» » Әке жиналысқа барасыз ба?

Әке жиналысқа барасыз ба?

Фото
Тақырыпты оқып селт еткен боларсыз. Қарап отырсақ, ата-аналар жиналысына баратын әкелердің қатары аз. Неліктен? Бұл – көптен елдің көкейінде жүрген мәселе. Психолог мамандар баланың тұлға болып қалыптасуында әкенің рөлі ерекше екенін алға тартады. Ынжық, жігерсіз, пайдасыз іске әуес жас буынның көбеюі де бала тәрбиесіндегі әке орнының бос қалуымен байланысты екені айтылуда. Бұған әкелерді кінәлай аламыз ба? Өкінішке қарай, әкелердің көбі жұмысбасты да, аналар үйде бала тәрбиесімен айналысады. Өкініштісі, кей әкелер перзентінің сабағын қадағаламақ түгілі, нешінші сыныпта оқитынын да білмейді. Бұл қатты айтқандық емес, айналамыздағы шындық. Тарқатып көрейік...
Әке – асыраушы
Әр тоқсан біткенде ата-аналар жиналысы өтеді. Бара қалсаңыз, бірен-саран әке немесе ылғи аналар отырады. Жуырда мен де қызымның жиналысына бардым. Бір ата мен бір әкеден басқасының бәрі нәзікжандылар. Бұл жағдайға тіпті таңқалмайтын да болдық.
Негізі, бала тәрбиесі – әке-шешеге ортақ парыз. Алайда күнделікті өмірде бала тәрбиесінде аналар белсенділік танытып, әкелер күйбең тірліктің, жұмыстың қамымен жүріп қалуы үйреншікті жағдайға айналып барады. Тойтомалақта да әйелдер бір қолына баласын көтеріп тұрып тілек айтады. Көшеде, автобуста баласын жетекке алып, екінші қолына азық-түлігін көтеріп, арқаланып жүреді. Әлеуметтік желідегі оқырмандарымызға «Неліктен бала тәрбиесінде әкелер белсенді емес, отбасы мүшелері неге әкеге тек асыраушы ретінде қарайды?» деген сұрақты қойып көрдік.
– Қызым 11-сынып оқиды. Бірінші сыныптан бастап, жиналысына негізінен әкесі қатысады. Қыздар әкесіне жақын болады ғой. Мектепте өтетін қоғамдық іс-шараларда көбіне әкесін күтеді. Өзінің жетістігін әкесі келіп көрсе деп армандайды. Ал ұлдарым төменгі сыныпта менің бақылауымда болады. Жоғары сыныпқа көшкенде мінезі өзгере бастайды. Анасын тыңдағысы келмейді. Осындайда әкенің балаға көп көңіл бөлмегені аңғарылады. Әкенің ескертуі, арасында кейіп алуы керек-ақ. Сондықтан, әкелер перзенттің қадірін білгені жөн. Әкесі көңіл бөлмеген бала жаман әдетке әуес болады. Ұлдарды патриоттыққа тәрбиелеуде әкелердің көмегі ауадай қажет. Мәселен, мектептерде түрлі қорқынышты жағдайлар орын алып жатыр. Әке көрген ұлдар кез келген жағдайда мектепте қауіпсіздікті қамтамасыз ете алады. Жақында ата-аналар жиналысына жолдасым екеуміз бірге бардық. Байқасам, оқушылардың аналары, әпкелері, әжелері жиналды. «Сыныпта ұл балалар көп сияқты. Бұл оқушылардың әкесі қайда?» деп едім, көпшілігі «Әкелері жұмыста, уақыты жоқ» деді. Бірақ ол жиналысқа келген аналардың жартысынан көбі жұмысынан сұранып келіп отырғандар. Сонда әкелерге баласының сабағын білу үшін бірер сағат сұрануға болмай ма? Меніңше, ер баланың өмірінде әке маңызды орын алуы керек, – дейді Айнұр Нығметова.
