» » Қыр гүлінің кереметі

Қыр гүлінің кереметі



   Ұлыстың ұлы күнін тойлауда ұмыт қалған дәстүр көп. Алайда жаңашылдық та жоқ емес. Жыл өткен сйын жаңғырып, заманға сай бейімделіп келе жатырмыз. Осындай игілікті бастамалардың бірегейі биыл қолға алынды. Әз Наурызды тойлаудың онкүндігі – Наурызнама басталып кетті. Биыл қабылданған жаңа тұжырымдамаға сәйкес, мейрам он күнге жалғасады және оның әр күні жаңа қоғамдық құндылықтарды бекітуге арналған. Ұлттық дәстүріміздің бұлай қайта оралып жатқанына қуанбаған жан кемде-кем.
   Халқымыз ертеден Ұлыстың ұлы күнін жаңғырудың, ынтымақ пен өркендеудің символы есебінде санаған. Наурызнама – атадан келе жатқан дәстүрдің жалғасы. Мейрамның жаңаруының жаршысындай, оның үш қызғалдақты жаңа логотипі бекітілді. Осы орайда, жаңа логотиптің мән-мағынасын ашып айтуды жөн санап отырмыз.
   Жаңа логотиптің бірнеше ерекшелігі бар. Біріншісі, онда Қазақстанға тән бірегей дүниелер қолданылған. Мәселен, үш қызғалдақтың суреті орналасқан. Екінші, түстердің үйлесімі сақталған. Қызғалдақ қауызы үш түске – сарғылт, қызыл және сары түске боялған. Сонымен қатар, «Наурыз» сөзі көркем шрифтпен жасыл немесе ақ түспен жазылған.

Қауыз жарған қызғалдақ

   Көпшілігіміз неге қызғалдақ таңдап алынды екен деген ойда қалдық. Астарына үңілсек, логотип дизайнына қызғалдақ гүлін таңдап алу бекер емес екен. Бүкіл әлемде қызғалдақ ерекше мән-мағынаға ие. Оны байлық пен биліктің символы санайды. Оның қаншалықты танымал екенін мына деректен байқауға болады. Статистикаға сүйенсек, қазіргі таңда әлемдегі қызғалдақ нарығы 1,5 миллиард долларға жуықтаған. 2031 жылға қарай оның көлемі 2,3 миллиард доллардан асады деген болжам бар.
   Қызғалдақтың тарихи отаны Қазақстан екені белгілі. Қарапайым, бірақ бүкіл әлемде мән-маңызға ие бұл өсімдік қазақ топырағында бүр жарып, жер жүзіне таралған. Ғылыми еңбектерге сүйенсек, қызғалдақ осыдан 10 миллион жыл бұрын еліміздің оңтүстігінде, Тянь-Шань тауларының етегі мен жазығында пайда болған.
    Бүгінде төрткүл дүниеде қызғалдақтың 3 мыңнан астам түрі бар. Солардың басым көпшілігі – Ұлы дала қызғалдағының тұқымынан тараған. Қазір елімізде қызғалдақтың 35 түрі өседі. Соның 18-і Қызыл кітапқа енген. Тіпті, басқа елдерде кездеспейтін кей қызғалдақ тек қана біздің елде өседі. Мәселен, Шу, Іле тауларының етегінен әлі күнге дейін өсімдіктер әлемінің жауһары саналатын Регель қызғалдақтарын бастапқы күйінде кездестіруге болады.
   Айтпақшы, қызғалдақ гүлінің мынадай ерекшелігі бар. Ол көктемде гүлдеп, екі жылдай ғана уақыт өмір сүреді. Халқымыздың бұл гүлді Әз Наурыздың символы ретінде қолдануының себебі, қызғалдақ – көктемнің, жаңа өмірдің, тіршіліктің жаршысы. Әрі Наурыз айы туып, жердің тоңы кетіп, күн жылынғанда кең даламызды әсем түске бөлеп, бір-екі апта ғана гүл ашады.
   Тіпті қолөнер саласында қызғалдақ бейнесі ұлттық бұйымдарда жиі кездеседі. Мәселен, білезік, сақина, қамзол қапсырмалары, тері белдік, ағаштан жасалған жиһаздар мен ер-тұрман бұйымдарында гүлдің бейнесі салынады. Кейде осындай қарапайым дүниені де аңғара бермейтініміз бар. Қызғалдақ пішіндері текемет, кілем, алаша, сырмақ және кестелерде де бейнеленген. Ісмер шеберлер қоржын-дорбаларға, киіз үй жабдықтары мен ұлттық киімдерге де қызғалдақтың бейнесін салып, кесте тігіп безендірген.
   Тағы бір ерекшелігі – қызғалдақ дін тұрғыда да, мәдени тұрғыда да әлем елдерінің тарихында өшпес із қалдырды. Мәселен, ғұсни хат шеберлері гүлді «Алла» сөзін жазғанда әсемдікке қолданған. Мұның себебі мынада. Жарты Азияны жаулаған Осман империясында қызғалдақ ерекше мәнге ие болған. Оның үстіне, Анадолыдағы ағайындар қызғалдақты «laleh» деп атаған. Мұны араб қарпімен жазғанда «Алла» деген сөзде кездесетін әріптер қолданылады. Қызғалдақтың қауызын бейнелейтін ою-өрнек пен нақыштар Қытайдан бастап Еуропаға дейін таралған халықтардың сәулет өнерінде, киімінде, әшекейлерінде кездеседі.
   Көздің жауын алатын өсімдік танымал талай суретшіге қанат бітірді. Мысалы, Винсент ван Гогтың атақты «Баданалы алқап» картинасында Нидерландтағы қызғалдақ алқабы бейнеленген. Сол секілді Клод Моненің қылқаламынан «Голландиядағы қызғалдақтар», «Гаага маңындағы қызғалдақ алқабы» секілді танымал туындылар дүниеге келді. Бұдан басқа қызғалдақты кенепке түсірген суретшілер жетерлік.
 
