Жоғалғандар қайда кетеді?
сурет ашық дерккөз
Үйден шығып кетіп еді, қайта оралған жоқ. Бүгінде қаншама ата-ана мен бауыр-туыстан осы сөзді естиміз. Әлеуметтік желіге де осы тектес жазбалар жиі жүктеліп жатады. Адамдар неге жоғалады? Із-түссіз жоғалғандар неге жиілеп барады? Жақын адамыңыз хабар-ошарсыз кетсе, не істеу керек? Саралап көрейік.
«Жоғалды» не «іздеу саламыз» деген жаңалық желдей ескен сәтте көңіліміз алабөтен күйге еніп, толқып, үйіне аман-есен жетсе екен деп тілеп отырамыз. Жамандыққа қимайсыз. Бірақ уақыт өткен сайын үрей де билеп кетеді. Себебі бұл жағдайдан көбіне суыт хабар алып жатамыз. Жақыны жоғалған жанның ішкі күйі белгілі. Ал іздеушісі болған талай адамның тағдыры қалай болуда? Бізге беймәлім тұсы да осы.
Статистика қандай?
Әлемде 3 минут сайын бір адам хабарсыз кетеді екен. Жылына орта есеппен 2 миллионға жуық адам із-түссіз жоғалады. Ал қазір елімізде 10178 адам іздеуде жүр. Оның ішінде хабар-ошарсыз кеткен 2 098 адам тізімде тұр. Бұл – еліміздегі Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің дерегі.
Жоғалғандардың ішінде үйден кетіп, оралмағандар саны 1 572, автокөлікпен жоғалғандар 73, жұмыстан кеткендер саны 38 адам. Сондай-ақ елде тергеу мен соттан жасырынған 2 378 адам іздестірілуде. Іздеуде жүргендердің басым бөлігі 31 мен 40 жас аралығындағы ер адамдар – 89 пайыз. Оның ішінде алаяқтық – 526, ұрлық 309 және адам өлтіру 143 адам іздестірілуде.
Не істеу қажет?
Жақын адамыңыз жоғалып кеткенде бірінші кезекте тұрғылықты жердегі Полиция бөлімшесіне барып, арыз беру қажет. Іздестіру бөлімінің қызметкерлеріне жоғалған адамға қатысты барлық мән-жайды айтасыз немесе «102» қызметіне хабарласыңыз. Аурухана мен мәйітханаға қоңырау шалып, уайымға салынудың қажеті жоқ. Іздестіру қызметі арыз түскеннен кейін қажетті орындарға хабарласып, жоғалған тұлғаны іздеу жұмысын жүргізеді.
Қайда кетеді?
Елімізде жоғалған адамдардың себептері сан алуан. Ата-ананың қарауынсыз қалған балалар да жоғалғандар қатарын толтырып отыр. Сала мамандары бұл ретте балаларына атүсті қарайтын ата-аналарды кінәлайды. Өкінішке қарай, мұндай оқиғалардың соңы бақытсыз жағдайға ұласып жатады. Әсіресе, шомылу маусымында суға батып, бақилық болатындардың көбісін ата-ананың бақылауынсыз қалған балалар мен жеткіншектер құрайды. Ал шет ауылдарда қадағалаусыз қалған балалар дала кезіп жоғалып кетеді. Тоңып, көз жұматындары да баршылық…
Мектеп-интернаттан немесе жетiмдер үйiнен шығып кетiп, қайта оралмағандар да көп. Сондай-ақ жүйке жүйесiнде ауытқуы бар балалар мен егде жастағылар жоғалғанда да хабар-ошарсыз кеткендердің тiзiмiне iлiнедi. Жарымжан жандардың өзгелерден айырмашылығы – қоғамға қауiптiлiгiнде. Ақыл-есiн толық бiлмейтiндерi байқаусызда бiр пәлеге ұшырап қалуы да ғажап емес. Сондықтан оларды iздеу жұмысы ерекше жүргізіледі. Осы iспен айналысатын сала қызметкерлерi жоғалған адамдарды үйдегi жанжалға байланысты кетiп қалғандар, тәрбиеге мойынсұнғысы келмейтiндер, психикалық ауруға шалдыққандар, жұмыс iздеп кеткендер және қылмыскердiң құрбаны болғандар деп бөледi екен. Ал кiм екендiгi анықталмаған мәйiт те хабар-ошарсыздар қатарына жатқызылады. Соңғы кездері хабарсыз кеткендердің көбеюіне ғаламтор да себеп бола бастапты. Бүгінгі жастардың басты байланыс құралына айналып отырған әлеуметтік желілердегі хат алмасулардың соңы бір-бірін іздеп сапарға шығуға ұласады. Сезімнің жетегіне жастарды былай қойғанда, жасамыстардың да еріп бара жатқанына куә болып жүрміз.
Аудандағы жай қалай?
Адамды іздеудің оңайы болмайды. Себебі іздеу жұмыстары әдетте бір алгоритммен жүргізілсе де әр адамның өмірі, тағдыры мен денсаулығы сан қилы. Із-түссіз жоғалғандардың тағдыры кімді алаңдатады? Әрине, жақыны мен ағайын-туғаны іздер. Ал сырт адамдарға оның келіп-кетері де жоқ, бөтен біреу үшін басы ауырып, балтыры сыздамайтыны белгілі жайт қой.
