Алаяқтың айласы таусылар емес
Өмірде ақ пен қара бірге жүреді, деп жатамыз. Халқымыз өмірдің осы мағынасын бір ғана тәмсілге сыйдыра білген. Бала кезден «біреудің ала жібін аттама» деп жамандық жолынан сақтандырып, тыйым салған. Ала жіп – ақ пен қараның, бар мен жоқтың бір-бірінен ажырамайтындығының символы. Ғаламның торына байланған ғаламда адамдар тіршіліктің дұрыс тәсілін ұмытқан сыңайлы. Арсыз іс істегеніне арланатындар да азайып бара жатыр. Иә, қазір бәрінің қолында смартфон. Оған жіпсіз байланып қалғандар аз емес. Жасы да, жасамысы да әлеуметтік желіні жиі пайдаланады. Ондағы дәйексіз деректерге алданып қалады көбі.
Қарапайым халықты айналдырған бірнеше секундтың ішінде «жарқылдаған» жарнамасымен баурап, оңай олжаға айналдырған алаяқтар азаймай тұр. Жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүріп, жеңіл ақшаны көздеп жүрген алаяқтар саны көп қазір. Соңғы кездері «несиені жауып береміз», «сіз ұтысқа ие болдыңыз», «ақшаңды екі еселендір» деген сынды уәдені үйіп-төгетін адамдар өзінің құрбанын оңай қақпанға түсіреді. Онсыз да қажып жүрген кейбір жандар мұндай батпанқұйрықтан қалай бас тартсын?! Тіпті бәзбіреулер әлгі алаяқтарға еш ойланбай сұраған қаражатын ұстата салады. Сақ болмасақ, айналамызда олар өріп жүр.
Қулықтың құрбаны болма
Қазіргі таңда алаяқтардың түрі өте көп. Олардың ішінде электрондық пошта, лотореялық, жарнамалық түрі кең тарағаны. Бұл амалдар арқылы алаяқ аңқау адамдарды құрығына түсіріп, атынан несие рәсімдеп немесе банк картасындағы қаржысын қалтасына басады. Олар алдау үшін түрлі айла-тәсілдер қолданады. Ығына жығылған жанның қолындағысын қағып кетуге дайын тұрады.
Алаяқтардың арбауына түсіп қалып жатқан адамдар аз емес. Олардың торына кез келген адам түсіп қалуы мүмкін. Алданғандардың сөзін естісек, сенуге тұрарлық дүние еместей көрінеді. Әйтсе де олардың да өз жоспары, ойлаған «құрығы» болады.
Технология қаншалықты дамығанымен интернет алаяқтарды құрықтау қиынға соғады. ІТ саланы меңгерген алаяқ болса, оны анықтау тіпті қиын. Қазіргі заман ағымында кез келген адам сайт, қолданбалы желі аша алады. Неліктен және қандай мақсатпен ашатыны ешкімді алаңдатып жатпайды.
«Бейтаныстан келген бейнеқоңырауға жауап бермеңіздер» деген хабарлама жиі таралып жүр. Бәзбіреулер осы қоңырауға жауап беремін деп қақпанға түсіп, алданып қалғанын айтады. Камераны қосқан кезде алаяқтар жауап берушінің жүзін «сканерлеп», оның атынан онлайн несие рәсімдейтін көрінеді.
Беймәлім хаттарды ашпаңыз,
сілтемелерді баспаңыз
Бұдан бөлек фишинг, интернет арқылы қайыр сұрау, телефон-алаяқтық, SMS-алаяқтық арқылы жасалатын қылмыстар да бар екен. Фишинг – интернет пайдаланушының жеке мәліметін (логин мен пароль) жасырын алу болып табылады. Алдымен түрлі тақырыпта, қызықтыратын электронды хабарлама таратады. Осы орайда, айта кететін нәрсе, электронды адресіңізге, поштаңызға өзіңізге қатысты емес, сіз білмейтін мекен-жайлардан келген хатты ашпаңыз. Егер сол хаттың ішінде көрсетілген сілтемені бассаңыз болды, сіздің компьютеріңізге вирус кіріп кетуі мүмкін. Вирус кірмесе де, сілтеменің ішінде «Қауіпсіздікті сақтау үшін логин мен пароліңізді қайта енгізіңіз немесе өзгертіңіз» деген сияқты жазу болады. Сонда логиніңіз бен пароліңізді жазсаңыз – осы мәліметтеріңізді алаяқтардың қолына ұстаттыңыз деген сөз.
Қоңырау «құрығы»
Алаяқтардың ең көп қолданатын әдісі – алдап несие рәсімдеу. Олар бірінші кезекте сізден өзіңіздің жеке басыңызға қатысты ақпараттарды, цифрларды сұрайды. Осы жерде қаперге ұстайтын басты ереже мынау. Банк қызметкері азаматтардан ешқашан сізге қатысты банкке мәлім ақпаратты, яғни ЖСН, карточка нөмірін, есепшотыңызды сұрамайды. Өйткені ол ақпараттар сіз қызмет алатын банкке мәлім ақпараттар. Банк төлем картасын берген кезде, банктік есепшот ашқан жағдайда екіжақты шарт жасалып, ол шартта қолданушы өзінің келісімін береді. Және банк ол мәліметтерді жарияламау туралы міндеттеме алады. Көп жағдайда адамдар өз-өздерін ұстап береді.
