ҚАЗАҚТЫҢ БҰЛБҰЛЫ
Бибігүл Төлегенова – әсем үнмен көрерменнің жүрегін жаулаған қазақ халқының біртуар жұлдызы. КСРО және Қазақстанның Халық әртісі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Социалистік Еңбек ері, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының профессоры. Қазақ халқының ән өнерінің бұлбұлы атанған Бибігүл апамыз биыл 95 жасқа толады.
Бибігүл Төлегенова 1929 жылы 16 желтоқсанда Семейде дүниеге келген. Әкесінің есімі – Ахмет, анасы – Майнұр. Әкесі Майнұрды 15 жасында алып қашып үйленген. Әкесі Бибігүлді кішкентай кезінде Күлтай деп атап, еркелетеді екен. Қызын алғаш мектепке апарып, суда жүзуді де үйреткен сол кісі. Ал әншінің анасы әкесі сияқты емес, мейірімін ашық білдірмейтін жан болыпты. Баланың кей еркеліктерін көтермейтін деп еске алады Төлегенова. Еліміздің басына түскен ауыр жылдар әншінің жастық шағының еншісіне тиіп оның болашақ тағдырына да ауыр із қалдырады. Жеті жасында тағдыр тәлкегіне ұшырап, әкесі «халық жауы» санатында ұсталып кеткеннен кейін жас та болса үйдегі жеті баланың үлкені болғандықтан Бибігүл еңбекке ерте араласып, анасының жанында сүйеніш болды. Ауыр болса да Семейдің ет комбинатында 13 жастан бастап жұмыс істеп күн көрістің және шиеттей бауырлары мен аурушаң анасының қамын жеген жұдырықтай қыз жұмыс істей жүріп, әншілігімен көркемөнерпаздар үйірмесінің белсенді мүшесіне айналады.
Бибігүлдің кәсіби әншілік өнер есігін ашуына сол кездері Семей қаласындағы жер ауып келген белгілі жазушы, өзінің жеке студиясын ашқан музыка пәнінің оқытушысы Галина Серебрякованың ықпалы өте зор болады. Кішкентай қыздың бойындағы талантын көріп, оның болашағынан үлкен үміт күткен ұстазы бар ақылын аямай Бибігүлді кәсіби әншілікке баулып, қанат бітіреді. Жас қыздың бойындағы ән айтуға деген құштарлығы, талпынысы бұл кезде жаңа сатыға көтеріліп, аз ғана уақыт ішінде ол итальян композиторы Дж.Вердидің «Риголетто» және «Травиата» операларынан Джильда мен Виолеттаның арияларын, И.Штраустың «Көктемгі әуендері» шығармаларын үйреніп, жұртшылыққа кеңінен таныла бастайды. Осылай дайындықтан кейін ел аузына іліне бастаған жас әнші 1948 жылы Республикалық орындаушылар олимпиада байқауына қатысуға Алматы қаласына жолдама алады. Байқауда орындау үшін Л.Хамидидің «Қазақ вальсін», С.Туликовтің «Шаттық вальсін», И.Штраустың «Көктемгі әуендерін» дайындап олимпиадада жеңіске жетеді. Әншінің ерекше дауысының мөлдіреген тазалығы жұртты тәнті еткендігі соншалық, комиссия мүшесі жас композитор Бақытжан Байқадамов Бибігүлді консерваторияның дайындық курсына әншілік оқуға түсуге үгіттейді. Сол жылы ол 7 кластық білімімен Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының жеке ән салу бөлімінің дайындық курсына қабылданады.
Өнердегі алғашқы жылдарынан бастап Бибігүлдің кәсіби әншілікті таңдаған шығармашылық жолы сәтті бола қойған жоқ. Консерваториядағы ұстазы оны түсінбей, сананы тұрмыс билеген кезеңде жанұялық өмірінің қиюы қашып, әдемі де ұшқыр естілетін дауысынан айырылып қалады. Кейін араға бірер жыл салып тәжірибелі ұстаз Надежда Николаевна Самышына класына ауысқаннан кейін Бибігүлдің Алматыға арқалап келген арманының шеті көрініп, қисайған көш жолы түзеле бастайды. Жоғалған дауысы берік ұстаған «вокалдық диета» арқылы диапазоны шағын, орындағанда дауысқа күш салмайтын шығармалармен біртебірте өзінің бұрынғы қалпына келіп, бұрынғы бояу-бедерін табады.
Ленинград қаласында өткен әншілердің бүкілодақтық үлкен конференциясында консерваторияның үлкен залында ән шырқаған Бибігүл өзінің толыққанды әншілік бабына келе бастаған кезі болатын. Атақты К.Байсейітованың концерттік репертуарынан орындалған Л.Хамидидің «Бұлбұл» әнімен бірге Дж.Вердидің «Риголеттосынан» Джильданың ариясы залдағы әншілік өнерге құлағы түрік барша қауымды дүрліктіріп, әнші вокалдық мүмкіндігін толығымен шынайы көрсетеді. Үлкен жетістік деп саналған бұл байқау орындаушының бойындағы әншілік келбетінің әр алуан қырларын ашып береді. Сыңғырлаған күмістей мөлдіреп көмекейден шығар әдемі де нәзік үні, музыканы жан дүниесімен терең сезінуі, әншінің бойындағы әлі ашылмаған қырларынан хабар бергендей болады.
