» » Семіздік: өмір салты ма, дерт пе?

Семіздік: өмір салты ма, дерт пе?



 Әлем күннен-күнге «дөңгеленіп» бара жатыр. Бұл қалай деуіңіз мүмкін. Халықаралық даму институтының зерттеу нәтижесі бойынша жер бетіндегі миллиардтан аса адам семіздікке шалдығыпты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әрбір үш адамның біреуі артық салмақ жинағанын айтады. Ғалымдарды, әсіресе, дамыған елдердегі жағдай алаңдатады, соңғы жылдары мұндайлардың саны бірден төрт есеге артқан. Ал еліміздегі 20 миллион халықтың жартысына жуығы семіздік ауруына ұшыраған, не артық дене салмағынан зардап шегеді екен. Бұл алаңдатарлық мәселе. Дүниежүзі ғалымдары арасында да семіздікті дерт немесе тұқым қуалаушылық екенін ажыратудағы пікірлер екі жақты. Бірі бұл қалыпты жағдай десе, екіншісі онда семіздікке ұшырағандардың саны неге көбеюде дегенді алға тартады. Салдарын анықтап, саралап көрсек.

Артық салмақ абырой емес

 «Ауру – астан» дейді бабаларымыз. Медицина мамандары семіздіктің 90 пайызы дұрыс тамақтанбағаннан болатынын айтады. Бүгінде адамдар фаст-фудқа, яғни жылдам дайындалатын өнімдерге әуес боп алған. Олардың ішінде донер, бургер, пицца сияқты тағамдарды айтуға болады. Оны әзірлеу мен сатып алу арасындағы уақыт 10-15 минуттан әрі аспайды. Әлеуметтік зерттеулер барысында қазақстандық балалардың 13 пайызы фаст-фуд өнімдерін күнделікті қолданатыны белгілі болған. Республика бойынша, фаст-фуд өнімдерін балалар күніне шамамен бір рет тұтынады. Мәселен, бүгінде көшедегі баланың қолынан қоспасы үсті-үстіне үйілген гамбургерді, оның қасынан кока-коланы көресіз. Әзірленуі әп-сәтте, бойға сіңуі бірер сәт. Бірақ асқазанға келгенде кедергіге ұшырайды. Себебі бір мезгілде жеңіл дайындалатын мұндай ауыр тағамдардың калориясы бір тәулікте тамақтанатын ауқатпен пара-пар көрінеді. Қазанға түскен тамақ баланың асқазанынан табылмайды. Шынына келгенде, дұрыс тамақтану деген ұғым ұмытылып барады. Отандық дәрігерлер тез әзірленетін тамақ атаулының салдарынан қатерлі ісік, диабет, бауыр, бүйрек және қан тамырлары ауруларымен ауыратындардың саны едәуір артқанын айтады. Сонымен қоса, организмді бүлдіріп қана қоймай, депрессияға да ұшырататыны тағы бар. Кейбір мәліметтерге сүйенсек, олардың құрамында дәрумендер болмайды. Керісінше қоректік қуаты жоғары болғандықтан фаст-фуд өнімі адамды семіздікке алып келеді.
Шынын айту керек, қазіргі қарбалас күнде көпшілігі түскі үзілісте жұмыстан шығып, үйіне баруға үлгермейді. Сосын жеңіл-желпі тамақтана салады. Үлкендерді былай қойғанда, бұл дерт балалар арасында да дендеп барады. Кириешки, чипсы дегенді көп жейтіні белгілі. Ұлттық дұрыс тамақтану орталығы әрбір үшінші оқушы қалтасындағы ақшасын фаст-фудқа жұмсайтынын, аптасына бір рет газдалған тәтті сусын ішетінін анықтаған. Ал студенттер қауымының 60 пайызы фаст-фудпен ауқаттанады. Соның ішінде әрбір жетінші студент күн сайын фаст-фуд жеп, газдалған немесе энергетикалық сусындарды үзбей ішетін көрінеді.
 Оның үстіне қазір технология тез дамып келеді. Үйден шығып, көлікке отырамыз. Жұмысқа келген соң компьютерге телміреміз. Артық қимыл-қозғалыс болмаған соң калория жоғалтпаймыз. Осының барлығы семіздікке әкеліп соғады.


