» » Ізгі ниет – несібе бастауы

Ізгі ниет – несібе бастауы

«Барлық нәрсе ниеттен басталады», «Ниетің түзу болса» деген сөздерді ел арасында жиі естиміз. Ниет жақсылықтың бастауы екенін де білеміз. Алайда біз қай дәрежеде ниет етеміз? Бір нәрсе бастар алдында «ниетім осындай» деп шын мәнінде жүрекке үңіле аламыз ба?
Ең алдымен ниеттің не екеніне тоқталсақ. Ниет – адамның жоспарлаған бір ісін атқару үшін санасында сол істі бастауға шешім қабылдауы. Атқаратын ісін толық түсінуі және оны саналы түрде атқаруы. Егер адам сауап алу және адамдарға игі іс істеу мақсатында бір істі жоспарласа бұл ізгі ниет те, ал жамандықты мақсат етсе қара ниет дейміз. Бұл туралы ел арасында «ниеті түзу емес» деген сөз де қалыптасқан. Ал асыл дініміз тек ізгі ниетті болуды үндейді. Ниет – тек жүректен туындайтын дүние. Ал жүректің ішіндегі дүниені Алла мен ниет еткен адамның өзі ғана біледі. Сырт көзге тіл жақсылықты ниет еткен болып қаншама сөз айтса да, әсілінде шындығы жүрекке ғана мәлім. Ең негізгісі – тілмен айтылған емес, жүректегі ниет. Сондықтан да жүректің бір іске бағытталуы және сол іске бағыт алуы деген мағынадағы ниет, өзгелерге мәлім болмағандықтан біреудің ниеті жайлы пікір айту, не болмаса біреудің қара ниетті екендігін айту да дұрыс емес.
Алайда, жыл басындағы қиын күндер ойландырмай қоймайды. Ел амандығына алаң қылатын күн туғанда, бас пайдасын көздегендердің де қатарымызда бар екенін аңғардық. Жер сілкінген уақытта қаладан шығуға асыққан тұрғындарды бұрындары мың теңгемен жететін қашықтыққа 10-15 мыңды сұрағандар да табылған. Осындайда Алла разылығы үшін тұрғылықты жеріне аман жеткізсе, алғыс арқалар еді. Дегенмен, олар тек пайда табуды ғана ойға алды. Алайда шарасыз адамды пайдасына жаратып, қаржысын жымқыруды көздеген жанның, сол қаржыға берекесі таси қоймас.
Ал қазіргі су тасқынында бас амандығын тілеп, құтты мекенінен амалсыз шығып отырған үйлерді тонаушы ұры-қары көбейгені жасырын емес. Осындай қиын сәтті пайдасына көздегендердің тапқан дүниесі қаншалықты құтты болмақ? Бастапқы ниеті ұрлау, жымқыру болғанда, ақыры түзу болмасы анық қой.
Қарап отырсақ, өмір ақ пен қара, жақсылық пен жамандық, бақыт пен бақытсыздық, сәттілік пен сәтсіздіктен тұрады. Әрқайсысын тағдырдың сыйы деп қабылдаған жөн. Бастаған ісің алға жүрмесе, бастапқы ниетіміздің қандай болғаны жөнінде ойланып көрген абзал. Ең маңыздысы – ниет, ешкімнің ала жібін аттамай, жүрегің таза, пейілің адал болса, көздегеніңе қиындықсыз жететінің анық.
Қарымды қаламгер Мұхтар Әуезовтің «Қай істің болсын өнуіне үш шарт: ең әуелі – ниет керек, одан соң – күш керек, одан соң – тәртіп керек» деген нақыл сөзі бар. Сондықтан да берекелі ризыққа ие болғыңыз келсе, ең алдымен әр нәрсеге жақсы ниетте болыңыз және әр ісіңізді сондай ізгі ниетпен бастаңыз. Жақсы ниет – өміріміздің айнасы екенін естен шығармайық. Несібем көбейсін десеңіз, ниетті дұрыстаңыз.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
09 сәуір 2024 ж. 270 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 281

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 376

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930