Аудандық полиция бөлімінің мәліметінше, қазірде 3 адам хабар-ошарсыз жоғалған адамдар қатарында тұр. 2023 жылы 1 адам жоғалып, Тараз қаласынан табылған екен.
Жоғалатындардың бір бөлігі – жасөсіпірімдер. Осы орайда аудандық Жастар денсаулығы орталығының психолог маманы Әмина Кетебаевадан да аталған мәселеге қатысты пікірін сұрап білдік.
Жасөсіпірімдердің үйден кетуінің бірнеше себебі болуы мүмкін. Айталық, ашуланып, агрессия көрсетіп, үй ішін қорқытып ата-анаға қарсылығын осылай білдіріп жатады. Осы қарсылықты «кетіп қалу» арқылы байқатып, көңіл аудартқысы келеді. Ал ересектерде психикалық ауытқудың салдарынан болады. Бәзбіреулер жоқшылықтан ақша табамын деп тыраштанып, тұрмыстық жағдайға байланысты кетіп қалады. Сондай-ақ жұмыс бабымен жолаушылап кеткенде түрлі жағдаймен жоғалады. Кейбірі белгісіз бағытқа шығып кетіп, содан хабарсыз кетеді. Сонымен қатар бойжеткендерді жыныстық құлдықта ұстайтын оқиғалар да кездеседі. Жоғалу жайларының ар жағында адам саудасына әкелетін, ағзаны бөлшектеп сату мақсатында пайдаланатындар да бар. Жалпы ренішпен, ерегіспен үйден шығып кеткеннің пайдасы жоқ. Сол үшін ата-аналар да балаларды «қайда, кіммен жүрсің?» деп бақылап отырғаны дұрыс, – дейді психолог.
Үміт үзбейді
Соңғы жылдары iз-түзсiз кететiндердің басым бөлiгiн жастар құрауда. Олардың үйiнен кетiп қалуына бірнеше себеп бар. Ер азаматтар көбіне ақша табу мақсатында туған-туыстан ажырап қалатыны белгілі болып отыр.
Аялдамада бір қыздың суреті жапсырулы тұр. Төменде мынандай жазуы бар. «Мына қыз үйінен шығып кеткен. Үстінде ақ күртешесі болатын. Көргендер болса...» деп телефоны мен әлгі қыздың суретін қойыпты. Өзім қатарлы жап-жас қыз екен. Ол қайда кетуі мүмкін? Бұған дейін де осы секілді адам іздеген суреттерді көп көргенмін. Бірақ дәл қазіргідей ойға батпаған екенмін. Шынымен осы жоғалғандар қайда кетіп жатыр? Неге оралмайды? Біреу ұрлай ма әлде? Өкінішке орай бізде жоғалғандардың аман-есен оралатын жайттары сирек кездеседі. Көбіне арты қылмыстық жағдайға ұласып, қайғылы оқиғамен аяқталады. Бірақ ет жақынын жоғалтқан адам ойына мұндай жамандықты жолатқысы келмейді. Есіктен қайта енердей бір үмітпен өмір сүреді емес пе?! – дейді Аида есімді оқырман.
Иә, жоғалуға әртүрлі жағдай әсер етеді дедік. Отбасылық жанжал, туыс, жолдастың арасындағы өзара келіспеушілік те себеп болуы мүмкін. Қарыз қамытын киіп, басы ауған жаққа кетуге шешім қабылдайтындары да бар. Я болмаса жеке өмірі үшін ғашығымен бірге «қашу операциясын» ұйымдастыратын «махаббат батырлары» да кездеседі.
Ал із-түзсіз жоғалғандар тізімінде болып, араға жылдар салып табылатындар да бар. Сарапшылар жоғалған әрбір екінші кісінің еңбекке қабілетті ер адам, әр төртінші адамның жасөспірім, әр бесіншінің зейнет жасындағылар екенін айтады.
Еңбекке қабілетті ер адамдарды құлдықта, әйел адамдарды жыныстық құлдықта ұстау мақсатымен ұрлайды. Тіпті оларды шетел асыратындар да бар. Балаларды ішкі дене мүшесін алу немесе жәбірлеу мақсатында көзден таса етеді, – дейді мамандар.
Түйін
Адамдар неге жоғалады? Із-түзсіз кетудің жолы да, себебі де сан түрлі. Бірі – қарттық жеңіп, ауруына қарсы тұра алмай, басы ауған жаққа босып кетеді. Енді бірі – үйінен береке таппай, ет жақынынан баз кешіп кетеді. Үшіншілері – ішімдікке салынғаны соншалық, «бас жазу үшін» қаңғырып кетеді. Тіпті несиесін жаба алмай, қарызынан құтыла алмай қаңғыбастыққа салынып кеткендер де бар. Әкесінің соққысынан қашып, отбасындағы ұрыстан зәрезап болған бала да ыстық ұясынан безінеді. Ал үйде үлгі көрмеген түзде қандай түрен салмақ?!
Ақнұр САҒЫНТАЙ