Семіздік жасарып барады


 Қазір семіздік әлемдік эпидемияға айналған. Жыл сайын 2,8 млн адам артық салмақтың кесірінен ажал құшады екен. Тағы бір алаңдатарлық жайт, бұл ауру соңғы жылдары балаларды да өз тұзағына түсіріп жатыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы осы тенденция жалғаса берсе, 2025 жылға дейін 70 млн мектеп жасына дейінгі балалар семіздікке шалдығады деп, дабыл қағып отыр. The Lancet британдық ғылыми журналының зерттеуі бойынша семіздіктің деңгейі 5-19 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдерде жоғары қарқынмен өсіп келеді. Зерттеушілер балаларды мұндай ауруға әкелуші факторлар – күнкөріс төмендігінің салдары, тағам қауіпсіздігінің болмауы мен ата-ананың білім деңгейі әсер етіп отырғанын мәлімдейді.
 Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы өкілінің келтірген дерегі бойынша, балалардың семіздігіне ықпал ететін факторлар қатарында тәтті сусындарды шамадан тыс тұтыну аталады. Атап айтқанда, балалардың 16,7 пайызы күн сайын тәтті сусындарды ішеді, ал 30,8 пайызы аптасына 4-7 күн ішеді екен. Сондай-ақ аз қозғалатын, экранға телмірген балалардың ұйқысы да жеткіліксіз. Мысалы, 35,7 пайыз бала тәулігіне 9 сағаттан аз ұйықтайды. Сонымен қатар семіздікке қыздарға қарағанда ұлдар көбірек шалдығады. Сандарды сөйлетсек, артық салмағы бар қыздардың үлесі – 17,6 пайыз болса, ұлдардың үлесі – 23,6 пайызды құрайды. Бұған қоса ауылдық жерлерге қарағанда көбіне қалада тұратын балалар толып кететін көрінеді. Себебі қимыл-қозғалыс пен табиғи тағам аз.  
 Статистика бойынша, толық балалардың 30-80 пайызы өсе келе толық ересектерге айналады. Семіздіктің қауіптілігі – оның көптеген созылмалы жұқпалы емес аурулардың пайда болу қаупін едәуір арттыруында. Мысалы, созылмалы жұқпалы емес аурулардың ішінде диабеттің 44 пайызы, жүректің ишемиялық ауруының 23 пайызы, онкологиялық аурулардың 7-41 пайызы семіздіктен туындайды. Оның үстіне балалық шақта болған семіздік ересек жастағы жүрек-қантамыр ауруларының, ортопедиялық мәселелердің, психикалық бұзылыстар мен денсаулықтың басқа бұзылыстардың даму қаупін арттырады. Артық салмағы бар балалар мен жасөспірімдердің 80 пайызға жуығында артериалдық қысым бар, 25 пайызы диабет, 35 пайызы бауырдың майлық ауруына шалдыққан.
 «Ауру – астан» дегендей, сан алуан аурудың себебі семіздікке соқтыратын ең алдымен бұл – дұрыс тамақтанбау. Сондықтан ата-аналар балаларының дені сау, болашағы жарқын болып өсуі үшін осы мәселеге баса мән беру керек. Бұл үшін, мамандардың айтуынша, калориясы жоғары және құндылығы төмен өнімдерді тұтынуды реттеуді қолға алу маңызды. Онымен қоса ата-аналар кішкентайлары­ның дене белсенділігін арттыруды қаперде ұстаған дұрыс. Бұл ретте мамандар теледидар көру, гаджетпен ойнау, интернет қарау шегін күніне 2 сағаттан асырмаған жөн екенін айтады. Сондай-ақ балалардың аула ойындарын, футбол, баскетбол сияқты ойындарды ұдайы ойнауына мүмкіндік жасау керек. Әрине, ата-ана балаға сөзімен емес, ісімен үлгі болғаны абзал. Бұл ретте аталған дағдыларға үлкен­дер тарапы да бейім болып, ерік-жігерін көрсетуі маңызды. Бастысы, баланың болашағы өз қолымызда екенін ұмытпаған жөн.


Әдет пе, ауру ма?


