» » Бейтаныстан келген бейнеқоңырау

Бейтаныстан келген бейнеқоңырау

qarmaqshy-tany.kz ҚАЗІР БӘРІНІҢ ҚОЛЫНДА СМАРТФОН. ОҒАН ЖІПСІЗ БАЙЛАНЫП ҚАЛҒАНДАР АЗ ЕМЕС. ЖАСЫ ДА, ЖАСАМЫСЫ ДА ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІНІ ЖИІ ПАЙДАЛАНАДЫ. ОНДАҒЫ ДӘЙЕКСІЗ ДЕРЕКТЕРГЕ АЛДАНЫП ҚАЛАДЫ КӨБІ. ҚАРАПАЙЫМ ХАЛЫҚТЫ АЙНАЛДЫРҒАН БІРНЕШЕ СЕКУНДТЫҢ ІШІНДЕ «ЖАРҚЫЛДАҒАН» ЖАРНАМАСЫМЕН БАУРАП, ОҢАЙ ОЛЖАҒА АЙНАЛДЫРҒАН АЛАЯҚТАР АЗАЙМАЙ ТҰР. ЖЕҢІЛДІҢ АСТЫМЕН, АУЫРДЫҢ ҮСТІМЕН ЖҮРІП, ЖЕҢІЛ АҚШАНЫ КӨЗДЕП ЖҮРГЕН АЛАЯҚТАР САНЫ КӨП ҚАЗІР.