Кәсіби сахнаның «бұлбұлы» атанған атақты Күләш Байсейітовадан кейін ұзақ жылдар бойы бұл атақты иеленген әнші өзінің тамаша өнерімен зал тола көрермендерін жинаған ол үлкен биіктікке көтерілді. Репертуарында әншінің дауысына құйып қойғандай қонымды қазақ халық әндерінен тұратын шығармалар көп болатын. Олар халық әндері мен халық композиторларының өлмес туындылары: «Илигай», «Шилі өзен», «Гаухартас», «Жиырма бес», «Баянауыл», «Бір бидай арпа», «Жалғыз арша», «Бір бала», «Бурылтай», «Айнамкөз», «Гәкку», Қазақстан композиторлары Л.Хамидидің «Бұлбұл», «Қазақ вальсі», Е.Брусиловскийдің «Қос қарлығаш», М.Төлебаевтің «Еске алу», С.Мұхамеджановтың «Көктем вальсі», «Тербеледі тың дала», Н.Тілендиевтің «Кел, еркем, Алатауыма», М.Ержановтың «Қуанамын» тағы басқа әндері ерекше сезіммен жоғары көркемдік деңгейде орындалды. Әнші өзінің берген сұхбаттарында орындайтын шығармасының түп төркініне терең үңіліп, тыңғылықты зерттеп барып тыңдарман талқысына шығару кәсіби әншіліктің деңгейін көрсетер қасиеттер деп біледі. Әрбір шығарманың өзіндік шығу тарихы, қайталанбас тағдыры болады. Сол туындының құпия әлеміне, жүрек соғысына тереңдеп, бар болмысымен сыналай ене алған суреткердің қолында сан мыңдаған тыңдарманның ынтаықыласы мен алғысқа толы құшағы бар.
КСРО-ның Мемлекеттік сыйлығы, Еңбек Қызыл Ту ордені, Ленин ордені тағы басқа атақ пен орденнің бәрі осы ұжымда жүргенде бірінен кейін бірі келіп жатты. Бибігүл Төлегенова музыка өнерінің дамуына елеулі үлес қосқан ерен еңбегі үшін бұрынғы КСРО Президентінің 1991 жылғы 21 желтоқсанындағы №УП3122 жарлығымен «Социалистік Еңбек Ері» кұрметті атағын иеленген ең соңғы белгілі тұлғалардың бірі ретінде тарихта қалды.
Әншінің үлкен театр сахнасына деген кұштарлығы түбінде үстемдік құрып, 1971 жылдан Б.Төлегенованы Абай атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық опера және балет театрының жеке әншісі етті. Халықтың құлағында өзіндік бояуымен жатталып қалған әншінің үні опера сахнасынан толымды опералық партияларды орындаумен жаңа қырынан ашыла бастайды. Опера сахнасында әнші өзінің дауысына арнап жазылғандай лирикалық кейіпкерлер галереясын сомдайды. Әншінің орыс және батыс кәсіби композиторлық мектебінің классикалық опера шығармаларын орындаудағы жолы да жемісті болған. Орындаушылық мәнерінде терең һәм шынайы сезім иірімдері мол әнші Н.Римский Корсаковтің «Снегурочкасынан» Снегурочка, Дж.Вердидің «Риголеттосынан» Джильда, Дж.Россинидің «Севилья шаштаразынан» Розина, Доницеттидің «Дон Паскуалесінен» Норина, А.Моцарттың «Дон Жуанынан» Церлина партиялары тыңдаушысының бойын ерекше сезімге бөлеген тамаша жұмыстары саналады.
Шәкіртсіз ұстаз болмайтыны секілді Бибігүл Ахметқызы 1979 жылдан бастап Кұрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ұстазы, профессоры қызметін атқарып, қазақ сахнасының бүгінгі таңдағы көптеген әншілерін дайындауға еңбек сіңірді. Ұлттық орындаушылық мектептің дәстүрін жалғастырған әншінің сахнадағы жасаған образдар әлемі қазақтың болмысы мен табиғи қалпын құйқылжыта шынайы бере алғандығымен ерекшеленетін қайталанбас құбылыс болатын. Әнші, ұстаз өзінің осы ерекше орындаушылық әлемін шәкірт бойына дарытуда аянбай тер төгіп, бүгінгі таңда республикамыз бен алыс-жақын шетел сахналарынан танымал болған әншілердің мақтанышпен айтатындай ұстазына айналды.
С.РЫСБАЕВ,
аудандық тарихи-өлкетану музейінің әдіскері