» » «Бешірдің» соңы «кешір болмасын»

«Бешірдің» соңы «кешір болмасын»




 Жақында барлық білім ошағында соңғы қоңыраусоғылып, мектеп түлектері жаңа өмірге қанат қақты. Тарыдай болған қалпынан таудай өрен етіп қалыптастырған алтын ұясынан түлеп ұшу әрбір шәкірттің жүрегіне қимастық сезім ұялатары анық. «Тойдың боларынан боладысы қызық» демекші, баласының мектеп бітіруі ата-ана үшін де үлкен жауапкершілік. Оқу жылын ойдағыдай аяқтап, дәстүрге айналған соңғы қоңырауды өткізгеннен кейін түлектер мектеп бітіру кешін күтіп, уақыт санай бастайды. Дегенмен кейінгі жылдары баласы асыға күтетін кеш ата-ана үшін уайымға айналғаны рас. Мәселенің мәнісі неде? Сараптап көрелік.


  Үлкен өмірге қадам бастым деп қызықтың жетегіне ергеннің салдарынан оқыс жағдай орын алып жатыр. Иә, мектеп бітіру кеші оқушылардың бірінің өмірін қиып, бірінің тағдырын тәлкек етуде. Өткен жылы Маңғыстау облысының бітіруші түлектері мінген көлік апатқа ұшырап, оқушылардың өміріне қауіп төнген оқиғаны жұртшылық ұмыта қойған жоқ. Жеңіл көлікпен серуенге шыққан оқушылардың өмірі әп-сәтте астан-кестең болған-ды. Мұндай оқиғалар кім- кімге де сабақ болуы тиіс еді. Биыл да осыған ұқсас оқиға қайталанып отыр. Жамбыл облысында мектеп түлектері мінген көлік жол апатына ұшыраса, Маңғыстау облысында мектеп оқушылары төбелес шығарды. Жастықтың жалыны ма, тағдырдың тәлкегі ме, жазмыш па, оны оқырманның өзіне қалдырайық.

Түлектер тойы

Еліміздің Оқу-ағарту министрлігі жыл сайын оқу жылының соңында мектеп бітіру кешін кең көлемде атап өтпеу керегін, ол түлектердің өмірі мен денсаулығына қауіпті болуы мүмкін екенін, ата-аналардан ақша жинамау­ды ескертеді. Оған себеп те жоқ емес, әрине. Бірнеше сағатқа созылатын қуанышын тойлап, жалға алынған көлікпен көшеде қыдырған жастардың әрекеті соңында қайғылы жағдайлармен аяқталып жатқан сәттер де жетерлік. Мұндай оқиғалар кім-кімге де өмірлік сабақ болуға тиіс.
Биыл да соңғы қоңырау мерекесі талапқа сай өткізіліп, бітіру кеші бұрынғыдай кең көлемде атап өтілмейтін болды, яғни еліміздің білім ордаларында оқу жылы 34 аптаға созы­лады. Сондай-ақ 3,8 миллионнан астам оқушы осы оқу жылын аяқтайды, оның ішінде 186 мыңы мектеппен қош айтысады.
Қазіргі уақытта шәкірттердің басты уайымы – алдағы тестілеу болғанымен, бітіру кешіне деген әзірлік оқу жылы аяқталмай жатып-ақ пысықталып қояды. Өмірдің жаңа бір кезеңіне аяқ басқан түлектердің қуанышымен бөліскен орын­ды да шығар. Бірақ оны ұлан-асыр тойға айналдырудың жөні бар ма?
«Жарайды, балама зияны тиер» деп амал жоқ келісетін ата-аналардың қарасы қалың. «Онда тұрған не бар, мектепті бір рет бітіреді, есте қалатындай етіп өткізейік» деп белсене ақша жинайтын ата-аналар да аз емес. Дүркіретіп той сияқты кеш өткізуді сән көреді. Расымен соңғы жылдары мектеп бітіру дегеніңіз – ұлан-асыр той. Шамасы жеткені шет ел асып, жетпегені сәні мен салтанаты жарасқан мейрамханада тойлап, қаздай тізілген қымбат көліктердің шеруін ұйымдастырады. Қош, қазіргі буынның қалауы дерсіз. Әйтсе де қалауы қайғыға әкеліп, өтпелі кезеңнің өкінішке ұрындыратынын елей бермейтіні қынжылтады.


