» » АМАЛ КЕЛДІ, ЖЫЛ КЕЛДІ

АМАЛ КЕЛДІ, ЖЫЛ КЕЛДІ

Биылғы Наурыз жылдағыдан өзгеше. Оған себеп Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамын тойлаудың жаңа тұжырымдамасы әзірленді. 14-23 наурыз аралығында халықтық мерекені тойлауға арналған Наурызнама онкүндігі жарияланды.
Жаңа қабылданған тұжырымдамаға сәйкес, «Наурызнаманың» әр күні жекелеген тақырыптар мен құндылықтарға бөлінген. Жеке-жеке аталып өтілетін әр күннің мән-мағынасы қазақ халқының, Қазақстан қоғамының мәдениеті мен салт-дәстүрін, әдет-ғұрпы мен қоғамдық құндылықтарын айшықтайды.
«Наурызнама» онкүндігінің алғашқысы 14 наурыз – «Көрісу күні – Амал мерекесі». Амал мейрамында «амал кірді», «амал келді» деп қуанамыз. Шығыс елдеріндегі күн (шәмси) күнтізбесі бойынша, наурыздың басталуы – хамал (амал) айының 1 жұлдызы есептеледі. Ежелден келе жатқан дәстүр бойынша халық бұл күні қыстан аман-есен шыққанына, көктемге аяқ басып, туған-туыс, көрші-қолаңмен жүздескеніне қуанып, қол алысып, төс қағысады. Бір-біріне деген араздық, өкпе-ренішті ұмытып, амандық тілейді.
Наурыз парсыша «Жаңа күн». Ертеде қазақ бұл күнді «Наурыз» демей, «Амал» деп атаған. Амал мерекесі немесе Көрісу дәстүрі – еліміздің батыс өңірлерінде ежелден сақталып, жыл сайын аталып өтілетін. Ал биыл бұл күн Наурызнама онкүндігіне орай еліміздің барлық аймағында тойланды.
Біздің аудан да мерекені лайықты түрде тойлады. Аудандық жыраулар үйінің алаңы мерекеге орай безендіріліп, «Көрісу күніне» арналған жиын өтті. Қыстың соңғы тоқсаны шығып, жылылық лебін алып келетін мерекеде жиылған жұрт бір-біріне ыстық ықыластарын білдірді. Қазақы үлгіде киінген көпшілікке қарасаңыз көз тояды. Жас жігіттер арқан тартып, тоғызқұмалақ ойнаса, келіншектер қауымы бауырсақ пісіріп мерекенің көркін қыздырды. Қыстан аман шығып, бір-бірімен қауышқан көпшіліктің көңілі көтеріңкі. Бір-бірін мерекемен құттықтап, мәре-сәре болды.
Тағылымды іс-шараға арнайы қатысқан аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков, әйелдер кеңесінің төрайымы Гүлжауһар Раева, аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Ғарышбек Нысанбаев мерекемен құттықтап, Амал мейрамының мән-мағынасы мен тарихына, оның құндылықтарына айрықша тоқталып өтті.
– Ертеректе аталарымыз осы мерекені ең жақсы мейрамның бірі ретінде жоғары дәрежеде тойлаған. Кейін Кеңес уақытында қыспаққа ұшырап, ұлттық тәлім-тәрбие, ұлттық мейрамдарымыздың көбі ұмытылып кеткен-ді. Тәуелсіздік алып, елімізге егемендік орнаған соң Амал мерекесі тойланып жатыр. Жыл сайын батыста ғана тойланатын мереке, енді бізге де келді. Биылдан бастап Наурызды бұрынғы ата-бабаларымыздай он күн атап өтетін болдық. Ертеректе жол болмаған, атты көлік еткен уақытта ағайын бір-бірімен қар көбесі сөгіліп, күн жылынған осындай кезеңде «Қыстан аман шықтың ба?», «Мал-жаның аман ба?» деп көрісетін болған. Қыстың қытымыр аязынан түгел шыққан туысқанын жаңа жасымен құттықтап, ізгі лебіздерін білдірген. Түп төркіні осылай бастау алған Амал мерекесі баршаңызға құтты болсын! Басыңызға бас, жасыңызға жас қосылсын, – деді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков.
Сондай-ақ мерекелік жиында ауданның ақжаулықты аналарына облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың құттықтауы табысталды. Іс-шараға келген қонақтарға ақ дастарқаннан шұбат, ыстық бауырсақ пен басқа да қазақтың ұлттық тағамдары ұсынылып, мерекелік іс-шара өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласты. Ән мен жыр тербеліп, көрікті алаң көңілге шаттық ұялатты. Күннің ызғарын көңілдің жылуы алмастырған, мерекенің лебін, көктемнің самалын сездірген тамаша іс-шара болды.
Тағы бір айта кетерлігі, ауданға қарасты III Интернационал ауылдық округінде де түрлі ұлт өкілдерінің қатысуымен Амал мерекесі жоғары дәрежеде ұйымдастырылып, ұлтаралық достық пен бірліктің үлгісін көрсетті.
Амандық сұраудан бастау алатын, шығу төркіні тереңде жатқан айтулы күн Алаш баласына етене жақын. Бұл – мерекенің бастауы ғана. Алдағы уақытта 23 наурызға дейін Наурызнама онкүндігіне сәйкес түрлі бағыттағы ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылатын болады. Амалдан амалға аман жетейік, оқырман!
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
16 наурыз 2024 ж. 244 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 287

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 382

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930