Ал сауалымызға құлақ түрген мұғалімдер қауымы мектепте, балабақшада толық емес отбасылардың қатары көбейгенін де жасырмады. Оқушы, тәрбиеленушілердің көбін анасы жалғыз бағып-қағып, өсіруде. Әкелер қауымының басым бөлігі вахталық әдіспен басқа қалаларда, кейбірі тіпті шетелдерде жұмыс істейді. Сол себепті, әкелердің біразы бала тәрбиесін аналардың мойнына артып қойған. Кейбір әкелердің үйде бар-жоғы да білінбейтін кездер де кездеседі екен.
– Мектепте ата-аналар, әсіресе әкелермен іс-шара мүлдем өтілмейді емес, жылдық жоспарымызда бар. Тек бір қынжылтатыны, сыныбымдағы оқушылардың жартысына жуығы толық емес отбасында тәрбиеленетіні. Мектепте ұйымдастырылған іс-шараларда әкесі жоқ оқушылар тыс қалып жатады. Бірде кішкентай ұлымның балабақшасындағы ертеңгілікке бардым. Әдемі костюмшалбар киген әкелер өз бүлдіршін қыздарымен ортада әдемі вальс биледі. Бір сәтте сол топ арасындағы бір бүлдіршін жылай бастады. Бәріміз бұрылып кішкентай қызға көңіл аудардық. Сондағы қыздың «Менің де осылай билегім келеді. Бірақ әкем жоқ...» деп булыққандағы түрі әлі көз алдымда. Жүрегіміз ауырып, біз де көзімізге жас алып қалдық. Әкелерді көптеп мектепке тартуға кейде осындай себептермен бас тартуға тура келеді, – дейді ұстаз Нағима Ерғалиева (аты-жөні өзгертілді)
Анадан – мейірім, әкеден – талап
Ана баланың материалдық, рухани қажеттіліктерін бердім дегенмен әкенің орнын толтыра алмасы анық. Ана балаларына «болмайды», «құлап қаласың» деп өбектеп жүріп, жанаяр, ынжық, болбыр жігіт тәрбиелегенін сезбей қалады. Ал әке баласына еркіндік беріп, шектен шығып кетпеуін қадағалайды. Өмірді көзімен көріп, көңіліне түйіп, еркін өскен бала өз әрекетін сырттай бағалап, барлық жағдайда дұрыс шешім қабылдайтын азамат болып өседі. Батыстың бір ойшылы мынадай тәжірибені ұсынған. Әке баласын аулаға ойнауға жіберерде «Мына ауланың қалаған жерінде құмарың қанғанша ойна. Бірақ өзге аулаға кетіп қалма» десе, бала өзіне таңдау еркіндігі берілгеніне мәз болып, ауланың бұрыш-бұрышында ойнаса да өзге аулаға кетпейді екен.
Кейде әлеуметтік желіде, қоғамдық көлікте, көшеде сызылып, қыз секілді сөйлеп тұрған жас жігіттерді де байқаймыз. Оның үстіне, қазір кейбір ер азаматтар әңгімені әйелдерден көп айтады. Қалай болғанда да, әке айбарын, әке мысын сезініп өскен балалардың болмыс-бітімі бөлек келеді. Әкенің адуынды дауысын естіп өскен бала майысып сөйлемейді. Баланың физикалық, рухани жағынан бекем болып ержетуіне әке ғана ықпал ете алады. Тәрбиенің түп тамыры – әке институты. Отбасында, қоғамда әке рөлі жыл өткен сайын төмендеп бара жатқаны қынжылтады. Өйткені, жауапкершілігі төмен ер-азаматтар армиясы пайда болуда. Олар ұнамаса, отбасын тағдыр талқысына тастап, кете барады. Жауапкершілік жүгін арқалағысы келмейді. Осындай жайттардың бәрі қоғамдағы әке беделінің төмендеуіне сеп болуда. Өз заманында «Әкелі бала – жаужүрек, жиын тойға барады, төрден орын алады, бітіреді жұмысын, тастан да өткізер жебесін, әкесіз бала – сужүрек, жиын тойға барады, босағада қалады» деген Бұқар бабаның өнегелі сөздері бала тәрбиесінде әкенің орны маңызды екенін нақтылайды.
