» » Мобильді алаяқтар азаймай тұр

Мобильді алаяқтар азаймай тұр



СТАТИСТИКАЛЫҚ ДЕРЕКТЕРГЕ СҮЙЕНСЕК, СОҢҒЫ 10 ЖЫЛДА 130 МЫҢҒА ЖУЫҚ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ АЛАЯҚТАРҒА АЛДАНЫП ҚАЛҒАН ЕКЕН. БҰЛ ӨЗ КЕЗЕГІНДЕ АРЫЗДАНҒАН АЗАМАТТАРДЫҢ САНЫ ҒАНА. АЛ «ҚАЗАҚПЫЗ ҒОЙ» НЕМЕСЕ «ҰЯТ БОЛАР» ДЕП ҚОЛЫН БІР СЕРМЕГЕНІ ҚАНШАМА? ШЫНТУАЙТЫНДА АЛАЯҚТЫҢ АРБАУЫНА ТҮСКЕНДЕР РЕСМИ ДЕРЕКТЕН БЕС ЕСЕ КӨП ЕКЕН.
Әлгінде айтқан деректі бес есеге көбейтейік. Сонда 2010 жылдан бас­тап қазірге дейін шамамен 650 мың азамат арбауға түскенін шамалаймыз. Олар 350 млрд теңгеден астам ақшасынан айырылған. Сонда оның әрқайсысы кем дегенде 500 мың теңгеге алданған болып отыр. Ал статистикада тіркелмейтін тағы бір мәселе бар. Ол – отбасының ойрандалуы. Әрине, алаяқтықтың соңы бір отбасын бұзса, ендігісі үлкен сомадан айы­рылып, қарызға батқанын біліп соған өмірін қияды. Бала жетім, әйел жесір не жалғызбасты әке осы қасіреттің зардабын тартады. Бұл ресми статистикаға енбесе де, әлгі сандардан-ақ кем дегенде жарты миллиондай отбасының зәбір көретінін бажайлай беріңіз.
Қазір мамандар алаяқтықтың өршіп тұрғанын назарға алып, дабыл қағуда. Әсіресе мобильді алаяқтардың қулығы өршіп тұр.
– Бүгінде кез келген адамның алаяқтардың арбауына оңай түсіп қалуы мүмкін. Көбінесе өз пайдасын асыра ойлау, адамдарды алаяқтармен келісім жасауға итермелейді. Кейбір азаматтар біреудің сөзіне сеніп несие рәсімдеп, ертесінде сан соғып қалып жатады. Қылмыстың алдын-алу мақсатында мамандар қол қусырып отыр деуден аулақпыз. Тиісті шара қолданып, жұмыс жүріп жатыр. Полиция қызметкерлері телефон арқылы ақша сұраған адамдардан аулақ болу керек екенін ескертуде. Мұндай жағдайда тез арада ішкі істер органдарына хабарласу керек. Сол себептен бірінші кезекте ауданымыздың тұрғындарына жоғарыда аталғандай алаяқтардың арбауларына түсіп қалмауы үшін сақ болуларын ескертеміз, – дейді аудандық полиция бөлімі.
Аудан тұрғындарын алаяқтардан сақтану үшін полиция бөлімі насихат жұмыстарын жасауда. Олар таратқан жадынамада барлық түсіндірме ақпараты көрсетілген. Заман талабына сәйкес ақпараттық жүйелер мен электронды-техникалық байланыстар да қарыштап дамуда. Интернет желілері мен электронды құрылғыларды пайдалану арқылы жасалатын алаяқтық қылмыстары соңғы жылдары өңірімізде өршіп тұр. Қылмыскерлер алдау және бөтеннің сеніміне кіріп, оңай олжаны иемдену әдістерін үнемі өзгертіп отырады. Соңғы уақытта қылмыскерлердің жиі қолданып жүрген және жәбір­ленушілерге іpі мөлшерде мүліктік залал келтіретін әдістері – ұялы телефон арқылы тұрғындарға хабарласып, полиция және басқа да кұқық қорғау органының атын жамылып, баласының (немесе басқа да жақын туыстары) есірткі затымен (немесе басқа да ауыр қылмыстық құқық бұзушылығы үшін) ұсталғанын хабарлайды.
Одан әрі баласын қылмыстық жауаптылықтан құтқаруға мүмкіндігі бар екенін айтып, қомақты қаржы берген жағдайда мәселенің шешілетінін жеткізеді. Қажет болған жағдайда жасанды дауыстарды салып, телефон арқылы баласымен сөйлестіреді. Кейбір жағдайларда қылмыскер бұл мәселе бойынша ешкімге хабарлас­пай, каржыны дереу аударуды талап етеді және артық байланыс жасаса жағдайдың күрделенетінін ескертеді.
Бұдан әрі аталған оқиғаны шынайы түсінген тұлғалар алаяқтың арбауына түсіп, сұраған қаржыны қылмыскердің есепшотына ойланбас­тан тез және толық аударуға тырысады. Тиісті қаржы аударылғаннан кейін қылмыскерлер хабарласқан ұялы телефондардың барлық нөмірлеріне қоңырау шалу мүмкін болмай, өшіріледі.
– Сіздерге бөгде адам телефон арқылы хабарласып, сіз үшін маңызды болып табылатын қандай да бір мәселені шешіп беруге уәде беріп, ол үшін алдын ала каржы аударуды сұраса, дереу мән жайдың шынайылығына міндетті түрде көз жеткізіңіз. Сонымен қатар, аудан тұрғындарынан бөгде тұлғаларға дербес деректерін, жеке басты куәландыратын құжаттарын, банк кәртішкелерін және олардың деректемелерін бермеу, әлеуметтік желі арқылы қандай да бір қызмет немесе зат үшін алдын ала ақша аудармау сұралады. Егер сіз алаяқтықтың құрбаны болсаңыз дереу банкке жүгініп, қартаңызды бұғаттаңыз. Полицияға арыз жазыңыз. Жағдайдың бәрін толық түсіндіріңіз. Қажет болған жағдайда қосымша құжаттарды ұсыныңыз. Арызыңыз негізінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары бас­талады. Сіз жәбірленуші ретінде танылып, процессуалдық құқықтарға ие боласыз, – дейді аудандық полиция бөлімі.
Айнұр ӘЛИ
15 ақпан 2022 ж. 507 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 259

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 358

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930