» » Қоғам кеселімен күрес

Қоғам кеселімен күрес

Әр қоғамның өзiнiң бас ауыртар iрi-iрi мәселесi болады. Қоғам өркендеп, адам ой-санасы дамыған сайын оған төнер кесел де ғаламаттай қуаттанып, бой бермес бас асаудай күшейе түсетiн түрi бар. Өкiнiштiсi сол, қарап отырсаңыз осындай ем қонбайтын дерттердi адамдар өздерi ойлап табады.
Әлемді жайлаған нашақорлық дерті күн сайын тамырын тереңге жайып барады. Бұл «жұқпалы ауруға» Қазақстан да шалдыққан. Ол уақыт озған сайын асқынып бара жатыр деп айтуға болады. Оған түрлі себеп бар. Ең негізгісі – есірткі және психотроптық заттарға қолжетімділік. Бұған дәлел – күн сайын әртүрлі есірткі немесе психотроптық заттармен ұсталғандар жайлы ақпараттар. Есірткі заттарды қолданатындардың басым көпшілігіне мектеп жасындағы бойжеткендер мен бозбалалар жатады. Өйткені жасөспірімдер еліктегіш келеді, сондықтан бір рет есірткіні қолдансам, ештеңе ете қоймас деп, қалай нашақор болғанын білмей қалады.
Ал есірткінің қармағына бір іліккен адам, одан оңай құтылып кете алмайды. Нашақорлық дертіне шалдыққан адам онсыз өмір сүре алмайтындай күйге түсіп, өзінің денсаулығын, өмірін құртып қана қоймай, жақындарының, қоршаған адамдардың өміріне де қауіп төндіреді. Осыған орай аудан көлемінде «Нашақорлыққа қарсы бір айлық акция» ұйымдастырылуда. Білім ошақтары мен рухани орталарда түрлі семинар, дөңгелек үстелдер мен іс-шаралар өтуде. Болашақтың қамы үшін ұйымдастырылған іс-шара кент кітапханасында өтті. Онда «Нашақорлық – ғасыр дерті» тақырыбындағы кітап көрмесі мектеп оқушыларына таныстырылды. Басты мақсаты – нашақорлықтың алдын алып, салауатты өмір салтын насихаттау.
Бұл көрмеге қоғамдық даму бөлімінің теолог маманы Рахат Бақытжанұлы мен С.Есқараев атындағы No27 мектептің оқушылары қатысты. Іс-шараны бастаған кент кітапханашысы Ақкүміс Қарашаева оқушыларға ғасыр дерті туралы ақпар берді.
– Нашақорлық – есірткі заттарына патологиялық құмарлық. Ол – бүкіл қоғамның қасіреті, болашағымызға қауіп төндіріп тұрған індет. Нашақорлыққа көбінесе жасөспірімдер шалдығады, алайда осы кезде ересектер арасында да есірткінің тұзағына түсіп қалған адамдар көбейіп келеді. Нашақорлық – жеке тұлғаның толық бұзылуы. Есірткіге тәуелді адам бірте-бірте өзін-өзі сыйлауды қойып, өзінің адамгершілік қасиеттерін жояды. Психикасы қалыпты болмай, достарынан, отбасынан айырылады, мамандық ала алмайды және қоршаған адамдарға, өзіне зиян келтіреді, – деген Ақкүміс Қарашаева жеткіншектерге уақытын тиімді пайдаланып, зиянды әдеттерден аулақ болуды кеңес етті.
Кітапхана оқырмандары көрмеге шолу барысында кітапхана қорындағы денсаулық, экология, салауатты өмір салты, нашақорлық және оның зияны туралы кітаптармен танысты. Кітап көрмесінен зиянды әдеттерге қатысты оқулықтар орын алды. Сондай-ақ адамзатқа нашақорлықтың зардабы, салауатты өмір, есірткіні қолдануға қарсы ұстамдылыққа шақыру туралы мерзімді басылым беттеріндегі мақалалар ұсынылды. Оларға кітапханашы Ғазиза Ақжанова библиографиялық шолу жасады.
Оқушылар бұл көрмеден нашақорлықтың негізгі белгілері, есірткі түрлері, есірткінің зияны, нашақорлықтың алдын алу туралы мағлұматтар алды. Кітапхана қызметкерлері нашақорлықтың әлеуметке ортақ мәселе, әлі де бұл тақырыптың өткір болып отырғандығын ескеріп, жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
01 желтоқсан 2024 ж. 49 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№95 (10360)

30 қараша 2024 ж.

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 444

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 518

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031