Оқушы кезең қайта оралмайды

Оқушы кезең қайта оралмас шақ. Он бір жыл бойы балалықтың қызығын бірге көріп, бір сыныпта білім алған достарымен енді бір партада отырмайды. Әркім өз тіршілік қамымен алыстап кете баратыны да белгілі.
– Университетке екі рет түсуге, екі диплом алуға болады. Ал мектепті өмірімізде бір-ақ рет тәмамдаймыз. Аттестат үлкен өмірге жолдама сияқты. Әр бала арман қуып әр қалаға, әр салаға кетеді. Сондықтан түлектердің есінде қалатындай мектеп бітіру кеші өткізілгені дұрыс деп ойлаймын. Тек барлығы ата-анамыз бен ұстаздардың бақылауында болуға тиіс. Ересек өмірге қадам басқалы отырған қатарластарымыз қызықтың жетегіне ермей, жауапкершілікті сезініп, өміріне қауіп төндіретін әрекетке бармаса екен, – дейді 11-сынып оқушысы Ерасыл.
Мектеп бітіру кештерінің форматын өзгертуді құптайтындар көп. Бұл орайда өзге елдердің тәжірибесіне сүйену де артық етпес. «Әр елдің салты басқа» дегендей, мектеппен қоштасуды да әр ел әрқалай атап өтеді. Мәселен, Швецияда оқушылар өз мектебінің алдында шерулетіп, міндетті түрде ән шырқайды. Кейін олардың ата-аналары әрқайсысына «бой жету» аттестаты мен балалық шағындағы суреттерін тарту етеді. Ал Жапонияда оқу жылы наурызда аяқталады. Түлектер ән шырқалып, халықтық билер биленетін айрықша хореографиялық шеру өткізеді. Жігіттер іскерлік костюм, ал қыздар кимоно киеді. Израильдік мектеп бітіру салтанаты да ерекше өтеді. Көбінесе оқушылар өз ата-аналарына арнап сахналық көрініс әзірлейді. Театрландырылған қойылым қойып, концерт, мюзикл және тағы басқа мерекелік шаралар ұйымдастырады.
Демек, біздің елде де мектеп бітіру кешіне арнап педагогтердің көмегімен креативті бағдарлама әзірлеп, ата-аналарына, сүйікті ұстаздарына және сыныптастары­на алғыс айту түрінде мағыналы әрі қызықты форматта ұйымдастыруға әбден болады.



Қымбатқа түскен қуаныш

Мектеп бітіру кешін думанды мерекеге айналдыру бүгінде дәстүрге айналды. Әсіресе, қала мектептерінде бұл думанға ерекше назар аударады. Ата-аналар бітіру кешіне күні бұрын әзірлік жасап, ұл-қыздарының жарқырап жүруі үшін қалтасындағы қаржысын аямайды. Одан бөлек, үлкен мей­рамхана жалдап, тіпті, қала ішін аралау үшін қымбат көліктер жалдайды.
Түлектердің осы бір сәтті есте қаларлықтай етуге ты­рысатынын түсінуге де болар. Бірақ «байдың асын байғұс қызғанғандай» болса да, жасыратыны жоқ, мәселе ақшаға келіп тіреледі. Мектеп бітіруді дүркіретіп тойлау, суретке түсетін виньеткасы, әрі оны таспалау бәрі-бәрі қалтаға салмақ түсірердей қыруар құнды құрайды.
– Мектепті өткен жылы бітірдім. Бұл өмірдегі маңызды кеш болғандықтан, барлық жағынан сәнді болып жүруді қаладым. Бітіру кешіне арналған көйлек 30 мыңға шықты. Макияж бен шашымды жасатуға 12 мың жұмсадым. Сосын 10 мыңға аяқ киім сатып алдым, – дейді Айдана есімді қыз.
Ойлап қарасақ, бойжеткеннің кешке бару үшін сәнденгені 50 мыңға жетіп жығылды. Бұл орта есеппен бағамдап отырған баға. Ал мейрамханасы, мұғалімге арналатын сыйлығы тағы бар. Салыстырмалы түрде алғанда бір күндік қуаныш үшін ата-аналар шамамен 150-200 мыңға дейін шығындалады. Біреулер үшін бұл қаржының құны жоқ шығар. Кейбір отба­сылар үшін 150-200 мың теңге жанұяға келетін бір айлық та­бысты құрайды. Тіпті, мұндай қаржы кейбіреулердің қолына түсе бермеуі де мүмкін. Бір қарағанда, бұл қаражат бір күнде желге ұшқандай көрінеді. Шынтуайтында, оқушылар бағаға қарамайды. Ата-анасына айтқанын істеткісі келеді. Ата- ананың «балам үшін» деп жиған бар қаржысын бір күндік қызыққа жұмсайтындарды жазғыруға ешкімнің құқы жоқ. Дегенмен, әрбір теңгенің игілікті іске жұмсалғаны жақсы емес пе? Жас жеткіншек өмірдің жаңа белесін ысырапшылдықпен бастамаса деген ізгі ой біздікі.

