ОҚУ ҺӘМ САУАТ АШУ ТУРАСЫНДА
Ұлтты сүюдің формуласын Алаш қайраткерлерінің өмірі мен шығармашылығынан көреміз. Тоз-тозы шыққан елінің қамы үшін жанын шүберекке түйіп, қазаққа қалтқысыз қызмет еткен қайраткерлер өмірі бізге үлгі.
Ахмет Байтұрсынұлы әке үмітін арқалап өскен өреннің бірі. Байтұрсын атекем патша үкіметінің езгісіне түсіп, қос бауырымен айдалып бара жатып, баласы Ахаңа: «Балам, міне, біз 25 жылға кесіліп, Сібірге айдалып кетіп бара жатырмыз. Жоғары үкімет бастықтарына арыз бере алмай қалдық, егер арыз берген болсақ, олар кесілген уақытты азайтар ма еді, не болмаса әбден қысқартып, босаттырар ма еді, кім білсін? Сол себепті қандай қиыншылық көрсең де, аш болсаң да, қанша қорлық көрсең де – оқы, айтатын тілегім осы. Біздің үйде шешеңнің жанында маған хат жазатын балам болсын» деген екен. Ахаң әке тілегін орындауға уәде береді.
Қазіргі қазақ баласы – Ахаң аңсаған ұрпақтың көрінісі. Елімізде жыл сайын оқуға, білім алып біліктілік жетілдіруге көптеген мүмкіндікке жол ашылып жатыр. Ауылдардағы мектептің жағдайы қалыпқа келтіріліп, балаға озық үлгідегі ілімбілім беретін мұғалімдердің қатары толығуда. Жыл сайын оқулықтар жаңартылып, білімнің жаңа баспалдағын аттауға жылы леп беруде. Бірақ көптеген отбасының шаңырағында бала алып жатқан білімді бақылау бәсеңдегендей сезіледі. Ата-аналармен тілдескенде олардың бала оқытуға уақыттарының тығыздығы, тапсырмаларға бақылау қоймайтыны, сәйкесінше баланы өзін-өзі оқуға ерік бергендігі жайлы пікірлер айтылып жатады. Әр бала біздің ертеңіміз. Біз баланың не істеп, не үйреніп жүргені, қандай білім алып жатқанынан хабардар болуымыз шарт. Баланың білім алудағы толық жауапкершілігін мұғалімге арта салу – ертеңіне алаңдамаған ездің тірлігіне тең. Оқушы – ұстаз – ата-ана – үштік одақ ынтымақтастығы болғанда ғана білім мен тәрбиенің биігіне шыға аламыз деп есептеймін. Хәкім Абай: «Мына мен айтқан жол – мал аяр жол емес. Құдайдан қорық, пендеден ұял, балаң бала болсын десең – оқыт, мал аяма!» дейді. Бүгінгі біздің баланың біліміне құйған инвестициямыз – ертеңгі оның халыққа қылатын адал қызметі, ауқатты өмір сүруі мен жарқын болашағы.
Балалардың бір күндік уақытының көп бөлшегі мектепте болады. Осы тұрғыда Абайдың мына сөзі еске түседі. «Адамға үш алуан адамнан мінез жұғады: ата-анадан, ұстазынан, құрбысынан. Әсіресе, олардың қайсысын жақсы көрсе, содан көп жұғады». Оқушы мектепте уақытының басым бөлігін ұстаздарының жанында өткізеді. Қазіргі мектеп ұстазының портретінде оның болмыс-бітімі, кескін-келбеті, мәдениеті, этикасы мен сөз әдебі ерекше орын алады. Ұстаздың қай бағытқа қарай икемі көп болса, баланың да бойына сіңіретін қасиеті сол болмақ. Ұстаздық жол – екінің бірі келетін оңай жол емес. Әр адам ұстаз болуға саналы түрде дайындалып, өмірін бала оқытуға, шәкірт тәрбиелеуге арнайды. Қожа Ахмет Яссауи өзінің «Диуани хикметінде» былай дейді: «Осы жолда болмайды екен жан күтуге, жан күткенді күтеді алдан мәңгі түрме». «Кешке дейін ұстазбын, кештен әрі кім білсін, өз-өзіме бостанмын» деп жүру – қателік шығар.
Ұлт ұстазы өзінің сөзінде: «Бар қазақтың баласын оқыта алмауым мүмкін. Бірақ бар қазақтың баласы оқуы керек» дейді. Баланың өз бетінше тіл меңгергені, түрлі жанрдағы кітаптарды оқуы, дағдыларды игеретін курстарға қатысуы, шығармашылықпен айналысуы – білім тенденциясы. Өзгермелі әлем өз қиыншылықтарынан тұрады. Озық технологияның қолы жетпейтін жерге, миы бар адамның қолы жететіні һақ.
Қанымызға сіңіп жүрген жалқаулық пен көрсеқызарлыққа білім ғана тосқауыл қоймақ. Білімнің биігіне жету үшін өзімізбен күресті қазірден бастауымыз қажет. Бала білімді болса – ұлттың да ғұмыры соншалықты ұзақ болмақ. Майдаланған ұрпақты пайдаланар жау келер, қатып сіңген білімді жұлмалауға кім келер?
Нұрасыл БЕКМАТОВ