Өңірде суды үнемдеу ӨЗЕКТІ
Көктем келді дегенше далада тынымсыз тіршіліктің қызатыны белгілі. Соның ішінде ауылдық жерлердегі шаруашылықтар жылдағы әдетімен көктемгі егін науқанына қамданып, дайындыққа кіріседі. Сондай-ақ берілетін су көлеміне сай егін егу жоспарын жүргізеді. Соңғы жылдары Сырдария өзенінің арнасы күрт түсуінен, дария жағалауындағылардың алаңы басым. Аймақтың экономикасы мен экологиясының өзегіне айналған өзеннің қазіргі ахуалы кім-кімге де оңай тиіп жатқан жоқ.
Бүгінде әлемдік проблемаға айналып отырған судың жеткіліксіздік мәселесі жоғарыда жан-жақты талқылануда. Қиыншылықтан шығудың жалғыз жолы – су үнемдеу технологиясын жаппай енгізу арқылы ғана мәселені шешуге болатынын алға тартады. Нақты айтқанда, жаңбырлатып немесе тамшылатып суару жүйесін енгізбейінше бұл қай жерде де өзекті күйінде қала бермек.
Жақында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен ауыл шаруашылығы құрылымдары өкілдерімен вегетация кезеңіндегі болжамды су көлеміне сәйкес егін егу мәселесі талқыланды. Жиынға ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов қатысты. Былтыр Сыр өңірі бойынша егіс көлемі 4800 гектарға ұлғайтылып, 193400 гектар жерге егін егілген. Оның 80 мың гектар күріш егістігінің әр гектарынан 56,5 центнерден өнім алынды. Саланы субсидиялауға 14 млрд теңге қаржы бөлініп, 224 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, 3,7 пайызға артқан. Ал биылғы жылғы егіс көлемінің жоспары нақты шешілген жоқ.
– Күріш – аймақтың табиғи ерекшелігіне, ауа райы мен топырақ құрамына бейімделген негізгі дақылымыз. Соңғы жылдары Сыр диқандары су тапшылығының кері әсерін сезініп келеді. Былтыр вегетация кезінде егісті сумен қамтамыз ету күрделі жағдайда өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы мен Үкіметтің қолдауының арқасында аймақта су тапшылығының алдын алу шаралары қабылданды. Биыл да Сырдария өзеніндегі судың жағдайына қарап, алдағы вегетация кезеңіндегі тапшылық болатыны болжануда, – деді облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы. Сондай-ақ аймаққа іссапармен келген ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов те саладағы негізгі мәселелерді атап өтіп, шешу жолдарын ұсынды.
– Былтыр Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған Су ресурстары және ирригация министрлігі 6 ай ішінде жаңа «Су кодексінің» жобасын жасап, Парламентке қарауға ұсынды. Бұл құжат үш мақсатты көздейді. Олар – су тапшылығына қарамастан, ел экономикасына пайда әкелу, тұрғындардың күнделікті жағдайын жасау және экологиялық мәселелерді шешу. Министрлік бірнеше бағыт бойынша жұмыс істеуде, ең маңыздысы – суды үнемдеу жолдарын қарастыру. Үкімет су үнемдеу технологияларын енгізетін шаруа қожалықтарын қолдауды ұсынуда. Атап айтқанда, тамшылатып және жаңбырлатып суаруды енгізсе, субсидия 50 пайызға дейін, ұңғыма қазса 80 пайызға дейін ұлғайтылды. Қазір су үнемдеу – аса маңызды мәселе, – деді ол.
Судың ысырабын азайтудың және өнім көлемін арттырудың бірден-бір жолы – тамшылатып суару әдісі. Бүгінде бұл әдістің тиімділігін түсінген шаруагерлер баршылық. Осыған сәйкес, осы жүйеге өтіп жатқандардың да саны көбейіп келеді. Мәселен, былтыр Дүр Оңғар ауылындағы «Жаңажол» шаруашылығы 5 гектар жерге алма көшетін отырғызып, оны суаруды тамшылату әдісі арқылы жүзеге асырған-ды.
Биыл да осы әдіспен 10 гектар жерге бақша егуді қолға алуда. Сондай-ақ Тұрмағамбет ауылы да 25 гектарға жоңышқа сеуіп, оны жаңбырлатып суару арқылы өсіруді көздесе, 3 гектар жерге бақша өнімдерін егіп, тамшылату әдісімен суаруды мақсат етіп отыр. Төребай би ауылындағы «Шабан ата» шаруа қожалығы да осы су үнемдеу әдісі арқылы 20 гектар жерге жоңышқа өсіруді жоспарлап отыр. – Биыл ауылшаруашылық саласындағы қуантарлық жаңалығымыз – суды үнемдеу технологиясын қолға алуымыз. Бұл аудан үшін үлкен серпіліс. Себебі су тапшылығы жылданжылға сезілген сайын шаруашылықтарымызға егін егу қиындап барады. Осыған орай суды аз қажет ететін дақылдардың көлемін көбейту жоспарымызда бар. Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаев жалпы су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізуді тапсырып отыр. Осы әдіске шаруаларымыз ақырындап көшсе, еліміздің агросаласының жаңа белесіне шығарымыз сөзсіз, – дейді аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастар бөлімінің басшысы Әсет Омаров.
Күріш алқабындағы суды үнемдеудің бірден-бір жолы – атыздарды лазерлік тегістеу. Өзбекстан Республикасында ЮНЕСКО-ның «ZEF/ UNESCO» жобасы шеңберінде іске асқан ғылыми зерттеулерге талдау жүргізілген. Нәтижесінде суармалы суды 20 пайызға дейін үнемдеуге және өнімділікті 30 пайызға дейін арттыруға болатыны дәлелденген.
Ерсін СӘДУҰЛЫ