Үш санының қасиеті

   Логотипке үңілсек, қызғалдақтың саны үшеу. Бұл да кездейсоқтық емес. Неге десеңіз, үш саны үш кезеңнің ажырамас байланысын көрсетеді. Қазақстанның өткенін, бүгінін және болашағынан хабар береді. Наурыздың жаңа логотипіндегі үш қызғалдақ – уақыттың үш кезеңін, яғни, еліміздің кешегі тарихын, қазіргі дамуын және келешек бағдарын бейнелейді. Бұл орайда, ұлы философ Әбу Насыр Әл-Фараби бабамыздың «Өткенді, тарихты білмей, қазіргі шақты білу, болашақты болжау қиын» деген сөзін темірқазық етіп алсақ болады. Бұл сөз қазіргі қазақстандық қоғам үшін де өзекті. Өткенін мойындамаған ұлттың алға жылжуы, кемелденуі мүмкін емес.
   Үш қызғалдақ бізді мыңжылдақтарға созылған тарихымызды ұлықтауға, бүгінге дейін, оның ішінде тәуелсіз жылдарында жеткен жетістіктерімізді түйсініп, соңғы бес жылда елімізде басталған өзгерістерді бағалуға, одан соң алдағы даму бағдарымызды айқындап, елдік мұрат жолында бар қайрат-жігерімізді жұмсауға үндейді.
   Халқымызда  үш саны ежелден аса киелі саналады. Тарих, осы шақ, келешек – уақыт кеңістігіндегі маңызды үштік. Әлемнің өзі үш өлшемнен құралған: ені, ұзындығы және биіктігі. Адамның болмысы да үштіктен – тәннен, жаннан және рухтан құралған.
   Қазақтың үш санын сәтті санағанын «сәрсенбінің сәтті күні» деп аптаның үшінші күніне айрықша айдар тағуынан да аңғара аламыз. Халқымыз ер жігіттің үш жұрты бар (өз жұрты, нағашы жұрты және қайын жұрты) деп ерекше атап көрсеткен. Сол секілді үш ғайып (ажал ғайып, қонақ ғайып, несібе ғайып), үш қуат (ақыл, жүрек, тіл), үш даусыз (мінез, кәрілік, ажал), үш байлық (бірінші байлық – денсаулық, екінші байлық – ақ жаулық, үшінші байлық – он саулық) секілді ұғымдар жетерлік.
   Түркі мифологиясында да әлем ағашы үш бөліктен тұрады: тамыры, діңі және жапырағы. Қазақ халқының құрамына енген өзге этностар үшін де үш санының қасиетті мәні бар. Үш саны – көптеген мәдениетте де бақыт пен сәттілік символы.

Таңдалған түстердің түп-төркіні

  Логотипте қолданылған түстер Ұлы даланың байлығынан, алуан түрлі өмірінен, халқымыздың қуаты мен ұстанымынан хабар береді. Мәселен, жасыл түс – еркіндікке деген жігерлікті, табандылықты, мақсаткерлікті білдіреді. Сондай-ақ жасыл – даму мен жаңғырудың символы. Жасыл түсі көп елде жастық пен жаңа шыққан көк, өсімдік бейнесімен ассоциацияланады. Психологияда бұл түсті таңдағандар – өзінің құндылығына деген сенімді жоғарылатқысы келетіндер, айналасындағы адамдардан мақтау мен жақсы пікір күтеді деп сипатталады. Бұл түс адамға сенімділік береді. Ал сары түс – қуаныштың, күн шапағының нышаны. Ол адамды болашаққа бағыттайды, жаңалыққа талпындырады, заманға ілесуге, дамуға құштар етеді. Көпшілік ұнататын қызыл түс – даму мен байлықтың да символы ретінде есептеледі.  Бұл түстердің барлығы үйлесе келе ел бірлігіне, көңіл сергектігіне, әр адамның өз қабілет-қарымын шыңдауға үндейді. Ол әркімді өз күш-қайратына сенуге, елдің ертеңіне нық сеніммен қарауға, ұдайы кемелдену мен үйлесімділікке ұмтылуға, айналамыздағы сұлу қоршаған әлемді бағалауға шақырады.
   Тағы бір айта кетерлігі, логотип крафт стилінде салынған. Бұл көркем бейне мәдениетіміздің тамыры тереңге кеткенін, байлығын, салт-дәстүрден сусындап өскен еліміздің рухани мұраны келер ұрпаққа сеніп тапсыруына сай келеді.
   Қазақстан халқы үшін қызғалдақ Наурыз мерекесінің жарқын символы саналады. Біздің ата-бабаларымыз ежелден қызғалдақты қастерлеп, оны жұмақ гүлі деп санаған. Қызғалдақты көктеммен, махаббатпен, құнарлылықпен, өмірдің жаңаруы мен тіршіліктің мәңгілік циклімен байланыстырады. Сондықтан бұл таңғажайып гүл – Ұлы Дала мерекесінің басты символы ретінде таңдалды. Көктем көркіне айналған қызғалдақ, енді одан да жоғары мәртебе алып әрдайым «Наурыз» мерекесін еске салып отырмақ. Кез келген жерде оны көрген адам Ұлыстың ұлы күнін ойға алып, оның басты мақсаты халықты бірлік пен ынтымаққа шақыру екенін түсінгені жөн. Туған жерді көркейте бер, қыр гүлі.
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
20 наурыз 2024 ж. 225 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 285

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 380

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930