» » Жатқа ұмтылған жастар

Жатқа ұмтылған жастар

Қазір әлеуметтік желіні аша қалсаңыз, шетелде жұмыс істеп жүрген жандар көп. Әсіресе «Қытаймен бизнес» қыз-қыз қайнап тұр. Жастардың дені де осы мемлекетке ағылып, табыс табамын деп әлек. Жақсы, жайлы өмірден кім қаша қойсын?! Рас, қазір бәріне қаражат керек. Жарқырап, шет мемлекетке саяхаттап, шалқып өмір сүргісі-ақ келеді. Бәзбіреулердің айлап, жылдап табатын табысы – мұнда жұмыс істеп жүргендердің күндік табысымен пара-пар. Иә, бүгінде шет елде тұру, оқу, жұмыс істеу көптің арманына айналған.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, өткен жылдың алғашқы тоғыз айында елден 13 мыңға жуық азамат көшіп кеткен. Оның 10 мыңы ТМД елдеріне, қалғаны алыс шетелдерге қоныс аударған. Ең ауыр тиетіні – бұлардың 70 пайызы еңбекке қабілетті жастағы, ал төрттен бірі жоғары білімді мамандар. Басым бөлігі техникалық сала өкілдері және экономистер мен педагогтар көш бастап тұр. Медицина қызметкерлері мен заңгерлер, сәулетшілер де көп. Одан бөлек, алқаптағы ауыр жұмыс пен зауыт-фабрикадағы төменгі қызметтерге жалданып, жағдайын жасағысы келіп жүргендер де көбейіп бара жатқанын көріп жүрміз. Кәрі-жасына, біліміне, басқасына қарамай, бәрі өзге елден береке іздеуге көшкендей. Бұл ненің белгісі? Шетелден жұмыс істеп жүрген отандастарымызға өзіміз жұмыс тауып бере алмай отырмыз ба? Саралап көрсек.
Соңғы уақытта ел азаматтарының шетелде жұмыс істеп жүргенін жиі көріп, еститін болдық. Әйтсе де бұл тек биыл ғана басталған дүние емес. Жұмысшы күштің сыртқа ағылғанына да он жылдың қарасы болған. Оқу, ғылым мен даму жолында мұхит асқандар туралы әңгіме тіптен бөлек. Біздің айтып отырғанымыз қара жұмысқа жегіліп жатқан қазақтар. Бүгінде мұны «гастербайтер» деп атайды. Жалпақ тілмен айтқанда, қандай да бір елге ақша табу үшін келетін шетелдік азамат. Олар жергілікті халық үшін сұранысқа ие болмайтын, мәртебесі төмен жұмыстарды атқарады.
Біздегі айлықпен күн көру қиын
Жасыратыны жоқ, бізде қарапайым халықтың күнкөріс көзі төмен. Тіпті айлығы шайлығына жетпей, азын-аулақ алатын еңбекақысын қайда жеткізетінін білмейтіндер көп. Төлейтін несиесі бір бүйірінен қысып ол тұр. Ал күнделікті тұтынатын тауары қымбаттап барады. Өсіп жатқан жалақы жоқ (кейбір салалар болмаса). Бала-шағаның ішіп-жеуі, киім-кешегі, тағысын тағы. Жұмыс істеді деген аты болмаса, жалақысы шығындарын жабуға жетпей жатыр.
Ал енді шет мемлекеттерде жұмысқа жақсы жалақы төлейді. Әрине, жоғары жалақы кімді болсын қызықтырары сөзсіз. Әлеуметтік желіде шетелде жалданып жұмыс істейтіндер ашықтан-ашық жарнама жасап, миллиондап ақша табуға болатынын жарыса жариялап жүр. Дегенмен жұмыстың оңай емесін айтады. Бірақ лайықты жалақы алатынын алға тартады. Сол себепті жастардың дені қара жұмыстың өзін істеуге даяр.
Десе де ол жақта да шекесі шылқымайтыны белгілі. Әйтсе де елімізге қарағанда, қара жұмыс істесе де біршама жақсы жалақы алып, еркін өмір сүруге бейімделіп қалғандары да жоқ емес. Тіпті кейбірі өздері білім алып не еңбек етіп жатқан елдерде біржола қалудың қамында жүр.
Елге емес, еңбегіне сенген
Қазақтар ғана шетелге барса ауыр жұмыс істеп, еліне келсе ауыр жұмыс істемейді деген қате пікір. Себебі жапондар Америкаға барса жүк таситын жұмысты істейді, жоғары жалақы төленетін кез келген істен қашпайды. Кореялықтар да дәл осы. Әрбір елдің азаматы өз елінде істемейтін істі істейді. Неге? Себебі жоғары жалақы. Қомақты қаржыға еңбегін сатады. Бізде де үй салатын кезде көрші елден өзбек әкеледі. Өйткені құрылысты қазақтар қара жұмыс көріп, әрі оған төленетін ақшаны азсынады. Дәл солай біздікілер де шетел кетеді.
Жалданып жұмыс істеуге дайын жандардың көбі Англия, Канада, Оңтүстік Кореяға барады. Ол жақта баубақшалы алқаптар мен плантацияларда жұмысшы күші жетпейді. Себебі мұнда жергілікті халық мұндай қара жұмысқа бармайды.
