«Жұмақ өмірді» неге жат жұрттан іздеп жүрміз?
qarmaqshy-tany.kz Қазір әлеуметтік желіні аша қалсаңыз, шетелде жұмыс істеп «күніне 70-80 мың табамын» деген отандастардың видеосы жиі шығатын болды. Жақсы, жайлы өмірден кім қаша қойсын?! Бәзбіреулердің айлап табатын табысы – мұнда жұмыс істеп жүргендердің күндік жалақысымен пара-пар. Иә, бүгінде шет елде тұру, оқу, жұмыс істеу көптің арманына айналған.
Фото: ашықдереккөзден
Соңғы уақытта ел азаматтарының шетелде жұмыс істеп жүргенін жиі көріп, еститін болдық. Әйтсе де бұл тек биыл ғана басталған дүние емес. Жұмысшы күштің сыртқа ағылғанына да он жылдың қарасы болған. Оқу, ғылым мен даму жолында мұхит асқандар туралы әңгіме тіптен бөлек. Біздің айтып отырғанымыз қара жұмысқа жегіліп жатқан қазақтар. Бүгінде мұны «гастербайтер» деп атайды. Жалпақ тілмен айтқанда, қандай да бір елге ақша табу үшін келетін шетелдік азамат. Олар жергілікті халық үшін сұранысқа ие болмайтын, мәртебесі төмен жұмыстарды атқарады.
Жалданып жан баққандар
Шет мемлекеттерде жұмысқа жақсы жалақы төлейді. Әрине, жоғары жалақы кімді болсын қызықтырары сөзсіз. Әлеуметтік желіде шетелде жалданып жұмыс істейтіндер ашықтан-ашық жарнама жасап, миллиондап ақша табуға болатынын жарыса жариялап та жүр. Дегенмен жұмыстың оңай еместігін айтады. Бірақ лайықты жалақы алатынын алға тартады. Сол себепті жастардың дені қара жұмыстың өзін істеуге даяр.
Қазақтар ғана шетелге барса ауыр жұмыс істеп, еліне келсе ауыр жұмыс істемейді деген қате пікір. Себебі жапондар Америкаға барса жүк таситын жұмысты істейді, жоғары жалақы төленетін кез келген істен қашпайды. Кореялықтар да дәл осы. Әрбір елдің азаматы өз елінде істемейтін істі істейді. Неге? Себебі жоғары жалақы. Қомақты қаржыға еңбегін сатады.
Жалданып жұмыс істеуге дайын жандардың көбі Англия, Канада, Оңтүстік Кореяға барады. Ол жақта бау-бақшалы алқаптар мен плантацияларда жұмысшы күші жетпейді. Себебі мұнда жергілікті халық мұндай қара жұмысқа бармайды.
Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, былтыр 38 мыңдай ел азаматы Кореяның шекарасын асқан. Бейне бір шағын қала үдере көшіп кетті дерсіз...
Жұмыс істеп жүрген жастардың бірі – қарыз, несиесінен құтылу үшін барады, енді бірі – баспана алу үшін сонда ақша жинайды. Отандастарымыздың кейбірі шетелде бірнеше жыл жұмыс істеп, қаржы жинап елге келіп, сол жинаған ақшасына баспана алып жатыр емес пе?!
«Барған жерде жұмаққа бөленіп, байып кетемін» деген ойдан арылу қажет. Кей жастар онда құшақ жая қарсы алып, жалақысы жақсы, мәртебесі жоғары жұмыс береді деген ойда болады. Дей тұра жағдай мүлде олай емес. Кез келген дүниенің өз қиындығы болатыны секілді мұнда да әдепкі уақытта үйренісу үшін жұмыстың қиындығына да төтеп беруі тиіс.
Жат жұртты жағалап
Табыс тауып, жағдайын жақсарту мақсатында өзге елге жұмысқа кететін отандастарымыздың қатары күннен-күнге артып келеді. «Кісі ақысы маңдай тері кепкенше» демей ме? Егер таң азаннан қара кешке дейін еңбек ететіндердің жұмысы жоғары бағаланып, уақытылы төленсе, ел кезіп несі бар? Осылайша бұрын көрмеген жерде тұруға тәуекел етеді.
Сыртқы істер министрлігінің деректеріне жүгінсек, биылғы бірінші тоқсандағы есеп бойынша Қазақстанның 194 мыңнан астам азаматы шетелде жұмыс істеп жүр. Олардың көп бөлігі жоғарыда айтқан мемлекеттерге ат басын бұрады. Мәселен, Оңтүстік Кореяда вахталық әдіспен егін жинауға немесе көкөніс өсіруші ретінде баруға болады. Бұл жағдайда тамақ пен жалдау ақысын жұмыс беруші төлейді, ал ауа райы нашар болған кезде қызметкер әрқашан демалыс күнін алады. Ауысымдық жұмысшының жалақысы күніне 90 доллардан басталады.