Соңғы кездері «несиені жауып береміз», «сіз ұтысқа ие болдыңыз», «ақшаңды екі еселендір» деген сынды уәдені үйіп-төгетін адамдар өзінің құрбанын оңай қақпанға түсіреді. Онсыз да қажып жүрген кейбір жандар мұндай батпанқұйрықтан қалай бас тартсын?! Тіпті бәзбіреулер әлгі алаяқтарға еш ойланбай сұраған қаражатын ұстата салады. Сақ болмасақ, айналамызда олар өріп жүр.
Жақында қаржы пирамидаларының жаңа тізімі шықты. Қанша жерден полиция басқармасы «Алаяққа алданбаңыз!» деп бейнеролик көрсетіп, жадынама таратқанымен, қаржылық алаяқтардың құрған схемасын анықтағанымен бәрібір қарапайым халық алаяқтықтың құрбаны болуын қояр емес. Қарап тұрсаңыз, көбі көзі ашық, оқыған адамдар. Бірақ ертегіге енген баладай алаяққа сеніп, миллиондаған қаржысынан қолдап айырылып қалатынына таң қаласыз. Біреуді сөгіп, табалаудан аулақпыз, әрине. Себебі әккі алаяқтар адамның сеніміне кіріп, өзгенің мүлкін иеленуге келгенде өте шебер.
АЛАЯҚТАРДЫҢ АЙЛАСЫ ТАУСЫЛАР ЕМЕС
Қазіргі таңда алаяқтардың түрі өте көп. Олардың ішінде электрондық пошта, лотореялық, жарнамалық түрі кең тарағаны. Бұл амалдар арқылы алаяқ аңқау адамдарды құрығына түсіріп, атынан несие рәсімдеп немесе банк картасындағы қаржысын қалтасына басады. Олар алдау үшін түрлі айла-тәсілдер қолданады. Ығына жығылған жанның қолындағысын қағып кетуге дайын тұрады.
Олардың арбауына түсіп қалып жатқан адамдар аз емес. Торына кез келген адам түсіп қалуы мүмкін. Алданғандардың сөзін естісек, сенуге тұрарлық дүние еместей көрінеді. Әйтсе де олардың да өз жоспары, ойлаған «құрығы» болады.
Технология қаншалықты дамығанымен интернет алаяқтарын құрықтау қиынға соғады. ІТ саланы меңгерген алаяқ болса, оны анықтау тіпті қиын. Қазіргі заман ағымында кез келген адам сайт, қолданбалы желі аша алады. Неліктен және қандай мақсатпен ашатыны ешкімді алаңдатып жатпайды.
Жақында «бейтаныстан келген бейнеқоңырауға жауап бермеңіздер» деген аудиохабарлама таралып кетті. Бәзбіреулер осы қоңырауға жауап беремін деп қақпанға түсіп, алданып қалғанын айтады. Камераны қосқан кезде алаяқтар жауап берушінің жүзін «сканерлеп», оның атынан онлайн несие рәсімдейді-мыс. Бірақ мұның жалған ақпарат екенін Stopfake. kz растады. Айта кетейік, видео қоңырауларды пайдаланатын алаяқтар туралы мұндай хабарлама бұған дейін де тараған болатын. 2023 жылғы сәуірде қолданушылар мұндай әрекеттерден зардап шекті деп айтқан. Бұл ақпарат та жалған болып шықты.
ҚАҚПАНҒА ТҮСЕТІНДЕР ҚАТАРЫ АЗАЙМАЙ ТҰР
Соңғы 5 жылдағы статистиканы салыстырып қарайтын болсақ, 2019 жылы қылмыстық фактілер жиі тіркелген. 2020 жылы бұл деңгей 70 пайызға төмендеді. Ал 2022 жылы бұл бағытта өсімді байқауға болады.
Бір жылда қылмыстық құқық бұзушылық 7,1 пайызға өскен. Оның жартысына жуығы – интернет алаяқтығы. Осы іс бойынша 17,7 мың құқық бұзушылық орын алған. Сонымен қатар, төлем картасын пайдалану арқылы 244 алаяқтық, ақшалай қарыз алу арқылы 91 алаяқтық, несие саласында 47 іс және жылжымайтын мүлікке қатысты 1 алаяқтық іс тіркелген.
ҚОҢЫРАУ «ҚҰРЫҒЫ»
Алаяқтардың ең көп қолданатын әдісі – алдап несие рәсімдеу. Олар бірінші кезекте сізден өзіңіздің жеке басыңызға қатысты ақпараттарды, цифрларды сұрайды. Осы жерде қаперге ұстайтын басты ереже мынау. Банк қызметкері азаматтардан ешқашан сізге қатысты банкке мәлім ақпаратты, яғни ЖСН, карточка нөмірін, есепшотыңызды сұрамайды. Өйткені ол ақпараттар сіз қызмет алатын банкке мәлім ақпараттар. Банк төлем картасын берген кезде, банктік есепшот ашқан жағдайда екіжақты шарт жасалып, ол шартта қолданушы өзінің келісімін береді. Және банк ол мәліметтерді жарияламау туралы міндеттеме алады. Көп жағдайда адамдар өзөздерін ұстап береді.
Бүгінде алаяқтық әрекеттердің көбі қоңырау арқылы орын алып жатады. Иә, соңғы жылдары банк қызметкерлерінің атынан жасалған телефон арқылы болатын алаяқтық жиілеп кетті. Қылмыскерлер көбіне нөмірді ауыстыру қызметін пайдаланады. Өткен жылы полиция қызметкерлері осындай 3600 қылмысты анықтаған. Осыған байланысты ІІМ оларды бұғаттау мәселесін көтерді. Нәтижесінде өткен жылдың 6 айында 19 млн алаяқтық қоңырау бұғатталды, ал ағымдағы жылдың басынан бері анықталған қоңыраулар 15 млннан асады.
– Бірде бейтаныс нөмірден бір кісі қоңырау шалды. Мен танымайтын бір адамның атын айтып, соның берешек қарызы бар. Егер төлемеген жағдайда есеп шотыңыз «арест»-ке түседі деді. Бүгін кешкі сағат 19.00-ге дейін деп ескертті. Мен тұтқаны қоя салдым. Артынан бірнеше рет хабарласты, көтермедім. Әдепкіде «арест» дегеннен үркіп қарағаным бар. Бұл халықтың жанды жері ғой. Ол арестке түссе, ешқандай аударым жасай алмай «кәріп» болып қаламыз емес пе?! Кейін жолдасым да «қой, бұлай алданба» алаяқтардың ісі деп басу айтты. Бірақ ешқандай есепшотым арестке түскен жоқ. Соған сеніп ақша аударып опық жеп қалар ма едім? Сол үшін қоңыраудан түскен әңгімеге сене бермеу қажет, – деді кент тұрғыны Гүлжазира Сарыбасова.
