Курск майданының сарбазы
Біздің бүгінгі кейіпкеріміз турасында пікір айтқандардың барлығы «Жақсылығы ел есінен кетпес жан еді» деседі. Отан соғысының отты жолдарын кешіп өтіп, ұзақ жылдар сауда, тұтыну саласында жемісті еңбек еткен Нұржігіт Нақыповтың өмір жолы алмағайып уақыттағы алдыңғы толқын ағалардың жанкешті еңбегін тағы бір жадымызда жаңғыртып өтті. Осыдан да көзден кетсе де, көңілден өшпеген көркем ғұмыр иесін тағы бір еске түсірмекке қолға қалам алдық.
Қарап отырсаңыз, жалын жастығы Отан соғысының басталуымен тұспа-тұс келгендердің көпшілігінің өмір жолы бір-бірімен егіз тамшыдай ұқсас болады. Өмірдің қандай талқысынан өтсе де қанағат пен сабырды серік қылған Нұржігіт ағаның дүниеден өткеніне жыл толғанда ол кісінің өмір жолын баяндайтын естелік кітап жарық көрді. Сонда Нұрекең өзінің туған жылы турасында былай дейді: «Менің туған жылым қазақша тышқан жылы екен. Ол кезде бала туа сала қазіргідей куәлік берілмейді. Сондықтан менің қай күні туғаным белгісіз. Бірақ әкем Нақыптың айтуына қарағанда мен туғанда жерде қар бар екен. Әкем «Соғым сойып едік. Сен туғаннан кейін бір ай шамасында Қармақшыға барсам, Ленин өлді деп, қара жалау іліп қойыпты» дейтін. Соған қарағанда туған күнім 1923 жылдың желтоқсаны деп жазылды».
Көп ұзамай әкелері Өтеулінің малдары тәркіленіп, одан тараған Жақып, Нақып, Ермағамбет бас сауғалады. Бірақ түбін қусаң, атақты Марал ишаннан тарайтын текті тұқым тоз-тоз болып кеткен жоқ. Нағашыларының ауылын паналап, атақты 32-нің аштығынан да өтті. Колхоз басшысының бұйрығын орындамай, табандап отырып алған әкесінің арқасында балалар үйіне барудан аман қалған Нұржігіт бала болса да ауылдағы ауыр бейнетке араласып ержетті.
Соғыстың хабары естілгенде Нұрекең 18-ге де толмаған балаң жігіт еді. Қатарластарына қосылып майданға сұранды. Кеңес әскерінің күшіне сенетін бұлар үшін соғыс бүгін-ертең бітіп қалатындай көрінгені бар. Тіпті, бірге оқыған балалардың біразы оқуды тастап, соғысқа дайындыққа шындап кіріскен. Бірақ алғашқы жылы бұларға солдат ботқасының дәмі бұйыра қоймады. Нұржігіт аға 1942 жылдың 20 мамырында Қармақшы, Жалағаш аудандарынан шақырылған 900-дей азаматтың қатарында майданға аттанды.
Алғашқыда Орынбор облысындағы Тоцк қаласында табаны күректей 3 ай жаттықты. Соғысқа кіргендердің көпшілігі жастар. Бойларындағы албырттық сонау алыста қиян-кескі майдан жүріп жатқанын сездірмейді кейде. Жаттығудан кейін бұлар 373 атқыштар дивизиясының қатарын толықтырып, алғашқы ұрысқа Мәскеу қаласының түбіндегі Ржев қаласында кірді. Жауынгер жолы осыдан кейін Орел, Белгород, Курск болып жалғасып кете береді.
«Пенде үш күннен кейін көрге де үйренеді» дейді қазақ. Қанша ауыр дегенмен соғыс жағдайына да тез көндікті. Барлаушы ретінде алғаш барған сапары Ржевтің түбіндегі Урдом деревнясына түсіп еді. Сол түні деревняны жаудан азат етіп, қасындағыларын іздеп жүріп ауылдасы Бермахан Тауымбаевпен кездескені бар. Қызылтамда қатар жүрген Бермаханды көргенде қасына бүкіл ауыл көшіп келгендей қуанды. Жартысын бомба қиратқан бір үйдің әлі қызуы кете қоймаған пешінде отырып ауылаймақтың амандығын сұрасып, мәре-сәре болды да қалды.
Нұржігіт аға мына бір оқиғаны да аузынан тастамай айтып жүріпті.
