Шүкіршілік – бақыттың кілті
Бізде барлығы бар. Бірден «қой, олай емес» демеңіз. Тек осы бар нәрсені бағалай алмай жүрміз. Қарап отырсақ, қоғамда жылаңқы адамдар тобы көбейіп бара жатқан секілді. Кейде ешнәрсеге көңіліміз толмай, ештеңені ұнатпай жүретін кезіміз болады. Сабыр сақтап, қанағат етуді ұмытып кетіп жатамыз. Ашуымызды айналамыздан, қоғамнан, қала берді бауыр еті баладан аламыз. Әрбір нәрсенің жақсы және жаман жағы болатыны белгілі. Тек жақсы жағын көре білсек, өмір әлдеқайда жеңіл болар ма еді?! Жақсылықты көру, сезінуіміз үшін әрдайым шүкіршілік керек.
Шүкіршілік ету – көп қырлы амалдың бірі. Алланың нығметін санасақ, санына жете алмасымыз – ақиқат. Міне осындай жоғары мәртебеге ие жаратылыс ретінде жер жүзінде сансыз нығметпен ризықтандырып, өмірдің саналуан жақсылығын нәсіп еткені үшін Аллаға құлдарының шүкіршілік етуі заңды емес пе?! Деніңіздің саулығына шүкір етіңіз, себебі біреулер дерт құрсауында жүр. Он екі мүшеңіз түгел болса шүкір деңіз, жарымжан болып туылып жатқандар қаншама? Ішерге ас, киерге киіміңіз болғаны үшін шүкір деңіз, себебі басқалар бұған да мұқтаж. Лашықтай болсын үйіңіздің барына шүкір деңіз, сондай баспана басқаларға арман. Жұмысым ауыр демеңіз, жұмыс таба алмай жүрген жандар өте көп. Атаанама ренжулімін демеңіз, біреулерде олар да жоқ. Балаларым шаршатты демеңіз, бір перзент сүюге зар болып жүргендер қаншама? Бейбіт елде, тыныш заманда өмір сүргеніміз үшін де шүкір етуіміз қажет. Айта берсек өте көп. Әрбіріміздің күндік емес апталық, айлық, керек болса жылдық азығымыз бар. Бұл да өз алдына шүкір етуді қажет етеді. Ал енді осы нығметтерге отбасы, бауыр, дос-жаран, әріптес деген нығметтерді және қосыңыз.
Асыл дініміз Исламдағы шүкіршілік айту – психологиядағы рақмет, алғыс айту техникасына ұқсас. Бір ерекшелігі шүкіршілік – Құдайға айтылатын болса, алғыс адамға арналады. Алла Тағалаға шын-ниетіңізбен, жүрекпен шүкіршілік айтсаңыз көңіл-күйіңіз көтеріліп, өмірге көзқарасыңыз өзгереді. «Егер шүкірлік етсеңдер, нығметімді арттыра беремін» деген Алла сөзінің ақиқатына көз жеткізіп келемін. Түсінген жанға бұл аяттың мағынасы терең. «Шүкір» деп сөзбен айту жеңіл, ал жан-тәніңмен сезіну қиындау. Біз әрбір шүкірлігімізге сай әрекет жасауымыз керек. Мәселен, он екі мүшеңіздің амандығына шүкір еттіңіз делік. Оны күнделікті жуып, қажетті күтім жасау да шүкірлік үшін әрекет болмақ.
Өмірде түрлі жағдай болады. Кейде ұнатпаған сәттер де кездесіп тұрады. Іс біз ойлағандай бағытта жүрмесе, шағымданып, қапаланамыз. Өзіміздің сәтсіздікке ұшырауымызды өзгеден көріп, кінәлауға бейімбіз. Бірақ мұның бәрі Алланың қалауымен болып жатқанын естен шығарып аламыз да, оған шүкірлік танытпаймыз. Шын мәнінде, адамның күпірлік танытуға еш себебі жоқ. Керісінше оның өмірінің әрбір сәті шүкірлікке толы болуы керек. Біз бұл әлемде жоқ едік. Алла бізді жоқтан бар етіп жаратып, дене бітім беріп, жарық дүниені көру бақытын сыйлады. Әрбір секунд сайын бізге мейіріммахаббатын төгіп, қамқорлығын танытқан Аллаға қанша шүкір айтсақ та аз. Осы орайда «шүкіршілік дәптері» туралы айтқым келеді. Ол үшін арнайы бір дәптер алып, күнделікті шүкірлік жазып отырыңыз. Басында не жазарыңызды білмей, тосылуыңыз мүмкін. Әдетке айналған соң, өзіңізді тоқтата алмай қаларыңыз анық. Жазып болған соң, толықтай бір оқып шығыңыз. Бойыңызды керемет сезім билейді. Менде осынша нәрсе бар екенін бұрын қалай байқамадым дерсіз. Ал сіздің шүкірлігіңіз көбейген сайын, көңіл-күйіңіз көтеріліп, істеген ісіңіз нәтижелі де берекелі бола бастайды. Мен шүкіршілік дәптерін толтырғалы бес жылға жуық уақыт болды.
Осы уақыттың ішінде 5000- нан астам шүкіршілік жазыппын. Бұл әрине Алланың бізге берген нығметінің жанында өте аз. Сонда да осы жаттығу жақсы жаққа өзгеруіме көп септігін тигізіп келеді. Бұл үрдісті әлі де жалғастырудамын. Нәтижесінде көп нәрсеге басқаша қарай бастадым. Көңілдің құлазуы, еңсенің түсуі дегенді ұмыттым. Мен үшін кез келген жағдай қайырлы. Білімім үшін шүкірлік еттім, Алла біліміме білім қосуда. Достарым үшін шүкірлік еттім, ізгі достарымның саны артты. Денсаулығым үшін шүкірлік еттім, ауырмадым. Табысым үшін шүкірлік еттім, Алла адал жолмен табыс табуға мүмкіндік беріп жатыр. Әрбір атқан таңымды шүкіршілік етумен бастап, ұйқыға жатар алдында да шүкір айту әдетіме айналды.
ХІ ғасырда өмір сүрген философ Жүсіп Баласағұни «Шүкіршілік қылғанға шыр бітер» деп шүкіршілік етудің пайдасы туралы ерте заманда-ақ айтып кеткен. Ендеше не нәрсенің де артқанын қаласақ, сол нәрсеге көбірек шүкір етейік. Шүкіршілік ету арқылы бақыттың кілті өз қолыңызда екенін ескере жүріңіз.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА