ОРДЕНДІ КІТАПХАНАШЫ
Оқушыларға рухани байлық сыйлап, ғылым мен білімнің терең сырынан сусындатар мәдени орын – мектеп кітапханасы. Кітапханада жұмыстар жасай отырып, босаған уақытымда мұражайға берілген көптеген мақаланы қызыға оқитыным бар. Бірде кітапхана саласына көп еңбек сіңірген Рахия Есмаханова апай туралы жазылған мына бір үзіндіге көзім түсті.
«Мектеп ауласында үпір-шүпір балалардың ортасында әңгіме өткізіп тұрған ананың ақ шашы күмістей жылтырайды. Ол балаларға мейірім көзімен қарап «Ал Абай атаның өлеңін кім оқыды?» дегенде, қаз-қатар тұрған балалар «Мен, мен...» деп шулай жөнелді. Енді бірі «Ғылым таппай мақтанба, Өнер таппай баптанба....» деп өлеңді бастай кетті» деген көңілге жылу ұялататын үзіндіні оқып өзімнің балалық шағым ойыма оралды.
Бұл кісі біз мектепте оқыған шақта кітапханашы еді. Балаларды білімге құштар қыламын деп бар ғұмырын кітапхана саласына арнаған жан туралы жазбаққа қолыма қалам алдым. Әңгімеме арқау болған кітапқа құштар жан – Рахия апай. Бұл кісі өзі сүйген мамандығының бар қиындығына шыдаған жан. Тіпті соғыс өрті шалып, ел амандығын тілеген 1946 жылдың шілде айында Ақтөбе ауылдық кеңесіне қарайтын алғашқы «Қызыл бұрышта» кітапханашы болған. Одан кейін осы бұрыш негізінде «Ақжар» кеңшарында оқу үйін ашады, араға біршама уақыт салып кітапхана болып қалыптасады.
Апайымыз бір естелігінде «Алғашқыда кітап саны 20-30 дана болды. Ал айлық небәрі 36 сом. Бірақ біз күн-түн демей үгіт жүргізіп, халықтың сауатын ашуға көмектесетінбіз. 1957 жылы Дауылкөл ауылдық кеңесі құрылып, «Ақжар» кеңшары орталық болды. Ауылдық кітапханада 600-ден астам кітап қоры бар еді. Ауыл еңбеккерлерінің оқуға деген ынтасы зор болатын. Кітапты дорбамен, кейін көлік көбейген соң машинамен жүріп диқаншы, малшы жанынан табылатынбыз» деп қалдырыпты.
Әрдайым ауыл кітапханасының кітап қорын толықтырып, ауылдастарын кітап оқуға шақырған Рахия апайдың еңбегі елеусіз емес. 1967 жылы «Құрмет белгісі» орденімен марапатталса, 1970 жылы «Лениннің 100 жылдығы» мерекелік медалін тағынған. Ал 1980 жылы КСРО Мәдениет министрлігінің қаулысымен «Мәдени қызметтің үздігі» атағын алса, 1981 жылы көп жылғы еңбегі ескеріліп облыстық мәдениет басқармасының «Алтын кітабына» есімі жазылды. Біз Рахия апайды аудандағы кітапхана ісін бастаушылардың бірі деп танимыз. Өз ісіне жауапкершілікпен, жұмысына махаббатпен қарайтын Рахия Есмаханова қаншама баланың сауат ашып, көңіл көкжиегін кеңейтуіне себепші болған жан. Сондықтан мұндай жандар есімі әрдайым ел есінде жаңғыра бермек.
Айгүл ҚҰТТЫБАЙҚЫЗЫ,
No28 орта мектептің кітапханашысы