» » Қазақ даласының ұлы тұлғасы

Қазақ даласының ұлы тұлғасы

qarmaqshy-tany.kz «Қазақтың басқа оқығандары шен іздеп қызмет қылып жүргенде, сол заманда Ахмет Байтұрсынов қазақ халқының қамын ойлаған жалғыз кісі еді».
Сәкен Сейфуллин.
Өз заманында «Қазақтың Ақаңы» атанған қазақ әдебиетінің көрнекті өкілінің бірі, ұлт ұстазы, ақын, қазақ әліпбиін-өмірге әкелген қазақ халқының адал перзенттерінің бірі де бірегейі Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ даласының адал ұлы. Ол туған халқының бейбіт, еркін өмір сүруіне, ұрпағының сауатты болуына жанын аямай еңбек еткен, тер төккен ұлы күрескер.
Әрбір азаматтың туған жерін, туған елін сүюі отбасынан басталады. «Тәрбие басы – тал бесік» дегендей, Ахметтің туған ұясы, өскен ортасы Шашақ әулеті өз перзенттерін адал, ұлтжанды етіп өсірген. Алайда Шашақтың үш ұлы, оның ішінде шақтың үш ұлы, оның ішінде Ахметтің әкесі Байтұрсын да бар, ояздың әділетсіздігі үшін қарсы шыққанына Сібірге жер аударылып кете барды. «Оқ тиіп, он үшімде ой түсіріп, Бітпеген жүрегімде бар бір жарам...» деп ақынның жазуы – соның айғағы. Әрине, бұл жағдай Ахметті ешқандай мұқалтпады. Шашақтың үлкен ұлы Ақтастың айтуымен туыстары Ахметті Торғайдағы төрт жылдық орыс-қазақ училищесінде оқытып, білімін жетілдіртті. Бұрыннан да ауыл молдасынан хат таныған, анасы Күңшеден орыс кириллицасындағы әліппесін үйреніп алған Ахметке бұл оқу орнында оқу қиын болған жоқ. Ахмет екінші курста жүріп-ақ орыс тілін жетік меңгеріп алды. Ахмет білімге өте құштар болды. Төрт жыл бойы сабақтан бос кезінде ауылға қайтпай орыс, шетел әдебиетін, географиясын терең оқып үйренді. Ауылға барса үлкендердің шежіре әңгімесін ұйып, жырауларды, термешілерді қызыға тыңдады. Алғашқы өлеңге деген құштарлығы осы кезде басталды, дәптердің сыртына, бос жерлеріне өзінің өлең шумақтарын жаза бастады. Ахметтің арманы, алға қойған мақсаты – ұстаз болу еді. Сол себепті Торғайдағы оқу орнын бітірген соң Орынбордағы мұғалімдер даярлайтын төрт жылдық училищеге түсті. Бұл оқу орнын 1895 жылы ойдағыдай аяқтап, Ақтөбе, Әулиекөл мектептерінде ұстаздық қызмет етті. Ұстаздық қызмет атқара жүріп ол қазақ халқының ұлттық жазуы, әліпбиі керек екенін білді. Қазақ кириллицадан басқа әліппе жасауды ойластыра бастады. Сол үшін кітапханалардан әлем тәжірибесін зерделеп, латын, қолданыста жүрген арап әліпбиін терең зерттеп, олардың қазақ сөзіне, дыбысына ыңғайлы жақтарын қарастырды. Және де жас ұрпаққа білім беруде жаңа әдістемелік жүйені қолданудың жолдарын іздестірді. Ахмет Байтұрсынов ұстаз болған тоғыз жыл ішінде елімізде болып жатқан қоғамдық-саяси оқиғалардың астарына да үңіліп жүрді. Ресей отаршылдарының қазақ жеріндегі билігін нығайта түсіп, қара қазақтың жеріне тереңдеп ене бастағанын, халықтың қабырғасы езгіден қайысып жүргенін жүрегімен сезінді, көрді. Сондай-ақ сауатсыз елдің отаршылдарға қарсы қайраны да болмайтынын білді. Сондықтан әдебиетпен жұрттың намысын қайрап, сауатын ашу қажеттігін мұрат етті. Ахметтің қазақ өміріне бейімдеп, еркін аударған «Қырық мысал» жинағы сол кездегі қазақ жұртына әсері мол болды. Көкірегі ояу, көзі ашық кейбір қазақ ұлтының азаматтары ақынның осы шығармаларын оқып қана қоймай, өздері