Ахмет және мәдениет
«Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың
ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды»
Ахмет Байтұрсынұлы
Ахмет Байтұрсынұлын баршамыз ұлт қайраткері, қаламгер, ғалым ретінде танимыз. Қазақ мәдениеті, жалпы мәдениет тұрғысында қарастыратын болсақ «Ахмет Байтұрсынұлы және мәдениет» тақырыбына да кеңірек назар аударуымыз керек сияқты.
Олай деуіміздің себебі қазақтың замана білімі мен мәдениет көшіне ілесе алмай жатқанын алғаш барынша жеткізген қазақтың бас ақыны Абай болатын. Абай бұл мәселені адамның адами қадір-қасиетін биік қоя отырып, адамның мінез-құлқы арқылы көп жайтты жеткізсе, ұлтының мәңгілігін ойлаған Алаш зиялылары туған халқын сол білім мен мәдениет көшіне қосу үшін саяси-мәдени қайраткерлікті тұтас ұстанып күресті.
Жалпы Алаш қайраткерлерінің негізгі мақсаты да қазақты басқалармен теңестіру еді. Себебі, дүниедегі әділетсіздіктің көбі халықтардың мәдени деңгейінің әртүрлі болуынан. Мәдениетті халықтардың өздерінен мәдениеттің төменгі сатысында тұрған халықтарға озбырлық көрсетуіне, отарлауына әлемдік тарихта да, өзіміздің тарихымызда да мысал жетерлік. Ахмет Байтұрсынұлының еңбектеріндегі «мәдениет» ұғымы қазіргі біздің түсінігіміздегі тура мағынасындағы мәдениет қана емес, жалпы мағынадағы түсінік. Яғни қаламгердің «Әдебиет танытқыш» кітабындағы терминдерін пайдалансақ, «тірнек өнері» және «көрнек өнері». Соған орай, ол мәдениет құбылысын халықтардың тұрмыста, шаруашылықта, кәсіпте жеткен табыстарымен де тікелей байланыстырған.
«Мәдениет алға басуы тірнек ісі шеберленуімен, сана-саңылау күшеюімен болады. Тірнек ісінен шыққан шеберлікті өнер дейміз, сана-саңылау күшінен шыққан білімді ғылым дейміз. Бұл екеуі де іштен адаммен бірге туатын нәрсе емес, үйренумен табылатын нәрсе. Үйрену дегеніміз – оқу. Сөйтіп, мәдениет жүзінде халықтың алға басуы, алдағы жұрт пен арттағы жұрт арасындағы мәдениет жігі жоғалуы оқуға келіп тіреледі... Мәдениет күшейеді өнер-білім күшімен, өнер-білім күшейеді оқумен» деген ұранды сөздер Ахмет Байтұрсынұлының өмірлік мұраты болған. Өйткені ол өзінің саналы ғұмырын туған халқын сауаттандыруға, білімді етуге аянбай қызмет етті. Сондықтан да өзінің замандастарынан бастап бүгінге дейін біз қазақтың тарихи тұлғаларының ішінде Ахмет Байтұрсынұлын «Ұлт ұстазы» деп аса жоғары бағалаймыз.
Ахмет Байтұрсынұлы сынды ұлт тарихындағы айрықша тұлға – сол ұлт мәдениетінің жаңа беттерін де жазған, ашқан, тұтас ұлтқа мәдениет қаруын ұстатқан адам. Ол – жазу. Осы жазу арқылы біз сауат ашамыз, білімге бет бұрамыз, мәдениетті боламыз.
1912 жылы Орынборда жарық көрген Ахмет Байтұрсынұлының «Оқу құралы» кітабы – қазақ тілінің табиғатын ашқан, танытқан, көпті сауаттандыратын тұңғыш ұлттық мазмұндағы әліппеміз. Осы кітап арқылы Ахмет Байтұрсынұлы қазаққа мәдениеттің нағыз қаруы – жазуды сыйлады. Демек, Ұлт ұстазы Ахмет өзінің ұлттық жазуы арқылы бізге өркениеттің кең қақпасын ашты. Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тілінің осындай жаңа дәуірін бастаған жасампаз тұлға. Қазақ даласына қазақша оқып, қазақша жазуды алғаш ұсынған алаш ардақтысы – Ахмет Байтұрсынұлы. Себебі, әлемге әйгілі ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби арабша сауат ашып, арабша жазған десек, қазақтың ұлы ғалымы, этнограф Шоқан Уәлиханов орысша оқып, орысша жазған. Ал тұңғыш Қазақ тілінің «төл» дыбыстарына ғана тән әліпби құрастырып, қазақша жазған ғұлама – Ахмет Байтұрсынұлы деп білеміз.
Қазір бәріміз оқу жағынан Абай заманынан да, Ахмет заманынан да ілгеріміз. Солай бола тұра, қазақ зиялылары жайлы сөз қозғамау, ой толғамау біз үшін үлкен сын болмақ. Саналы ғұмырын ұлтының болашағына арнаған, қазақ тіліне, қазақ мәдениетіне сіңірген орасан еңбегін қастерлеу – кейінгі ұрпақ біздің басты борышымыз.
Қамар САРСЕНБАЕВА,
аудандық К.Рүстембеков атындағы Жыраулар
үйінің мәдени ұйымдастырушысы