Кеңес әскерлерінің бел ала бастаған тұсы. Сонда да кейде жауды өкшелеп, кейде шегініс жасап ұрыс салып жатқан кез. Немістерді бір үлкен қаладан қуып шығып, қаңыраған баспаналардың біріне шинелін төсеп қисая кеткен Нұрекеңді түн ішінде біреу оятады. «Подвинься!» деген әмірлі дауыс құлағына жылы естілгенмен түн ішінде үрен-сүренмен танымайтын жанның жағасына жармасқандай болмайын деп, ысырылып жата кетеді. Оянған соң қараса – қасында жалағаштық Камал досы жатыр. Соғыстан кейін ұзақ жылдар шаруашылық басқарған, облысқа белгілі азамат Камал Бердәулетовпен майдан даласында осылай бір жүздесіпті.
Шілде айының басында 373 дивизия КурскОрловск бағытындағы майданға кірді. Жау бомбасынан тамтығы ғана қалған Воронеж қаласының түбіндегі қырғынға араласып кетті. Жау танкісіне қарсы ұрыстардың бірінде байланысшылар бұршақша жауған оқтың астынан жараланып қалған Нұрекеңді аман алып шығыпты. Тамбов қаласындағы көшпелі госпитальға жатқызылған Курск майданының сарбазы өз дивизиясынан көз жазып қалып, Украина майданындағы шайқасқа жіберілді. Атақты Днепрді кесіп өтіп, Польшаға жетті. Танктер мен артиллерияға, тіпті арбалардың бүйіріне «Берлинге!» деген жазу түсіп, кеңес әскерлері жігерлене түсті. Күн сайын қолға жүздеп, мыңдап түсіп жатқан жау солдаттарында бұрынғы айбар жоқ. Қу жанын күйттеген шарасыз тұтқындар «Гитлер капут, Сталин гут» дегенді аузынан тастамайды. Краков, Варшаваны азат етіп, Берлинге бет алды.
Сонша жыл сағындырған, соның жолында қанша азаматтың ғұмыры қиылған «Жеңіс!» деген жалғыз ауыз сөзді одақтас американ әскерлерімен түйіскен Эльба өзенінде естіді. Елге 1946 жылдың сәуір айында оралған сарбаздың кеудесінде жарқыраған «Қызыл Жұлдыз», 1 дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордендері, «Ерлігі үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін» медальдары оның қандай отты жолдан өткенін дәлелдеп тұр еді.
Майданнан оралғасын ел тірлігін түзеуге кірісті. Қызылтам ауылындағы орта мектепте мұғалім болды, партия комитетінде қызмет істеді. Ал 1958 жылдан сауда, тұтыну саласына ауысты. Он тоғыз жыл Қармақшы аудандық тұтынушылар одағының төрағасы, тағы 6 жыл көршілес Жалағаш ауданында осындай қызметтің бұйдасын ұстағанда артына елі айта жүрерліктей жақсы істер қалдырды. Жосалыдағы «Сырдария» гастрономы, «Кооператор» дүкені, кезінде «Қармақшы», «Ақмаржан» мейрамханалары Нұрекеңнің тікелей ықпалымен салынған игіліктер.
Өмірінің соңғы белесінде аудандық ардагерлер ұйымын басқарған Нұржігіт аға қоғамдық істе тағы бір қайрат танытты. Аудан орталығынан арнайы «Ардагер» дүкені мен асхана ашқызды. Тоқсаныншы жылдардың бастапқы кезеңіндегі қиыншылықта осы дүкен мен асхана ардагерлердің қажетін айыруға жарады.
Қай істе де байырқалап жүре алмайтын ардагер халықтың рухани тәрбиесіне де етене араласты. Ағайындарын ұйымдастырып, Марал ишанның қорымына қонақүй салдырды. Осылайша елдің ізгілікке бет бұруын көксеген қарт солдат 1999 жылы 5 мамырда өмірден өтті. Жеңіс мерекесіне небәрі 4-ақ тәулік қалғанда тоқтаған үлкен жүрек иесінің тағы бір игілікті ісін балалары жалғастырды. Нұрекеңнің өсиеті бойынша қайтыс болғанына 40 күн толғанда аудан орталығынан Марал ишан мешітінің іргетасын көтерді.
Аманатқа адал осындай ұрпақ барда Нұрекеңдей жақсының соқпағы өшпек емес.
Мұрат ЖЕТПІСБАЕВ