жүрген ел ішінде елдің санасын осы туындылары арқылы оятуға тырысты. Ал қазақ елінің келешегі үшін «Қазақ» газетін шығару – Ахмет үшін үлкен қиындықпен, тер төгумен келді. Өмірде де, шығармашылықта да адал досы болған Міржақып Дулатов екеуі шағын типография сатып алып, Ахмет араб әліпбиі негізінде жасаған әліпбидегі жиырма сегіз әріптің таңбасын Қазан қаласында темірден құйдырады. Бұл газеттің сол кезеңде қазақ жұрты үшін маңызы зор болды. Газет беттерінде орыстың бай-манаптарының қазақ жерінің шұрайлы жеріне қоныстатуды тоқтату, жерді қазаққа бөлу мәселесі, қазақ сыныптарын ашу мен қазақ әліпбиімен оқыту сияқты ең өзекті мәселелер көтерілді. Өмірлері қауіп-қатерден тұрса да газет- ке келген әрбір мақаланы түзетіп, өңдеп қайта жазып шығудың өзі қаншама еңбек еді. 1913 жылдан 1929 жылға дейінгі аралықта Ахмет Байтұрсынұлының елі үшін, қазақтың келешектегі мемлекеттігі үшін атқарған қызметтері ұлан-ғайыр. Ол қазақ әліпбиін, бірнеше оқу құралын, методикалық оқулықтар мен тұңғыш қазақ терминологиясын қалыптастырды. Ахмет Байтұрсынұлы не істесе де ұлтының келешегі үшін қызмет етті. 1923 жылы оның мерейтойында Сәкен Сейфуллиннің «Қазақтың басқа оқығандары шен іздеп, қызмет қылып жүргенде, сол заманда Ахмет Байтұрсынов қазақ халқының қамын ойлаған жалғыз кісі еді» деген себебі сол еді. Қазақ әліпбиінің тағдыры үшін тер төккен алып тұлға – Ахмет Байтұрсынұлы. Әліпби тағдырын ана тіліміздің тағдырына балаған ол 1914 жылы «Қазақ» газетіне «Хикметтің керегі – мемлекеттегі жұрттың бәрі бір тілде, бір дінде, бір жазуда болу, ал халыққа керегі – өз діні, тілі, жазуының сақталуы» деген жанайқайында азаттық идеясы жатқан жоқ па? Еш халықтың тіліне қиянат жасауға болмайды. Кез келген ұлт өз тілінде дамуы керек. Олай болмаса, халықтың жоғалғаны. Ахмет армандаған қазақ жазуы – ұлтымыз үшін ана тілі сол шақта азаттыққа жеткізетін алтын көпір болған екен. Ахметтің бұл даналық ойы бүгін де өміршең. Оның қай шығармасын алсақ та ұлтының жақсы өмір сүруі үшін, егемендігі үшін барлық өмірін арнаған тұлға екенін көруге болады. Бар ғұмырын ұлтының мұратына сарп еткен мемлекет қайраткері, бірнеше ғылымның негізін қалаған ғалым, ақын, публицист Ахмет Байтұрсынұлы 1937 жылы НКВД үштігінің шешімімен қараша айында атылып кетті. Сөйтіп, Ахмет Байтұрсынұлы тура 66 жасында қанды қолдылардың оғынан өмірі қиылды. Әкесі Байтұрсын да патша оязын ұрғаны үшін ұзақ жыл айдауда болып, елге келген соң 66 жасында өмірден баз кешіп еді. Алаштың ардақты азаматын 1988 жылы ақталғанға дейін есімін атау қылмыс болып саналды.
«Менің айыбым – тірі жүргенім, ғылым қуғаным» деп айдауда жүргенде қамығып айтқан осы сөзінен оның мейірімді, кешірімшіл, үлкен жүректі, өз елі үшін жанын қиюға барған ұлы тұлға екенін көруге болады. Барлық өмірі қуғын-сүргінмен өткен, елінің тәуелсіздігі мен бостандығы үшін құрбан болған Ахмет Байтұрсынұлы Алаштың алып азаматы болып Қазақ елінің жадында мәңгі сақталады.
Жанат ОҢАЛБАЕВА,
No28 орта мектептің мұғалімі
31 қазан 2022 ж. 576 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 285

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 380

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930