АУДАНДАҒЫ АХУАЛ
20-22 қараша аралығында аудандық полиция бөлімі «Hi-tech» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді. Ісшараның негізгі мақсаты – ақпараттық технологияларды пайдалана отырып жасалатын құқық бұзушылықтарға қарсы күрес тиімділігін арттыру. Сондай-ақ еркін айналымда тыйым салынған өнімдерді заңсыз әзірлейтін, көбейтетін және тарататын адамдарды анықтау. Сала мамандары интернет алаяқтардан сақ болудың қарапайым қауіпсіздік шараларына түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Олар дербес деректерді, карталардың мәліметтерін, кодтарды және құпия сөздерді ЖСН мәліметтерін ешкімге бермеуге, хабарламауға, белгісіз әрі тексерілмеген сайттар арқылы алдын-ала төлем жүргізбеуге, күмәнді мәмілелер бойынша ақша аударымдарын жүзеге асырмауға, ұялы телефон мен компьютерге белгісіз қосымшаларды орнатпауға, кез келген сілтемелерге өтпеу қажет екенін ескертті. Полиция қызметкерлері телефон арқылы ақша сұраған адамдардан аулақ болу керек екенін жиі айтады. Мұндай жағдайда тез арада ішкі істер органдарына хабарласу керек.
Аудан тұрғындарын алаяқтардан сақтану үшін полиция бөлімі насихат жұмыстарын жасауда. Олар таратқан жадынамада барлық түсіндірме ақпараты көрсетілген. Заман талабына сәйкес ақпараттық жүйелер мен электронды-техникалық байланыстар да қарыштап дамуда. Интернет желілері мен электронды құрылғыларды пайдалану арқылы жасалатын алаяқтық қылмыстар соңғы жылдары өңірімізде өршіп тұр.
– Өткен жылы «ақшаңды еселеп аласың» деген жарнамалардың бірін естіп әпкем қояр да қоймай ақша салдырып еді. Қызымның еміне деп жинап отырған 150 мың теңге ақшам бар-ды. Жетпегенін әпкем қосты. Сонымен бас-аяғы 300 мың теңге ақшаны салып жібердік. 5 млн теңгеге дейін береді, тек сәл шыдап күту керек деді. Арада біраз уақыт өткен соң қайта жазып сұрай бастады. «Күтесіңдер, кезекпен беріліп жатыр» деп жылы жауып қоя салды. Тағы да біршама уақыт өткен соң, қоңырауға жауап бермей жоғала бастады. Кейін шағым түсіріп, барлығын қаз-қалпында баяндап бердім. Тексеру жүргізіліп жатыр. Алаяқты табу, іздеу уақыттың еншісінде. Кейде істің арты сұйылып кететіні бар. Әйтсе де біреуге ақшаңа желініп қалған оңай нәрсе емес. Оның үстіне емге деп жинаған қаражатым еді, – дейді Әсел Асқарқызы.
Әсел секілді алданып қалғандар көп. Бірі осылай қаражатын өз қолымен берсе, енді бірі алаяқтың арбауымен несиеге кіріп жатады. Бірақ біреудің алған ақшасын төлеуге мәжбүр.
– Жақында НТК телеарнасында «Мошенники» телесериалы шықты. Жалпы соңғы жылдары төл өнімдердің саны артып, сапалы дүниелер көптеп шығып жатыр. Бұл, әрине көңіл қуантарлық жайт емес пе?! Әлгі сериалдың бірде-бірін қалдырмай бір күнде көріп шықтым. Біраз ой түйдім. Жалпы алаяқтар профессионал келеді. Әрі олар бір-бірін сатпайды. Бірақ біріне-бірі сенбейді, құпия сақтайды. Себебі бірі ұсталып қалған жағдайда тергеу жүрсе өзінің қайда жүргенін айтып қоймауы үшін жасырын жүреді. Ал енді халық өте аңқаумыз. Біреудің сөзіне сенгіш келеміз. Оны толық зерттемей келісім беруге дайынбыз. Осы ұрымтал тұсымызды алаяқтар әдемі пайдаланып кетеді. Қазіргі қоғамда халыққа ең қажеттісі – ақша. Оңай жолмен ақша тапқанды жақсы көреді. Еңбектеніп қиналғысы келмейді. Алаяқтар кез келген істі бастарда әуелі алданатын адамның сеніміне кіреді. Оның жағдайын жасап, әуелі пайда әкелетін аз-маз тіршіліктің ұшын көрсетіп, ақша беріп немесе телефон сыйлап мәз қылады. Бірақ алаяқ өзінің есебінен ақша құртпайды. Құрығына түсірген адамның атынан істі тындырады, яғни несие рәсімдеп телефон алады, оның атынан жер, пәтер алады. Өзіне керегін қам қылғаннан кейін ұштыкүйлі жоқ болады. Сосын алаяқтар өзгенің атын жамылады. Былай айтқанда «ақымақ» болып қаламыз. Жан-жақта ескерту жүріп жатқанын, теледидардан алаяқтардың немесе біреудің алданғанын көріп, біле тұра сонда да алданып сол іске барып, артынан опық жейміз. Ал фильмде осының бәрі анық көрініс табады. Осыны көрген әрбір адам мұнан соң әр ісін сақтықпен жасайды деп ойлаймын, – дейді Еркебұлан есімді азамат.
Түйін Бүгін әлеуметтік желінің әмірі жүріп тұрған уақыт. Тіпті желіде қақпақ жоқ десе болады. «Қой дейтін қожа» болмаған соң әркім ойына келгенін жасап жүр. Түрлі айлалы іс-әрекеттер арқылы алаяқтар пайдаға, оңай олжаға кенелуде. Бүгінде сауаттылық туралы жиі айтамыз. Бірі – қаржылық сауаттылық болса, енді бірі – құқықтық сауаттылық. Дәл қазірде мұның екеуі де әрбірімізге қажет. Иә, интернет – шексіз мүмкіндік. Бірақ шексіз еркіндік емес. Осыны естен шығарып алмайық. Абай атамыздың «Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап» дегеніндей, өзіңнің ақылың мен еңбегіңе ғана сенген жөн болар.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
30 қараша 2023 ж. 414 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 257

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 357

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930