Бүгінде алаяқтық әрекеттердің көбі қоңырау арқылы орын алып жатады. Иә, соңғы жылдары банк қызметкерлерінің атынан жасалған телефон арқылы болатын алаяқтық жиілеп кетті. Қылмыскерлер көбіне нөмірді ауыстыру қызметін пайдаланады.
– Бірде бейтаныс нөмірден бір кісі қоңырау шалды. Әдетте мұндай қоңыраулар жиі түсіп тұрады. Бірақ тұтқаны көтере бермеймін. Сондай қоңыраудың біріне жауап бергенімде танымайтын бір адамның атын айтып, соның берешек қарызы бар. Егер төлемеген жағдайда есеп шотыңыз бұғатталады деді. Бүгін кешкі сағат 18.00-ге дейін деп қатаң ескертіп қояды. Қапелімде мұндайды күтпеген біраз абдырап қалғанымды да жасырмаймын. Артынан бірнеше рет хабарласты, көтермедім. Әдепкіде «бұғатталады» дегеннен үркіп қарағаным бар. Бұл халықтың жанды жері ғой. Бұғаттауға түссе, ешқандай аударым жасай алмай «кәріп» болып қаламыз емес пе?! Кейін жолдасым да «қой, бұлай алданба» алаяқтардың ісі деп басу айтты. Бірақ ешқандай есеп шотымда өзгеріс болған жоқ. Соған сеніп ақша аударып опық жеп қалар ма едім. Сол үшін қоңыраудан түскен әңгімеге сене бермеу қажет, – дейді Гүлсезім Ахметова.
Кейде «адамнан айла асқан сайын ақымақтар көбейе ме?» деген сауал туындайды. Өйткені, адамдар сақ болудың орнына не болса соған сеніп, сан соғып қалып жатады. Әсіресе, халық «тегін», «арзан», «акция» деген жарнамаларға әуес… Бірақ «тегін ірімшіктің» қайда болатыны белгілі ғой?!
Аудандағы ахуал
Бүгінде ауданымызда алаяқтықтың алдын-алу шаралары жиі жүргізілуіне қарамастан, адамдар телефон арқылы ақша жымқыратындарға алданып, сан соғып қалуда. Аудандық полиция бөлімі азаматтарға өте сақ болуға және құқық қорғау органдарының кеңестеріне немқұрайлы қарамауға ұдайы кеңес беріп отырады. Құжаттарды рәсімдеуде, несиелер мен тұрғын үй, әлеуметтік көмек алуда және тағы басқа күмәнді қызметтерді ұсынатын бейтаныс адамдарға сенушілік танытудың қажеті жоқ екенін ескертеді. Сала мамандары дербес деректерді, карталардың мәліметтерін, кодтарды және құпия сөздерді ЖСН мәліметтерін ешкімге бермеуге, хабарламауға, белгісіз әрі тексерілмеген сайттар арқылы алдын-ала төлем жүргізбеуге, күмәнді мәмілелер бойынша ақша аударымдарын жүзеге асырмауға, ұялы телефон мен компьютерге белгісіз қосымшаларды орнатпауға кез келген сілтемелерге өтпеу қажет екенін қаперде ұстауды баса айтады.
– Былтыр «ақшаңды еселеп аласың» деген жарнамалардың бірін естіп жақын туысым қояр да қоймай ақша салдырып еді. Қызымның еміне деп жинап отырған 200 мың теңге ақшам бар-ды. Жетпегенін өзі қосты. Сонымен бас-аяғы 300 мың теңге ақшаны салып жібердік. 5 млн теңгеге дейін береді тек сәл шыдап күту керек деді. Арада біраз уақыт өткен соң қайта жазып сұрай бастады. «Күтесіңдер, кезекпен беріліп жатыр» деп жылы жауып қоя салды. Тағы да біршама уақыт өткен соң, қоңырауға жауап бермей жоғала бастады. Кейін шағым түсіріп, барлығын қаз-қалпында баяндап бердім. Тексеру жүргізіліп жатыр. Алаяқты табу, іздеу уақыттың еншісінде. Біреуге ақшаңа желініп қалған оңай нәрсе емес. Оның үстіне емге деп жинаған қаражатым еді. Туыстардың арасында ақша жүргені де қиын. Арадағы алауыздықтың шеті шығып кетеді. Біраз жақынымнан осындай алаяқтардың ісінен кейін қатыспай кеттім, – дейді кент тұрғындарының бірі.
Осы секілді алданып қалғандар көп. Бірі осылай қаражатын өз қолымен берсе, енді бірі – алаяқтың арбауымен несиеге кіріп жатады. Бірақ біреудің алған ақшасын төлеуге мәжбүр.
Түйін
Бүгін әлеуметтік желінің әмірі жүріп тұрған уақыт. Тіпті желіде қақпақ жоқ десе болады. «Қой дейтін қожа» болмаған соң әркім ойына келгенін жасап жүр. Түрлі айлалы іс-әрекеттер арқылы алаяқтар пайдаға, оңай олжаға кенелуде. Бүгінде сауаттылық туралы жиі айтамыз. Бірі – қаржылық сауаттылық болса, енді бірі – құқықтық сауаттылық. Дәл қазірде мұның екеуі де әрбірімізге қажет. Иә, интернет – шексіз мүмкіндік. Бірақ шексіз еркіндік емес. Осыны естен шығарып алмайық. Абай атамыздың «Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап» дегеніндей, өзіңнің ақылың мен еңбегіңе ғана сенген жөн болар.
Ақнұр САҒЫНТАЙ