» » Қайда жүрсің, құлыным немесе жоғалған бала қайда кетеді?

Қайда жүрсің, құлыным немесе жоғалған бала қайда кетеді?

Қазақ «Бала – бауыр етім» дейді. Әуелі тоғыз ай, он күн құрсағында, кейін тал бесікте тербеткен бөбегінің тағдырына атүсті қараған қазақты естімеуші едік. Дегенмен бала шалт. Көз ілеспес жылдамдықпен ыстық шайды тартып қалады, құлап қалады, кейде тіпті ашық тұрған есіктен шығып кетеді. Ал ауладан шығып кеткен баланы әупірімдеп жабыла тапқан жағдайлар кездессе де, қайта оралмаған балалар да бар ортамызда. Олар қайда жоғалады?
Бірде бір танысым мына оқиғаны баяндап еді. Осы ауыл маңдарында орын алса керек. Суық күні 3 жасар бүлдіршін үйінен шығып кетеді. Далада жүргенін көрген әлдекімдер оны көлігіне мінгізіп әкете барған. Осы ауылға сырттан келген қонақтар екен. Жолай баланы өздерімен бірге алысқа алып кетеді. Тек арада бірнеше жылдар өткенде жоғалған бала ауылына келіп, ата-анасымен қауышады. Бұл шынайы өмірде болған оқиға. Әлгі шетелдік түрлі жанрдағы кинолар өмірден алынады екен-ау. Расымен, бұл тақырып бізді де ойландырмай қоймады. Ендеше жоғалған баланың қайда кететінін, не жағдай түрткі болатынын сараптап көрейік.

ӨЗГЕРГЕН КІМ?

Қазір қоғам өзгерді ме, әлде ата-ананың ұрпақ алдындағы жауапкершілігі төмендеді ме, әйтеуір, соңғы кезде балаларын қараусыз қалдыратындар жиі кездеседі. Балаға қиянат жасап, зәбір көрсететін ата-ана да бар арамызда. Баланың табанына шөңге кірсе, жүрегі сыздап қоя беретін қазақ емес пе едік? «Қателесті, сан соқты, пенде ғой» деп ақтап аламыз кейде. Қазір жаһандану үрдісінің бел ортасына топ еткен заман емес пе? Қазіргі қоғамда баласын далаға тастайтын безбүйректің табылып жатқаны өзекті өртейді. Келтіруге мысал көп. Жүректі ауыртатыны болмаса, мұндай тасжүректі әке-шешенің болғанынан болмағаны жақсы деп іштей ашынасың.
Анаубір жылдары ғой. Қыстыгүні елдегі аймақтардың бірінде «көкек» ана бейкүнә сәбиін жылу құбырының үстіне тастап кеткен еді. Жарық дүниеге іңгәлап келген сәбидің татар дәмі бар екен. Қаңтардың суығынан қалтыраған сәбидің құлын даусын алакеуімде оянған тұрғынның бірі естіп, үйіне құшақтап әкеліпті. Дереу жедел жәрдем шақырып, дәрігерлердің қарауына тапсырады. Кіндігі кесілмей, тірі тастандыға айналған сәбидің көрер жарығы бар. Жүрек соғысы төмендесе де дәрігерлер нәрестені аман алып қалды. Ал полицейлер «көкек» ананы үш күн іздеп, ақыры тапқан еді. Жергілікті сотта безбүйрек ананың ісі қаралып, 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.
Осыған ұқсас оқиға былтыр тағы да қайталанды. Төрт балалы әйелдің жаңа туған сәбиін қоқыс жәшігіне тастағаны жайында естіген жан жағасын ұстады. Мамандардың айтуынша, төрт баланың анасы жүктілігін дәрігерлерден жасырып келген екен.
Ал биыл өзіміздің Қызылордада көшеден жаңа туған нәресте тауып алған әйел полицияға арызданған еді. Тәртіп сақшылары арызданушының «табылған» баланың анасы екенін анықтады. «Полицейлер баланы тауып алған ауыл тұрғыны оның анасы екенін анықтады. Оны өзі босанған, ал полицейлерге «нәрестені көшеден тауып алдым» деп жалған ақпарат берген» деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

БАЛА ҚАЙТЫП ОРАЛСА...