Мектепте де ер мұғалім қат
Білім ордасында шәкіртке сабақ беретін мұғалімдер және мектеп директорлары мен орынбасарларының дені – әйелдер. Шынында, үйде де, мектепте де әйелдің тәрбиесін көріп өсіп келе жатқан бала, әсіресе ұлдар ертең елге тұтқа бола ала ма? Бұл – үлкен мәселе.
Қазір де ұстаздың ұлағаты, тәлімі мен тәрбиесі, білімі мен білігі азайған жоқ. Бірақ өкінішке қарай, мұғалімдерге деген қоғамдағы көзқарас өзгерген секілді. Ел арасында мұғалімдіктен гөрі табыстылау өзге мамандыққа ұмтылу жағы басым. Қазіргінің ақсақалдары атам айтқандай «мұғалім бол» деп бата бермейді, «прокурор бол, генерал бол» деп бата беруі мүмкін. Прокурор, генералың былай тұрсын, нарық заманының табиғатына сәйкес «кәсіпкер бол» деген де тілек айтылып жатады. Біз бұл кәсіптердің қай-қайсысын болсын жамандаудан аулақпыз. Бәрі ел игілігіне қызмет ететін, көптің кәдесіне жарайтын шаруа. Әйтсе де, бізге мұғалімнің мұңы, мұғалімнің жан дүниесі өзгеден гөрі жақынырақ.
– Мектептердегі ер мұғалімдердің азаюы – алаңдатарлық жағдай. Егер ұлттың келешегін ойласақ, мектептегі ер мұғалімдердің санын арттыру аса маңызды міндет екенін ескерген жөн. Балаларға білім және тәрбие беруде азаматтардың көмегі ауадай қажет. Өйткені оқушыларға ілім-білім беруде нәзік жандылардың жай сөзі әсер ете бермейді. Әсіресе, ұл балалар әйел мұғалімдерден қаймықпайтыны рас. Ал ер мұғалімнің «тәйт!» деген сөзінің өзі талай балаға тоқтау бола алады. Жалпы, психологияда әйелдердің науқандық істерде қағілездік танытатыны, ал ер-азаматтардың әр істің нәтижесін ойлауға бейім екені дәлелденген. Сондықтан да еркектер әйелдерге қарағанда байсалды болып келеді. Ал бұл қасиет бала тәрбиесі мен білім беру саласында аса қажет. Бұл ретте ер-азаматтардың бала тәрбиесіне араласпауы қателік болады деуге әбден негіз бар, – дейді психолог Арай Каналбекова.
Психологтар ер адамның бала тәрбиесіне араласпауы қателік десе, мұғалім азаматтар жалпы бұл мамандыққа талап білдірушілердің де аздығын алға тартады.
– Білім беру ұйымында ер ұстаздардың көптеп болуы саладағы көп мәселенің шешіміне айналары анық. Соның бастысы – тәртіп. Ер адамның сөзі салмақты, ойы өтімдірек болуы балаға тәрбие тағылымды тез игеруіне жәрдемдеседі. Байқасаңыз, ер мұғалім тапсырған жұмысты мектеп оқушылары жылдам орындап, уақытылы бітіруге талпынады. Бұл – қорқу сезімі емес, табиғаттың адам бойына берген қасиетінің ұшқыны. Себебі әйел болмысы мейірбан қасиетке толы болса, ер адам темір тәртіптің символына айналған. Осы орайда қоғамда мектептердегі ер мұғалімнің жетіспеуі әке рөлінің төмендеуіне әсер етіп жатыр деген ұстанымды тудыруда. Әйел образы алдыңғы орынға шығып, оқушылардың гендерлік қабылдау сүзгісі сан-саққа кетуде. Сондықтан мектептердегі ер мұғалімдердің санын көбейту – кезек күттірмейтін қадам, – дейді №85 мектептің директоры Жасұлан Жұматайұлы.
