» » Ниет болса, бәріне үлгеруге болады

Ниет болса, бәріне үлгеруге болады

"Кәсіпке әркімнің-ақ бар таласы" демекші, ересектермен қатар жастардың да кәсіп ашып, дамытып жатқанын қоғам көріп отыр. Талабы таудай жастардың шынымен де алмас қамалы болмайды. Тындырымды да тиянақты ісімен үлесін қосып жүрген жастарымыз ауданымызда да аз емес. Солардың бірі – бірнеше тірліктің тізгінін ұстаған Таңшолпан Карабек.

"Бірнеше" деген сөзді бекерге айтпадық. Расында да Таңшолпан сіңіліміз өзі жанымен қалаған медбикелік қызметті де, Байқоңыр қаласындағы әйелдер киім-кешек сататын дүкенін де, былтырдан бастап Төретам кентінен денсаулыққа байланысты кешенді қызмет көрсететін салонын ашып, кәсіпкерлікті де қатар алып келеді. Мақтағанымыз емес, замандастары екі қолға бір күрек таба алмай сабылып жүргенде, мұндай тірлікті ерлікке балағанымыз да жөн-ау!

Т.Сұлтанбекқызы 1999 жылы Байқоңыр қаласында туған. Осындағы М.Әуезов атындағы №6 орта мектепті бітіріп, Байқоңыр медициналық техникумынан "Медбике ісі" бойынша мамандық алады. Денсаулық саласындағы алғашқы еңбек жолын бастаған 2018 жылы бастап, әуеліде жеке клиникалардың бірінде қызмет етсе, бүгінде ракета ұшыру алаңында мамандығымен абыройлы еңбек етіп жүр.

Қазақтың қажырлы қызы кәсіпкерлікке бір күнде келе салмаған. Өзінің айтуынша, отбасылы адамдардың бір айлыққа қарап отыруы – заманға сай емес. Қолдан келгенше тырбанып, алға қарай тырмысу керек. Ол кәсіпкерлікті осыдан 6 жыл бұрын бастаған. Байқоңырдан қыз-келіншектер мен әйелдерге арналған киім дүкенін ашып, елге қызмет көрсетуді дұрыс шешім деп тауыпты. Тауар қамымен қалаларға барғанда құрбылары мен жақын әпкелері оны қыдыртып, көптеген аурудың алдын алуда денсаулыққа бағытталған кешенді  тынықтыру, массаж қабылдау орталықтарына апарады екен. Осындай сәттерде оған тың идея туып, Төретамнан салон ашуды бір жарым жыл жоспарлап жүріпті.

– Мамандығым медицина қызметкері болғасын адамдарға пайдам тисе екен деп жүремін. Жалпы кәсіпті 19 жасымда бастағанмын. Киім дүкенінің жұмысын дөңгелетіп алып кеттім. Дегенмен, тағы да кәсіп ашуға белімді будым. Астана, Алматы, Қызылорда, тағы басқа да қалаларға дүкенге зат сатып алуға қатынаймын. Сондайда құрбыларым мені салонға апарып, тынықтыратын. Жаның жайланып, керемет күйге бөленесің. Кәдімгідей жеңілдеп, жаның сергіп қалады. Неге басқа адамдар да осындай ем-шара қабылдап, демалмасқа деген ойда ұзақ жүрдім. Кез келгеннің қалаға барып, кешенді тынығуына, ем қабылдауына мүмкіндігі бола бермейді ғой. Үйдің қасынан тура барғанға не жетсін? "Сабақты ине сәтімен" дегендей, өткен жылы соның сәті түсіп, "Ауыл аманаты" бағдарламасымен 5 млн 200 мың теңге жеңілдетілген несие алып, көптен ойда жүрген кәсібімді ашудың реті келді. Төретам кенті әкімшілігінің маманы Айгерім Абдухамитқызына жолығып, кеңес алдым. Ол да өз тарапынан түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, көмегін берді. Қандай құжаттар дайындау керек екенін айтты. Кепілге үй қойып, арманымның орындалуына қадамдар жасалды. Бизнес жобамды былтыр желтоқсанда Қармақшы ауданында қорғап, несиеге қол жеткіздім, – дейді ол ризалық сезіммен.

Қаражатына кәсіпке керекті жуыну кабинасын, массаж жасайтын керуеттер, фитобөшке, басқа да құрал-саймандарын алған. Қазір ол ғимаратты 1 жылға келісім-шартпен жалға алып, жұмысын  жүргізуде.  

– 10 жұмыс күнінде қаражат бірден есепшотқа түсті. Салонда 11 адамды жұмыспен қамтып отырмын. Олардың қатарында әкімшілік басшысы, массаж жасайтын 2 ер кісі, техникалық қызметкер және қалғаны массаж жасаушы әйел кісілер бар. Бізде массаждың көптеген түрі жасалады. Шығыс массажы, балмен, отты, ыстық тастармен секілді түрлерге бөлінеді. Қызмет алушыларға арнайы кесте қойылып, сол арқылы қабылданады. Халықты үйретіп жатырмыз. Жергілікті тұрғындардан бөлек, Қызылорда, Атырау, Жосалы кентінен де тұтынушыларымыз қалыптасқан.

Маған бір қызығы, отбасында әкемнің қолдауы күшті болды. Басында ата-анам онша түсінбей жүрді. Кейін салонға шақырып, қандай қызмет көрсетілетініне көздері жетті. Түсінбейтіндері де себепсіз емес. Мұндай салондар тек үлкен қалаларда ғана ашылған. Біз жақта болмағасын екінің бірі біле бермейді. Осы кезде енді түсініп жатыр. "Жақсы нәрсемен айналысып жатыр екенсің" деп ақ баталарын берді.
Болашақта тағы да салонды кеңейтіп, басқа да массаж түрлерін қоссам деген жоспарда жүрмін. Әлі де қажетті, жетіспейтін заттарым бар. Соларды алсам деймін. Бізге келушілер процедура барысында шөлдеп, су сұрап жатады. Соған мұздатқыш, тер шығаратын, суықты алатын термокөрпелер керек. Сөзімді қорыта келе мемлекетіміздің қолдауына кәсіпкер ретінде ризашылығымды білдіремін. Ниет болса, бәріне үлгеруге болады. Жаспыз. Жастықтың өзі үлкен күш. Осы орайда жастарға жасалып жатқан мүмкіндікті қоғамның жас мүшелері  бос жібермей, пайдаланып қалса, нұр үстіне нұр болар еді, – дейді кәсібі шираған кейіпкеріміз.

Таңшолпан отбасында жары Рауанмен бірге 2 кішкентай бүлдіршін тәрбиелеп отырған жас ана. Үкіметтің де жұмысын істеп, екі бірдей кәсібіне үлгеріп, уақыт табатын оның ісіне сүйсінбеу мүмкін емес. Тек тіл-көзден аман болсыншы!

Сәрсенкүл АҚКІСІ
  
27 тамыз 2024 ж. 153 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 252

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 352

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930