Бұл оқиға осыдан бірнеше жыл бұрын Төретам кентінде болған. Күнделікті күйбің тірлікпен үй жұмысын істеп жүрген Жаңагүл бір сәт демалғысы келіп, орындыққа отырады. Кенет «Мерей қайда?» деген сауал санасына сап етеді. Көз алдында ойнап жүрген кішкентай Мерей жоқ. Дереу үй ішін, ауланы сүзіп шықты. Көршілерге де кіріп шықты. Бала жоқ. Екі кештің ортасында үй іші азан-қазан болды да қалды. Иә, жаңа ғана аулада ойнап жүрген кішкентай Мерей үшті-күйлі жоғалып кетті. Үйде де, аулада да, жақын көршілердің үйінде де жоқ. Дереу есін жиған көршілер кезекші полиция бөліміне хабарласады. Ал мән-жайға қаныққан сол кездегі ҚР Ішкі істер министрлігінің «Байқоңыр» кешеніндегі өкілдігінің басшысы қызметінің міндетін атқаратын полиция подполковнигі Қасым Әбуов өкілдік қызметкерлерін ұйымдастыра жүріп, жедел баланы іздестіру жұмысына кіріседі.
Сәбиді іздестіру мақсатында арнайы тапсырма алған полиция қызметкерлері тұрғындармен бірге Төретам кентінің әр аймағына бөлініп, іздестіру жұмысын бастап та кетті. Біршама уақыттан кейін «бала табылды» деген қуанышты хабар да келіп жетті. Кішкентай Мерейдің белгісіз жаққа кетіп бара жатқан жерінен тауып алып, ата-анасына тапсырған қырағы сақшы Нұржан Әбенов екен.
Осыған ұқсас оқиға осыдан екі жыл бұрын орын алды. Қорқыт ата көшесі. Күндегі күйбең тіршілік. Дүкен ішіндегі жұмысын реттеп жүрген Фазила Жалғасбаева көшеде жалғыз жүрген кішкентай қызды көзі шалады. Айналасына қараса, ешкім көрінбейді. Дереу жанына барып сұрақ қоя бастайды. Алайда барлығы жауапсыз. Анасын іздеп жылаған періште. Не істерін білмеген Фазила апай жалғыз жүрген балақайды далада қалдырмай дүкеніне әкеледі. Баланың көңілін таппаққа түрлі тәтті беріп, жылаған сәбиді тыныштандырады. Мән-жайды отағасына айтып, екеуі дереу 102-ні теріп, аудандық полиция бөліміне кішкентай қыз баланы тауып алғанын хабарлайды.
Иә, үйінен шығып кеткен кішкентай қыз адасып қалып, өз үйінен біршама алыс­таған. Аудандық полиция бөлімінің кезекші бөлімшесіне түскен қоңыраудан кейін, шұғыл түрде жедел тергеу тобы құрылып, іске кіріседі. Жеке құрамды хабарландырып, жылдамдатылған режимде жүргізілген іс-шаралар нәтижесін берді. Сол аймақтың сақшылары Ержан Нұғманов, Жасұлан Исмайловтар аса қырағылық танытып, іздеу жұмыстарын жүргізеді. Нәтижесінде ата-анасын анықтап, оларға қызын аман-есен табыс­тап еді.
Қазір әлеуметтік желі, мессенджер арқылы ақпарат лезде тарайды. Сондай жарнамалардың бірінде жалғыз жүрген балақайлардың ата-анасын іздеп, сурет жүктеген желі қолданушылары кездесіп жатады.

ЖОҒАЛҒАН БАЛА ҚАЙДА ЖҮР?

Қазақстанда із-түссіз жоғалып, 20 жылдан аса әлі табылмаған балалар бар. Сондай 9 бала әлі де іздеуде. Бұл ақпаратты Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінің порталында жариялаған. Жоғалған балалардың ең үлкені – 1987 жылғы. Ең кішісі – 1992 жылғы. 1996 жылы Семейде 5 жасар Ержан Сүйінжанов жоғалады. Оны кезінде күллі Семей болып іздеген. Сол күйі табылмады. Оның әке-шешесі қайтыс болып кеткен, қазір оны туған ағасы Даниал Сүйінжанов іздеуде. Ол 2009 жылы істі қайта көтеріп, балаға тағы іздеу салғызды. Одан еш нәтиже болмай, іс қайтадан архивке кетті.
2020 жылғы жарияланған материал бойынша, комитеттің базасында 46 бала туралы дерек тұр. Оның ішінде көзімізге оттай басылғаны өзіміздің өңірдегі оқиға. Аталған сайтта жақын уақытта жоғалған балалар туралы да мәліметтер бар екен. 2012 жылғы ер бала 2015 жылы Қызылорда облысының Қармақшы ауданында жоғалып кеткен. Сол кездердегі баспасөз қызметінің мәліметінше, 5 тамызда баланың әкесі үш ұлымен бірге аудандағы Калинин жеріне шөп оруға шығады. Бала сол жерде жоғалып кеткен. Баланы іздестіруге Қармақшы аудандық ІІБ, ІІД, ТЖ қызметкерлері, кинологтар, әкімдік қызметкерлері, жергілікті тұрғындар мен еріктілер жұмылдырылды. Сегіз күн ішінде олар ауданның оңтүстік, солтүстік, Калинин бағытындағы батыс бөлігін, шығыс бағытындағы Сарыөзек жерін қарап шықты. Іздестіру жұмыстары жалғастырылып жатыр деп жазылған еді сол уақытта ведомство хабарламасында.
Баланың үстінде қара кеудеше, қара шолақ шалбар, көк аяқ киім және басында көк түсті бас киімі болған. Содан бері табылмады. Биыл 10 жаста болуы керек. Дегенмен оның табылғаны, не қай бағытқа кеткені, қайда жүргені жайында мүлдем дерек жоқ.

Түйін
Жыл сайын елде мыңға жуық адам із-түзсіз жоғалып кетеді екен. Қазақстанда соңғы бес жылда 17 мыңнан астам адамға іздеу жарияланса, соның 6 мыңнан астамының тағдыры әлі күнге дейін белгісіз. Айдың-күннің аманында адамдар неге жоғалады? Балалар ше? Оны да «Қайда жүрсің, құлыным?» деп еңірегенде етегі жасқа толған әкесі мен анасы күтіп отыр ғой...

Айнұр ӘЛИ
28 мамыр 2022 ж. 488 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 288

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 383

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930