Ал аудандық білім бөлімінің мамандары «Педагогикалық оқу орындарына барып жатқан жастарымыз да көп емес қой. Әрине бала тәрбиесі үшін ер мұғалімдердің рөлі жоғары екенін түсінеміз. Бірақ өкінішке қарай, жоғары оқу орнын бітірген азаматтардың көбі мектепке жұмыс істеуге бара бермейді» деген пікірде.
Шешімді кім шығарады?
Бұл ретте өзге халықтардың тәжірибесіне көз жүгіртсек. Мәселен, орыс халқында бала тәрбиесіне кішкентай кезінде 70 пайыз анасы, 30 пайыз әкесі жауапты болады. Бала 12-13 жасқа келгенде тәрбиесіне әкесі мықтап кіріседі. Ал Еуропада баланың өсуіне, дамуына бар жағдай жасағанмен, арадағы мейірім, достық жағы әлсіз. Себебі, бала туғаннан-ақ бөлек жатады. Мұның жақсы һәм жаман жағы бар. Кемшін жағы – бала қырқынан шықпай жатып анасынан бөлек төсекте жатқандықтан, ана мен баланың қарым-қатынасы суық болады. Ал мұсылман халықтарында керісінше, бала бес-алты жасқа келгенше бауырына басып, екі жасқа дейін ана сүтімен тамақтандырады. Мұның орны тіпті бөлек.
Ер баланы азамат етіп өсіретін темірқазық – әке. Қыз балаға құрмет те әкелер арқылы қалыптасады. Сондықтан да, мектеп ұжымдары отбасында, жалпы қоғамда құлдырап кеткен әке беделін көтеру мақсатында жұмысты мұқият қолға алуы тиіс. Әр отбасы әкеге деген құрметті өздерінен бастап, мұғалімдермен тығыз байланыста болуы шарт.
– Үш балам мектепте оқиды. Үш ватсап тобымыз бар. Кейде болмайтын нәрсені шеше алмай дал боламыз. Дауласып та қаламыз. Сондайда ер азаматтардың табанды шешіп тастайтын батылдығы жетіспейді. Кейде олар жақсы баға немесе Алғыс хат алып келіп, әкелерін түннің бір уақытына дейін күтіп отырады. Екі ұлым әкесі жоқта менің сөзімді тыңдағысы келмейді. Әкелерінсіз есейіп келеді. Әкесі жалғыз жұмыс істейтіндіктен, оған салмақ салғымыз келмейді. Арасында ұлдарымның бойынан ынжықтықты байқаймын. Бір-бірімен болмашыға таласып, ұсақтық танытып та қалады. Әкесі көбірек көңіл бөлсе, бала ер мінезді болып өседі екен. Бес күндік оқу жүйесі жақсы болды. Екі күн үйде. Әкесімен сөйлесіп, мауқын басады. Кей дамыған елдерде жұмыс уақытын ұзартып, 4 күн жұмыс істеп, 3 күн демалады екен. Бізге де осы жүйе келеді деп естіп, қуанып едік. Бірақ, әлі хабар жоқ. Сол тәртіп енсе, ғажап болар еді, – дейді жас ана Нұрай Бекенова.
Түйін Ұлдың да, қыздың да тәрбиесінде әкенің рөлі зор. Ана баласына жан жылуын, мейірімін төксе, әке баланың өз-өзіне сенімді тұлға болып қалыптасуына жол ашады. Сарапшылардың зерттеуінше, әр бала мектептегі қоғамдық іс-шараларға ата-анасының келіп қатысқанын іштей күтеді екен. «Ата-аналар жиналысына, іс-шараларға кімнің келгенін қалайсыз?» деген сауалға он баланың жартысынан көбі «Әкемнің келгенін қалаймын» деп жауап берген. Бұған сіз не дейсіз, құрметті оқырман? Соңғы рет ата-аналар жиналысына қашан қатыстыңыз?!
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА
06 қараша 2024 ж. 164 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.
Хабарландыру

Хабарландыру

18 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 085

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031