КИІКТІҢ КИЕСІ БАР, ЖЕРДІҢ ИЕСІ БАР
Табиғат – адамзаттың ажырамас бөлігі. Адам мен табиғат арасындағы байланыс ешқашан тоқтамақ емес. Тіпті қанша ғасыр өтсе де егіз қозыдай тіршілігі мен тынысы біте қайнасқан заңдылықтың бұрмалануы мүмкін емес. Сондықтан жер бетіндегі тіршілік етіп отырған әрбір жаратылыстың алатын орны ерекше. Табиғат ана – кең құшағына саналы да, санасыз да мақұлықты қатар сыйғыза білген құдірет. Киік – қазақ секілді сайын даланы еркін мекендеп, судың тұнығын ішіп, ауаның тазасын жұтып, жердің сұлуын таңдап көшіп-қонып жүретін түз тағысы.
Халқымыз мамырдың аяғына таман соғатын суық желді «Құралайдың салқыны» деп бекер айтпапты. Өйткені бұл уақытта күтпеген жерден ызғарлы суық келіп, жаңбыр мен қар араласып жаууы мүмкін. Дәл осы кезеңде киіктер төлдейді. Түз тағысы алдын ала шыбын-шіркей жоламайтын, үнемі жел есіп тұратын беткейді таңдайды. Ақбөкен басқа жануарлар секілді шаранасын жаламай, лағын бірден төпелеп тұрған жаңбыр суының астына тосып, өзі де жаңбыр суына тазаратын көрінеді. Шарананы желдің өзі кептіреді. Киіктің тағы бір ерекшелігі, жетімін жатқа қалдырмайтын қазақ секілді жетім қалған лақтарды далаға тастап кетпейді екен. Маң далада аналық алдынан маңырап шыққан жетім лақты емізіп, бауырына басып, өзімен бірге қалдырмай ертіп жүре беретін мейірімді жануар деседі мамандар. Сонымен бірге ақбөкеннің ен далада ойнақтап жүрген мыңдаған лақтың ішінен өз төлін адаспай табатын қасиеті бар. Көктемде суаттарды көп іздемейді. Себебі шөптің шығымен, нәрімен сусындап, жауын жауса тіпті апталап су іздемейді. Қыстың қарсыз қүндерінде тұз жалап, шөл қандырады.
Мамандар ақбөкендердің 87 түрлі өсімдік түрімен қоректенетінін алға тартады. Табиғат ананың бізге берген әрбір ризығының есебі бар, есепсіз дүние болмайды. «Киіктің киесі жаман болады» дейді естілер. Көрген көзге беймарал сұлулық ұялататын жәудір көздердің әдемі болмысын бұзбайық!
Б.БОРАМБАЕВ,
«Қармақшы орман және жануарлар дүниесін қорғау
жөніндегі мемлекеттік мекемесі» КММ-нің аңшылықтанушысы