Кештен кейінгі кешірім


Иә, мектеп бітіру – адам өміріндегі ең бір есте қалатын кез екені рас. Білім ордасына тарыдай болып кірген баланың тау­дай болып шыққанын көру де ата-ана үшін ерекше бақыт емес пе? Ендеше сол бақыт ешқандай да сән-салтанатпен, аста- төк дастарқанмен өлшенбесе керек. Кейде ата-аналар сол бақытты бәсекеге айналдыратын секілді. Қалтасының түбі көрінуге шақ қалса да, мектеп бітіру кешінде ұл-қыздарынан ештеңеден аянып қалмайды.
Әйтсе де осы кештің соңында жанжал мен төбелес шығып кететін жайттар да жоқ емес. Кемел келешектің иесі деп сеніп отырған жасөспірімдеріміз келеңсіздіктің небір «көкесін» көрсетіп жүр. Өкінішті, әрине. Олардың мұндай оғаш қылықтары қоғамды, әсіресе ата-ана қауымының көңілін күпті етіп, алаңға салады. Баласының бұзақылығы үшін де ұялып, кешірім сұрайтын да осы ата-ана ғой.
Психолог мамандардың пайымынша, қандай жағдай бол­масын, баланы тыңдау керек. Қазір кей ата-аналар баламен сөйлеспейді. Оның немен айналысып жүргенін, тіпті не ой­лайтынынан бейхабар. Баламен жиі әңгімелесіп, ойына құлақ түру қажет. Мейірім мен махаббатқа шомылып өскен бала­дан бұзақылық шығады деу қиын. Өйткені кішкентайынан бойына мейірімділікті, адамдықты, адалдықты сіңіріп өскен баланың жаман болғанын көргеніміз жоқ. Жалпы, қазіргі жасөспірімдер арасындағы суицидтің, келеңсіз оқиғалардың көпшілігі отбасындағы берекесіздік пен ата-ананың екіге ажырасуына байланысты дейді мамандар.
Түйін
Қалай дегенмен де мектеп бітіру – бала өміріндегі елеулі сәт екені сөзсіз. Ал оның қызығы да, қуанышы да – аттестат. Себебі үлкен өмірге жолдама осы. Сондықтан даңғаза мерекеден соң да тіршілік жалғасатынын, бала да, ата-ана да естен шығарып алмаса болғаны. «Өмірде бір-ақ рет мектеп бітіреміз, бұл – қайталанбайтын сәт» дейді түлектердің көбі. Десе де қайталанбайтын кештен соң мына өмірге қайта келмей жатқан қаншама жастың қыршын кетіп жатқанын елей бермейді-ау. Әсілі, той жа­рыстан гөрі, ой жарыс анағұрлым жағымды көрінетіндей...
Ақнұр САҒЫНТАЙ
28 мамыр 2024 ж. 335 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 273

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 370

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930