Кене кеселінен сақ болайық
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруы – (бұдан әрі қарай – КҚГҚ ауруы) табиғи ошақтық аса қауіпті ауру. Осы қауіпті ауруды жұқтыру көктемгі, жазғы және күзгі маусымдарда тіркеледі. Адамдарға бұл ауру, денесінде ауру қоздырғышы бар кене шаққанда және науқас адамдар мен қарым-қатынас кезінде жұғады. Вирус адам ағзасына жұққаннан кейін 1-14 күн ішінде аурудың алғашқы белгілері білініп, басы солқылдап, дене ыстығы көтеріледі және бүкіл денесі сырқырап, мұрнынан қан кету және басқа да әртүрлі симптомдармен қатты ауырады. Соның салдарынан бойын әлсіздік билейді.
Мал жайылымдары мен далалық жерлерде, егіс алқаптарында еңбек ететін адамдар кенеден сақ болғаны жөн. Жұмыс кезінде ұзын жеңді, ашық түсті киім киіп, шалбардың балағын шұлықтың ішіне салып қою қажет. Дененің барынша жабық болғаны дұрыс. Малды күту және қырқым кезінде арнаулы қорғаныс киімдер мен қолғап киюді естен шығармаған абзал. Жұмыс соңында аса сақтықпен (жалаңаш қолмен алуға болмайды) денесі мен киімдерін кенеден тазартып отыруды әдетке айналдыруы қажет.
Айта кетейік, кене шаққанда өздігіңізбен емделуге болмайды. Себебі, денеге жабысқан кенені дұрыс алмасаңыз, жағдайыңыз тіптен нашарлап кетуі мүмкін. Кенені май тамызып алуға болмайды, қанға тойып алған кене тұншығып, қанды қайтадан жараға төге салуы мүмкін. Өзіңіз жұлып тастасаңыз, тұмсығы теріде қалып қояды. Оны байқау өте қиын. Ең дұрысы, денедегі кенені пинцетпен, пинцет болмаған жағдайда қолға қолғап киіп немесе матамен орап алу керек, жалаң қолмен алуға болмайды. Шаққан жерді спиртпен және йодпен өңдеу керек. Егер өзіңізді кене шаққанын байқасаңыз, мазасыздансаңыз немесе күдіктенсеңіз, міндетті түрде уақытылы дәрігерге көрініңіз.
Жадыра КЕНЖЕБАЕВА,
аудандық аурухананың эпидемиолог дәрігері