ҚАЗАҚСТАНДА 147 МЫҢ ОҚУШЫ ҮШІН МЕКТЕПТЕРДЕ СОҢҒЫ ҚОҢЫРАУ СОҒЫЛДЫ
Қазақстанның мектептерінде салтанатты түрде «Соңғы қоңырау» шарасы өтіп жатыр. Биыл 147 мың оқушы мектеп қабырғасынан түлеп ұшты. Оның 7 мыңы «Алтын белгі» иегерлері, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Астана қаласының Білім басқармасынан хабарлағандай, елордада 5,8 мың оқушы мектеп бітіруде. Биыл ата-аналар қоғамдастығының өтініштерінен кейін елорда мектептерінде шар ұшыруға тыйым салынды.
Бұдан кейін 29 мамыр мен 9 маусым аралығында оқушыларды емтихан түріндегі қорытынды аттестаттау күтіп тұр. Олар мектептерінде бес пән, атап айтқанда төрт міндетті - қазақ тілі, орыс тілі, алгебра және талдау бастамалары, Қазақстан тарихы және таңдау пәні (гуманитарлық немесе жаратылыстану бағытында) бойынша оқушылар білімдерін дәлелдеуі тиіс.
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінен хабарлағандай, аттестаттарды тапсыру мен түлектер кеші мектептерде 2018 жылы 15 маусымында өткізілмек. Бұған дейін министр Ерлан Сағадиев түлектер кешінде қатысу-қатыспау әркімнің өз шешімі болатынын хабарлаған болатын.
Ал қалалық білім басқармасы Астанада жалпықалалық түлектер кеші болмайтынын хабарлады. Түлектер кеші өткізілетін орынды ата-аналардың өздері таңдайды. Мектептер түлектер кешінің уақыты мен орыны туралы ақпарат береді де, сол кесте бойынша басқарма мұғалімдер мен инспекторлардың кезекшілігін жүзеге асырады. Маусым айының соңында «Елорда мақтанышы» шарасы ұйымдастырылып, қала басшылығы «Алтын белгі» иегерлерін құттықтайды.
Айта кетсек, Ұлттық бірыңғай тестілеу биыл 20 маусым мен 1 шілде аралығында 167 пункте өтеді. Тестілеудің форматы өзгеріссіз қалған. Жиыны 140 балдық сында өту балы - 50. Ұлттық ЖОО-ларға түсу үшін 65 балға ие болу керек. Ұлттық бірыңғай тестілеуді 102 мың 442 бала тапсыратын болады. Айта кетерлігі, ҚР БҒМ «Ұлттық тестілеу орталығы» РМҚК директоры Рамазан Әлімқұлов ҰБТ-ны түлектердің 80 пайызы қазақ тілінде тапсыратынын хабарлаған еді.
Пікір 1