Қанағат қарын тойғызады
Бүгінде дүние түрленді. Сан түске боялған әдемі әлем мен әсем заттарды қолдағы қалтафонның экранынан-ақ тамашалай аламыз. Ондағы көрген дүниенің «барлығы менде болса екен» деген ойдың құрсауына ілініп, соның шырмауынан шыға алмай қалып та жатамыз. Әкем әрдайым ешқашан «жоқ» деген сөзді аузыңа алма, оның орнына «қазір болмай тұр» деп алмастыру қажеттігін санамызға сіңірді. Расында, «жоқ» деп айтқанның жоғалып, құрдымға кетіп, ал қанағат еткеннің мерейі үстем болатынын енді ұққандаймын.
Әсілінде, қанағат – әдептіліктің басты белгісі, адам бойындағы жақсы әдеттің бірі. Оны әдетке айналдырған жан өмір бойы игілігін көрері анық. Өйткені ол адамшылықтан адастырмай, аздың өзіне қанағат қылдырады. Қанағат қылу деп барына, қол жеткізген табысына разы болып, шүкіршілік етуді де айтады. Бұл баршаның бойына жарасатын көркем мінез, әрі ешқашан ортаймайтын қазынадәулет. Алайда мол байлығы бола тұра, «болған сайын «болсам» деп, толған сайын «толсам» деп ашкөзділікке салынатындар да жоқ емес. Кедейліктен шаршаған жан «бай болам» деп талпынса, қанағатты ұмытқан бай «құдай болам» деп күпірлікке барады. Қолындағы байлығының игілігін көріп, орнымен қолданып, «саулығы – байлығы» екенін жадында ұстаған кісі қанағатшыл болар еді. Себебі денің сау болмаса, есепсіз байлығы дертіне шипалыққа жарамаса, оны жиғаннан не пайда?
Бұл жөнінде Сайф Сарайдың мына бір даналығы есімде қалыпты. Онда «Дәулетті кім? Дәулетсіз кім? деген сұраққа бір ақылман кісі: «Дәулетті – дәулетті жия білген, жиғанын жеген, бере білген. Ал дәулетсіз – есіл-дерті мал, дүние жию болып, өзі жеуге қимаған, сөйтіп өмірінің қалай өтіп кеткенін білмей қалған адам» делінген. Расымен дүниеге деген ашкөздік адамның назарын бұрып, рухани дүниені көріп-білуге кедергі жасайды. Барлық есіл-дертін тамаққа, дүниеге аударып, жақындарынан, дос-жараннан аулақтатып, адамшылықтан алыстатады. Бұл жөнінде біздің халқымызда да «Қанағат қарын тойғызады, қанағатсыздық жалғыз атын сойғызады», «Қоя жесең, қой қалады, тарта жесең тай қалады» деген тәмсілдер бар. Дана Абай да қанағатты бес асылдың қатарына қосып, «Ақылды адам азғантайды қанағат қылып, бақытты өмір сүреді, ал ақымаққа бәрін берсең де аз» деп түсінген адамға берері мол тағылым қалдырған.
Иә, қанағатшыл жанның қай кезде де мерейі үстем. Себебі ол өзгеден озамын деп сатқындыққа, көрінгенге қол жеткіземін деп көрсеқызарлыққа ұмтылмайды. Барына шүкір етіп, риза болғанда, Тәңір оны ризықсыз қалдырмайды. Алдамшы дүние қанағатты ұмыттырып, көкірек көзімізді байламасын десек, «жоқ» деген сөзді өмірімізге жолатпайық.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