МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ – МАҚТАНЫШЫМ
Соңғы жылдары елімізде қазақ тілінің қолданыс аясы кеңейіп келе жатқаны байқалады. Барлық қызмет көрсету орны қазақ тілді мамандармен толықтырылып, ол жерде қазақ тілінің қолданылуы басты назарға алына бастады.
Кез келген түйткілді бір ауыз сөзбен түйіндеп, мақал-мәтелмен айналасына ой салып отырған халқымыздың данышпандығына, парасаттылығына еріксіз таңданасың. Ұлы ойшыл, этнограф Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы «Түрік тілінің ішіндегі гауһары – қазақ тілі» деп таңданысын білдірсе, атақты түркітанушы, шығыстанушы Йоханнес Бенцинг «Ғылыми, әдеби тілдік және тарихи тұрғыдан қарағанда қазақ тілі түркі тілдерінің ішіндегі өте әсем, өте бай тілдердің бірі» деп қазақтың тіліне деген құрметін ашық жеткізген. Соның дәлеліндей, қазақтан басқа бірде-бір түркі тілдес халықта он томдық түсіндірме сөздік жоқ. Ал бұл он томдықтағы сөздер қазақтың тілдік қорының молдығынан толық хабар береді. Мұндай құнды дүние тек қазақ халқында ғана бар, бұл тек осы ұлтқа ғана тән рухани байлық.
Мемлекеттік тіл – ұлттық сананың кілті. Тілді сөйлеу арқылы санамыздың бір түкпірінде жатқан өткен тарихқа деген қөзқарасымызды түзейміз, келешекке деген сеніміміз ұлғаяды. Осындай құдіреттің арқасында қазақ тілі ұлт болмысын ұғындырып, жалпы жұртты төңірегіне топтастырып, біріктіріп отыр. Ұлтқа тіліне қымбат ешнәрсе болмауы тиіс. Бір ұлттың тілінен – сол ұлттың шежіресі, тарихы, мәдениеті мен өзіндік мінезі айнадай көрініп тұрады. Мәселен, қазақтың тілінен қазақтың кең байтақ сайын даласын, аспанмен таласқан асқар тауларын, жасыл-желек ормандары, буырқанып сарқыраған асау өзендері мен көз тартар айдын көлдерін, қайыспас қайсар мінезі мен көшпенділік тұрмыс-салтын айқын аңғаруға болады. Оған көз жеткізу үшін алысқа барудың керегі жоқ. Дала заңын дара заңға айналдырған әділ билер бүгінгі судьяларға тамаша үлгі. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» дегенді әділ төрелігімен ғана емес, кестелі сөз, кесімді ойымен мойындатқан дана билердің шешендігі, ділмарлығы кімге болса да өнеге.
Тәуелсіздік алғалы қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту мақсатында мемлекет тарапынан нормативтік-құқықтық актілер, оны кешенді іске асыруға бағытталған бағдарламалар қабылданып, түрлі іс-шара атқарылуда. Ол мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, тіл мәдениетін одан әрі арттыруға ықпал етті. Ал сот жүйесіндегі қазақ тілінің рөліне келетін болсақ, сот саласында сот ісін жүргізу тілін белгілеу тәртібі ҚР азаматтық процестік кодексінің 14-бабында нақты көрсетілген.
Заң талабы бойынша, сот ісі сотқа құжат берілген тілде жүргізіледі. Әрбір азамат істі өзінің ана тілінде немесе өзі білетін басқа тілде жүргізеді. Әрбір азамат істі өзінің ана тілінде немесе өзі білетін басқа тілде жүргізуді талап етуге құқылы және өздері білетін басқа тілде мәлімдеме жасау, түсініктер мен жауаптар беру, өтініш білдіру, шағым жасау, іс материалдарымен танысу, сотта сөз сөйлеу және кодексте белгіленген тәртіппен аудармашының қызметін тегін пайдалану құқығы түсіндіріледі. Сол сияқты онымен қамтамасыз етіледі.
Тіл – тек қарым-қатынас құралы ғана емес, ол – ұлттық діліміздің көрініс табатын әлеуметтік құбылысы, мәдениетіміздің биік тұғыры. Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әр азаматының парызы мен міндеті.
«Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген халқымыздың ұлы ағартушысы Ахмет Байтұрсынұлы. Өз тілін, әдебиетін білмеген, қадірлемеген адамды толық мәнді интеллигент деуге болмас. Сол себепті еліміз дамып, мемлекетіміз өркендесін десек, әуелі ұлтты ұйымдастырудың құралы болып отырған қазақ тілінің мәртебесін көтеруде белсенділік танытуымыз керек. Егер адам өзге тілді білетін болса, ол рухани бай адам. Өйткені сол тіл арқылы басқа халықтың мәдениетін, дәстүрін үйренеді, басқа тілді үйрену арқылы танымы кеңейеді.
Сондықтан «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деп ақын Қадыр Мырза Әлі айтқандай, ең алдымен өз ана тілімізді құрметтеуге міндеттіміз.
Қ.МЫХАНОВ,
аудандық соттың төрағасы