Дәрі нарығының дәрмені қандай?
Басы ауырып, балтыры сыздағанның бәрі дәрігер жазып берген дәрілерге мұқтаж. Ауданда дәріханалар жетерлік. Дәрігер жазған ем-дом түрлерінің бірін өзімізден тапсақ, кей дәріні тапсырыспен алдыруға тура келеді. Қала берді бұл дәрі-дәрмек қалтаны қағып түсетінін қайтерсіз. Жалпы біздегі дәрі нарығының дәрмені қандай? Саралап көрелік.
Дәрі дегенде туындайтын басты сұрақ – бағасы. Себебі қанша тырыссақ та дәрі-дәрмектің түр-түрін шыға алмайтынымыз анық. Біз әдетте азық-түлікке кететін шығынды есептейміз. Ал дәрі-дәрмекті пайдаланудың деңгейі қандай? Тиісінше қанша ақша жұмсаймыз?
Қарапайым адам үшін цитромонның бағасы да маңызды. Ал тегін дәріні алатындардың мәселесі тағы бар. Сонымен бірге «өзімізше» диагоз қойып, дәріні өз бетімізше қабылдай беретін әдетіміз бар. Бұл әрине, шолақ ойлау емес. Дәрігердің өзіміз топшылаған дәріні жазып беруі, көп күттірген кезек, ақылы қызметтің қымбаттығы. Осының барлығы адамды «титықтатып» жібереді. Осылайша олар өздігінен дәрі қабылдауды құп көреді. Айта берсек, себеп те жетіп жығылады.
Бизнес пе, басқа ма?
Рас, бұл сұраққа бизнестің бір түрі ретінде қараймыз, яғни дәріні халыққа арналған тауар ретінде нарық заңдарына тәуелді етіп қойғанбыз. Егер халықтың сұранысы көп болса, бағасы қымбаттай түседі, сәйкесінше азайса – бағасы да арзандайды деген қағида. Бір қарағанда бұл фармацевтика бизнесінің мүддесін халық мүддесінен жоғары қою болып табылады.
Осының салдарынан заманауи дәріхана мен дәрі-дәрмек тек қана Астана мен облыс орталықтарына шоғырланып, ауыл тұрғындарына қолжетімсіз болып қалды. Ауыл тұрғындарында ақша жоқ. Ал бизнеске шалғай ауылға барып дәрі сату тиімсіз. Сондықтан ауыл дәріханалары тек қана күнделікті өмірде қажет ететін арзан дәрілерді ғана сатуға мәжбүр. Сапалы, бірақ қымбат дәрілерді тапсырыспен қаладан алдырады.
Иә, дәрінің тегінін де, ақылысын да сырттан тасимыз. Сол дәріханада самсаған препаратты қаншалықты орнымен қолданып жүрміз деген тағы бір сұрақ туады.
Сатып алушыға дәрігердің тағайындауымен ішіп жатсыз ба? Бұл мынадай дәрі ғой» деп түсіндіріп ескертемін. «Жоқ мен естідім болмаса интернеттен көрдім. Жақсы пікір қалдырыпты. Соны алайын деп едім» деп келетіндер бар. Бізде дәрігер тағайындаусыз берілетін дәрілер бар. Сосын қатаң рецептпен беріледі. Тек соларды ғана сатамыз, – дейді дәріханашылар.
Иә, халықтың бір парасы өздігінен ем алғанды құп көреді. Құп көреді дейміз-ау. «Ауруынан айықтым» деп ішкен дәрісі туралы не желілік бизнесте жүрген немесе біреудің ауызша жарнама жасағанына алданып қалады. Келесі күні дәріханаға барып соны дәрігер тағайындауынсыз ішуге бар. Маманнан көрі интернетке, айналасындағы адамдардың сөзіне иланады ғой қазіргі көп жұрт.
Бізде кейде ауруды өзіміз шақырып алатындай көрінеміз. Дәріханаға арнайылап барып тұрып 1 қорап дәрі аламыз. Бас, тіс, қызу көтерілгенде деп алып қоямыз. Ал оны үйге алып қойған соң қит етсе бітті іше береміз. Былайша айтқанда, асқазанды мүлде ойламаймыз. Рас, кей дәрілерлің әсері күшті, ауруды бірден сап тияды. Бірақ ол бір ауруды басқанымен, екінші жағынан беретін теріс әсері бар ғой. Қарапайым дәрілердің нұсқаулығын оқитын адамдар болады. Онда қалай қолданылуын, қарсы көрсетілімдері туралы мәліметтер болады. Бірақ біз көп жағдайда оны елей бермейміз ғой. Осыдан жазылсам болды дегендей. Басқасына бас қатырып та жатпаймыз, – дейді Айдана Сариева.
Ең маңызды мәселенің бірі – антибиотикке төзімділіктің болуы. Егер адам өз бетінше антибиотикті жиі қолданса, оның ағзасы соған үйреніп алады. Яғни бара-бара дәрі де әсер етпейтін күйге түседі. Егер алда-жалда ота бола қалса жараның жазылуы қиындайды. Осы секілді мәселе үстін-үстін жалғаса береді. Қарапайым халық та мұның тереңінен үңіліп көрмейді. Бұл – мемлекет баса назар аударуы тиіс жағдай, – дейді денсаулық сақтау саласының сарапшылары.
Қымбатшылық қыспай ма?