Англияда ауыл шаруашылығы жақсы дамыған. Олардың жыл сайын жоғары мөлшерде өнім жинауға, баптауға арналған технологиялары бар және әртүрлі инновациялар енгізілген. Ылғалды климат пен жиі жаңбыр егіннің шығуына көп ықпал етеді, бірақ бұл басты ерекшелік емес. Ең бастысы жұмыскерлердің – өз ісіне деген ұқыптылығы мен жылдамдығы.
Көбісі шетелге не үшін кетеді дейсіз?! Себебі біздің елде күнкөріс деңгейі мен қажеттілігіміз өте жоғары болғанымен өңірлерде төленетін жалақы аз. Сол себепті де көбі өз отбасын асырай алмағандықтан елінен тыс жерге жоғары жалақы төленетін жұмыс іздеуге мәжбүр.
Байерлік бизнес
Шетелдегі жұмыс дегенде жастардың бір шоғыры Түркияға аттанады. Әлеуметтік желіні белсене қолданатын жандар қазірде осы байерлікпен айналысуда. Байер – жақсы сападағы және қолайлы бағамен дұрыс нәрсені қайдан сатып алу керектігін білетін адам. Бұлар шет мемлекетте жүріп, сіздің қалаған затыңызды сол елден тауып береді. Бағасы да қалтаға қонымды дейді. Басқаша айтқанда «алыпсатар». Мұнда баға бізден әлдеқайда арзан. Дей тұра логистиканы да естен шығармау керек. Қажетті затты арзан бағаға тапқаныңызбен, салмағы көп болса екі рет шығындалып қаласыз. Ал салмағы мен бағасы сай келсе кәсіпке айналдыруға болады.
Алданып қалма, абайла!
Ашық ақпарат көздерінің мәліметі бойынша, шетелде «тәртіп бұзды» деген желеумен темір тордың арғы жағына тоғытылған қандастарымыз да аз емес екен.
2020 жылы Сыртқы істер министрлігінің Консулдық қызмет департаменті есеп жүргізіп, шетелде қылмыс жасап, түрмеге қамалған 820 қазақстандықтың барын анықтаған. Ресей түрмелерінде 566, басқа ТМД елдерінде 174, Еуропа мен Америкада 50, Азия, Таяу және Орта Шығыста 30 адам түрмеге қамалған.
Шетелде жұмыс істегенде қаперде ұстау керек дүниелер де бар. Өзге ел, тіл мен заң да басқа. Осындайда кей жұмысшы күштің алаяқтарға алданып қалатын жағдайлары да орын алады. Мәселен, былтыр Ташкент құзырлы органдары шетелге жұмысқа орналастырамыз деп тұрғындардан елу мың доллар жинап алған алаяқтар тобын анықтағанын хабарлады. Хабарламада алаяқтыққа барған Өзбекстан азаматтарының Батыс елдерінің елшіліктерінде жұмыс істейтін танысы барын, олар виза алуға көмектесетінін айтып, алдын ала төлем жасауды сұрағаны жазылған. Мұндай жағдай Қырғызстан мен Қазақстанда да тіркелген. Онда алаяқтар бұл «қызмет» түрін негізінен әлеуметтік желіде жарнамалайды. Ресейде жұмыс іздеп жүрген Орталық Азия азаматтары да алаяқтардың құрбанына айналған. Мәселен, Қырғызстаннан шыққан жүз елуден астам мигранттың әрқайсысы Мәскеудегі жеке компанияға 1600 доллар төлеген. Компания оларды Еуропада жалақысы жақсы маусымдық жұмысқа орналастыруға уәде берген. Бірақ олардың бәрі ақшасыз қалған. «Иммиграция 365» деп аталатын компания виза алып, жұмысқа орналастыру секілді қызметтері үшін төлемді алдын ала жасауды талап еткен. Былтырғы алғашқы үш айда Қырғызстан полициясы да иммиграциялық алаяқтық жасау күдігімен 32 қылмыстық іс ашқан. Оның ішінде Еуропа, АҚШ, Канада, Оңтүстік Корея секілді елдерге жалған жұмыс ұсынғандар бар.
Алмақтың да салмағы бар. Шетелге ағылып жатқан ел тұрғындары жеке басының қауіпсіздігін, алаяқтардың алдап-арбауына түсіп қалмаудың, елге қайта келудің қамын ойласа дейсіз.
Түйін. Осындайда қазақтың «Арқада қыс жайлы болса арқар ауып несі бар?» деген есті сөзі еріксіз ойға оралады екен. Олар күнкөріс қамы үшін Отанынан жырақта қырыққабат теріп, қарға қууға, құлпынай жинап, саңырауқұлақ тасуға мәжбүр. Жақсы жалақы тауып, жарқын өмірге ұмтылғысы келеді. Шындығында, мұнда жұмыс іздеп келген адамдардың барлығы өз елдерінде де жұмыс істеуге дайын. Бірақ тиісті деңгейде ақысы төленсе екен дейді.
Ақнұр САҒЫНТАЙ