«Таза Қазақстан»: жасыл аймаққа серпін
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде «Таза Қазақстан» республикалық акциясы басталды. Бес аптаға созылған науқанда әр тақырып бойынша сенбілік ұйымдастырылып, көркейту-көгалдандыру іс-шаралары жүргізілуде. Ауқымы кең акцияға қала, аудан, ауылдық округтер түгел қатысып, атсалысу жүктелген.
Сенбіде экологиялық акция аясында ағаш отырғызу іс-шарасы өтті. Оған аудан әкімі Жандос Еркінбек, ардагерлер, мекеме қызметкерлері, белсенді жастар қатысты. Акцияға атсалысқандар Жосалы кентіндегі «Жасыл белдеуге» 120 түп ағаш отырғызды. Ағаш көшеттері Сыр елінің климаттық жағдайына сай таңдалып алынған. Алдағы сенбілікте 3000 түп тал егу жоспарлануда. Қазақ даналығы «Бұтақ жайған ағаш қартаймайды, ұрпақ жайған адам қартаймайды» дейді. Бұл адамзат баласының табиғатқа жасаған сыйы болса, өз кезегінде ағаш та адамға қажетті ауаны тазартып, реттеп отырады.
Сонымен қатар сенбілікте мекеме қызметкерлері белгіленген аймақ бойынша көшеге тазалық жүргізіп, су жүретін арық көздерін қоқыстан тазартты. Талдардың түбін ақтаумен қатар, шарбақтарды белгіленген түске сырлап, қыстан жиналған қоқыстарды арнайы техникамен шығарып тастады.
«Киелі мекен» деген екінші атау алған апталықта «Қорқыт ата» мемориалдық кешенінде көркейту ісшарасы ұйымдастырылды. Жиында аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Әбдірахман Құлдүйсенов сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Тал – бейбітшіліктің нышаны. Табиғаттың нәзіктілігін түсінген адамға оны қорғау қажеттілігін де еске түсіреді. Ағаш отырғызу арқылы болашақ ұрпаққа, Табиғат-анаға, күллі жаратылысқа деген ықыласын оятып, адам баласының табиғатпен үйлесімді түрде дамитынын ұғындыру – парызымыз, – деді ол.
Кешеннің аумағы 8 гектар жерді қамтыса, науқанға ауданның белсенді тұрғындары, кешен қызметкерлері барлығы 80-ге жуық адам қатысып, 50 түп ағашты кіреберіс жолдың сол жағына отырғызылды. Жасыл желектерге Сырдария өзенінен насос арқылы су тартылып, суғарылуда. Бүгінде Қорқыт ата кешеніне жыл басынан бері 3 мыңдай адам келсе, оның ішінде 130-ға жуық турист қызығушылық танытқан.
Ерсін ӘБЛӘКИЕВ