Былтыр Қазақстандағы дәрі-дәрмек бағасы 11 пайызға қымбаттаған. Бұл көрсеткіш бойынша Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасында Қырғызстаннан ғана қалып тұрмыз.
ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің бас сарапшысынің мәліметінше, жылына екі рет шекті баға бекітіліп отырады. Ол бағадан асқан жағдайда әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне сәйкес айыппұл түрінде жазаға тартылатын болады. 70 АЕК және 1000 АЕК арасында айыппұл түрінде жауапқа тартылатын болады. Дәріханалар министрлік бекіткен шекті бағадан асырмаса болғаны. Ал дәрі бағасының қымбаттығы қарапайым халық арасында да, тіпті Мәжіліс мінберінде де жиі айтылып жүр.
Астанадағы Сауран көшесіндегі бір ғана тұрғын-үй кешенінде үш дәріхана бар. Бағалары үш түрлі. «Терафлюдың» бағасы 230 теңгеге шықты. Ал нарықтағы бағасы 500 теңгеге дейін барады. Өсім 150-140 пайызға дейін. Сол «Терафлюдың» бір қорабының бағасы «Дәрі.кз» қосымшасында 3325 теңге деп көрсетілген. Ал «Айтека» онлайн дәріханасында былай тұр. Астанада қаңтар айындада «Терафлю» 3450 теңгеге дейін саудаланған. Дәріханалар кінә бізден емес дегенді алға тартады, – дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дәулет Мұқаев.
Ауданда да мәселе осындай. Бір дәріханадан алған дәрі екіншісінде қымбат болуы мүмкін. Қымбатшылық қысып, баға күн санап өсіп жатыр. Ауырып қалсақ, дәріханаға жүгіретін пенде емеспіз бе?! Дертке дауа, жанға шипа болатын дәрі-дәрмек болмаса, сырқаттан дер кезінде сауығу мүмкін еместей.
Нарықтың жайы қалай?
Қазақстандық дәрі-дәрмек нарығы соңғы отыз жылда көптеген кезеңнен өтті. Қазақстанның фармацевтика нарығы сан алуан және тегін медициналық көмек пен әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберіндегі барлық санаттағы ауруларды қамтиды. Медициналық өнім адам денсаулығына тікелей әсер ететіндіктен олардың сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатаң талап қойылады. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар нарыққа шықпас бұрын жүйелі сараптамадан өтеді, тіркеуден кейін де тұрақты мониторинг жүргізіледі. Осы және басқа да сараптама жұмыстарымен Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы (ДЗ мен МБ СҰО) айналысады.
Жалпы Мемлекеттік тізілімде бүгінгі таңда 7 мыңнан астам дәрілік зат тіркелген. Және де, соңғы үш жылда 1,2 мыңнан астам дәрі-дәрмек түрі мамандандырылған сараптамадан өткізіліп, тіркелген екен.
ДЗ мен МБ СҰО-ның мәліметінше, соңғы үш жылда ұсынылған 281 дәріні тіркеуден өткізбеу жөнінде шешім қабылданған. Бас тарту себебі препараттың қауіпсіздігі мен тиімділігін зерттеу туралы ақпараттың болмауы, ескертулерді жою мерзімдерінің сақталмауы, сенімсіз мәлімдеменің ұсынылуы, қолдану жөніндегі нұсқаулықта қателердің болуы, одан да маңыздысы, дәрілік заттардың құрамында күрделі, тиімсіз біріктірілімдерінің анықталуы, нақты өндіріс жағдайлары қауіпсіздігін, тиімділігін және сапасын қамтамасыз ете алмауынан болады. Аталған сәйкессіздіктердің бәрі сапасыз өнімдерді пайдалану кезінде халық денсаулығына қауіп төндіреді.
Маманның айтуынша, ең күрделі мысалдардың бірі – балалар шәрбаттарына қатысты жағдай. Соңғы төрт жылда Ұлттық орталық қосалқы заттардағы этиленгликоль мен диэтиленгликоль қоспаларына, атап айтқанда, глицерин, пропиленгликольге бақылаудың жоқтығынан, әртүрлі пішінде шығарылған (шәрбат, егуге арналған ерітінді және тағы басқа) 10 шақты дәрілік затты тіркеуден бас тартты. Улы заттар болғандықтан этиленгликольмен және диэтиленгликольмен ластану қаупі жоғары. Сондықтан пропиленгликоль мен глицерин құрамында қоспалар ретінде осы заттар мөлшерінің шегі сақталу керек және фармакопеялық монографиялардың талаптарына сәйкес 0,1 пайыздан аспау керек.
Түйінін тарқатсақ
Ақылы қызмет көрсететін дәрігердің қабылдауына екі рет кіріп, анализ тапсырып, оған қоса дәрісін алсаңыз кемінде 100 000 теңгеңіз оп-оңай кетіп қалады. Бірақ мұнда бірінің жағдайы жетеді, ал екіншісінде қаражат жоқ. Сондықтан тұмау секілді біз жеңіл деп қарайтын ауруға ақша шығындап қайтемін деп ойлауыңыз да мүмкін. Бірақ аурудың денеге ақырын дендеп, тұла бойға тарайтынын да ұмытпаңыз. Әрі-беріден соң дәріні науқас күткенмен, ауру күтпейді ғой...
Ақнұр САҒЫНТАЙ