Жұмыс істеп жүрген жастардың бірі – қарыз, несиесінен құтылу үшін барады, енді бірі – баспана алу үшін сонда ақша жинайды. Отандастарымыздың кейбірі шетелде бірнеше жыл жұмыс істеп, қаржы жинап елге келіп, сол жинаған ақшасына баспана алып жатыр емес пе?!
«Барған жерде жұмаққа бөленіп, байып кетемін» деген ойдан арылу қажет. Кей жастар онда құшақ жая қарсы алып, жалақысы жақсы, мәртебесі жоғары жұмыс береді деген ойда болады. Дей тұра жағдай мүлде олай емес. Кез келген дүниенің өз қиындығы болатыны секілді мұнда да әдепкі уақытта үйренісу үшін жұмыстың қиындығына да төтеп беруге тура келеді.
Жалданып жан баққандар
Табыс тауып, жағдайын жақсарту мақсатында өзге елге жұмысқа кететін отандастарымыздың қатары күннен-күнге артып келеді. «Кісі ақысы, маңдай тері кепкенше» демей ме? Егер таң азаннан қара кешке дейін еңбек ететіндердің жұмысы жоғары бағаланып, уақытылы төленсе, ел кезіп несі бар? Осылайша бұрын көрмеген жерде тұруға тәуекел етеді.
Рас, бүгінде қымбатшылық қысып, күнкөріс қамы деп шетел асатындардың бір парасы Англияға аттанады. Себебі онда ауыл шаруашылығы жақсы дамыған. Олардың жыл сайын жоғары мөлшерде өнім жинауға, баптауға арналған технологиялары бар және әртүрлі инновациялар енгізілген. Ылғалды климат пен жиі жаңбыр егіннің шығуына көп ықпал етеді, бірақ бұл басты ерекшелік емес. Ең бастысы – жұмыскерлердің өз ісіне деген ұқыптылығы мен жылдамдығы маңызды.
Көбі шетелге не үшін кетеді дейсіз?! Себебі біздің елде күнкөріс деңгейі мен қажеттілігіміз өте жоғары болғанымен өңірлерде төленетін жалақы аз. Сол себепті де көбі өз отбасын асырай алмағандықтан елінен тыс жерге жоғары жалақы төленетін жұмыс іздеуге мәжбүр.
Байытамын дейтін байерлер
Қайсыбір жылдары шетелдегі жұмыс дегенде жастардың бір шоғыры Түркияға ағылды. Ал қазір олардың жартысынан көбі Қытайда жүр. Мұнда да ақшаны күректеп табуға болады дейді. Олардың айналысатын кәсібі – байерлік. Әлеуметтік желіні белсене қолданатын жандардың барлығы дерлік бүгінде осы байерлікпен айналысуда. Олар шет мемлекетте жүріп, сіздің қалаған затыңызды сол елден тауып береді. Бағасы да қалтаға қонымды дейді. Басқаша айтқанда «алыпсатар». Қажетті затты арзан бағаға тапқаныңызбен, салмағы көп болса екі рет шығындалып қаласыз. Ал салмағы мен бағасы сай келсе кәсіпке айналдыруға болады. Мұнда табыс тауып жүргендер ол жақтағы бағаның арзан екенін алға тартады.
– Қытаймен бизнес жасағаныма бес жылға жуық уақыт болды. Әуелгі уақытта онлайн алып сатып жүрдім. Ал қазір Қытайдың өзіне келіп, көзбен көріп, тікелей зауыттармен серіктестік орнатып, тауар сатып жатырмын. Мұнда әртүрлі сападағы заттар бар. Арзанқол, орта және жоғары сападағы тауарларды шертіп жүріп таңдауға болады. Тек тұтынушының талғамына қарай алдырамыз. Осы бизнес арқылы бар-жоғы 3 айдың ішінде өз баспанамды алдым. Қазір Қытаймен бизнестің қыр-сырын өзге жандарға да үйретіп, табысымды одан әрі еселендіру үстіндемін, – дейді Айдана есімді кәсіпкер.
Түйін Осындайда қазақтың «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар?» деген есті сөзі еріксіз ойға оралады екен. Олар күнкөріс қамы үшін Отанынан жырақта қырыққабат теріп, қарға қууға, құлпынай жинап, саңырауқұлақ тасуға мәжбүр. Енді бірі Қытай асып, қорап-қорап тауар тасымалдап әлек. Барлығы да сол күнкөрістің қамы ғой баяғы. Өзге елге барып, қалтаны майлап, елге келіп сол ақшаға ең болмағанда жекеменшік баспана сатып алсақ дейді. Расымен, олар жақсы жалақы тауып, жарқын өмірге ұмтылғысы келеді. Шындығында, мұнда жұмыс іздеп келген адамдардың барлығы өз елдерінде де жұмыс істеуге дайын. Тек тиісті деңгейде ақысы төленсе дейді.
Ақнұр САҒЫНТАЙ
31 мамыр 2024 ж. 318 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 273

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 370

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930