіресе шаршағанда анам Зинараптың құшағын аңсаймын. Кейде рас, пендеміз, анамыздың қабағына кірбің түсіріп те аламыз. Сол кезде жас балаша бұртиып, үндеместен қалады. Бірақ бір-екі күн көрінбесең, бәрін ұмытып «Келдің бе, қарағым-ау» деп жүзінен мейірім шапағаты төгілетін. Осы бір «қойшы, апа» деген сөзді неге айттым екен деп қатты өкінесің. Ол сөздің қалай әсер ететінін балалы болғанда біледі екенсің.
Байқайсыз ба, біздер бұрын мынау «біздікі», «біздің» деп өстік, қазіргі баладан «менікі», «өзім білем» деген сөздерді естиміз. Ел іші былай тұрсын, бір тамырдан таралғандар арасында да тас бауырлар, өзімшіліктер көбеюде. Отбасындағы тәрбие мектебінің директоры –аналар, әжелер деп айтуға әбден болады. Өйткені үйдегі ұл мен қыз баланы ғана емес, келіні мен немерелерін де тәрбиелейді.
«Бүкіл өмір аналардан жаралған,
Төгіледі жүзінен ізгі үміт.
Аналардың жүрегінен таралған,
Игілік пен ізгі ниет ізгілік».
Ұят – ұядан. «Қыз тәрбиелі болса, келін өнегелі болады. Келін өнегелі болса, ана парасатты болады. Ана парасатты болса, әже данышпан болады» деген дана халқымыз. Қазіргі жаҺандану кезінде ұлттың анасына айналатын қыз тәрбиесіне жауапкершілікпен қарау тек отбасы емес, тәрбие ортасы – мектеп, қоғам болып атсалысу керек сияқты. Өз болашағымызды ойласақ. «Тәрбиелі қыз», «Өнегелі келін», «Парасатты ана», «Данышпан әже» айдарында әр ауылда іс-шаралар, пікір алмасулар, тағы басқалары өткізіліп тұрса нұр үстіне нұр болады.
Салтанат ТУЛЕПОВА