 Кейбір зерттеулер бастапқы семіздік тұқым қуалаушылық арқылы келетінін айтады. Егер әкесі мен анасы қатар семіздікке шалдыққан болса, балалардың 78 пайызы олардың ізін жалғайды. Ал егер ата-ананың тек біреуінде бұл дерт кездессе, ұрпағының 56 пайызында қауіп күдігі бар. Әке-шешесі артық салмақтан аулақ болса қауіптің деңгейі 14 пайызға төмендейді. Генетикалық бейімділікті былай қойғанда, бұл ауру жүре пайда болатын қасиетке ие. Біздің ағзамызда майдың деңгейін қалыпты ұстауға жауап беретін липостаз механизмі жұмыс жасайды. Семіздік жағдайында калорияны тұтыну мен оны жұмсау жұмысы бұзылып, май жинала бастайды. Май жиналу да жоғары деңгейге өтіп, семіздік асқына түседі. Реттеу механизмінің жұмысына кедергі келтіретін бірнеше себептер бар, оның бірі әрі маңыздысы – артық тамақтану. Шамадан тыс тамаққа құмарлық көп өтпей осы әлемдік эпидемияға шалдықтыратын болады.
Семіздіктің дамуы екі түрлі сценарий бойынша өрбуі мүмкін. Бірінші жағдайда май жасушалары (адипоциттер) сол қалпында қалғанмен, әрқайсысына май өндіру жұмысы жүктеледі. Адипоциттің қалыпты көлемі 0,3 микролитрді құрайды, ал артық болып кеткен жағдайда 1 микролитрге дейін жетуі мүмкін. Қанша майды жинағанымен, қордың көлемі 3-4 есе ғана арта алады. Мұндай семіздік формасын гипертрофикалық деп атайды, ол әдетте зейнеткерлерде көп кездесіп жатады.
Екінші нұсқада май жасушалары өніп-өсіп, олардың саны көбейе түседі. Жаңа жасушалар тәбетті одан сайын арттырады. Жасушалар саны дене салмағының артуымен байланысты өлшеусіз өсе береді. Мұндай семіздіктің түрін гиперпластикалық деп атайды, ол тұқымқуалаушылық арқылы беріледі де, ерте жастан-ақ байқалып жатады. Гиперпластикалық семіздікке жасөспірімдер, аяғы ауыр әйелдер мен климактерилік кезеңдегі адамдар шалдығып жатады.
Май жиналған орынға байланысты қарапайым семіздіктің екі түрі кездеседі: андроидты (ерлер) мен гинеоидты (әйел). Гинеоидты семіздікте май сан мен бөксеге қарай ығыса түсетіндіктен алмұрт тәріздес деген қосымша атауға ие. Ал андроидты семіздікте май іш пен көкірек тұсында жиналатындықтан, оны алма тәріздес деп атайды.
Андроидты түр гинеоидтыға қарағанда асқынуға құмар. Себебі май бөлу іште, тері астында орналасып, ішкі ағзалардың айналасында түзіледі. Бұл ғылыми тілде ішкі ағзалардың семіруі деген атау алған. Жалпы айтқанда, гиперпластикалық, андроидты және ішкі ағазалардың семіруі өте қауіпті түрге жатқызылады, ал гипертрофикалық, гинеоидты және теріастындағы – аса қатерлі емес. Алғашқы топтамадағылар адамға өте көп келеңсіздік әкелсе, екінші атап өткен семіздіктің түрлері солардың тек бірлі-екеуіне ұшыратуы мүмкін.
Ал осы ретте қалыпты салмақты қалай білеміз? Айналамыздағы адамдар тіпті өзінде артық салмақ бар екенін аңғармай, қалыпты тіршілік етіп жүре беруі мүмкін. Ол үшін ХІХ ғасырда француз антропологы Полем Брок ойлап тапқан қарапайым формуланы қолдануға болады. Яғни бой ұзындығынан 100-ді алып тастағандағы салмақ. Салмақтың межелі санынан 10-30 пайызға артуы семіздіктің бірінші, 30-50 пайызы екінші, ал 50-100 пайызы үшінші деңгейі болып табылады. Бірінші кезеңнің өзінде-ақ, адам көптеген жайсыздықтарға тап бола бастайды, ал салмақтың бір жарым-екі есеге артуы ауыр дерт ретінде саналады. Оларға міндетті түрде емделу талап етіледі. Дені сау адамдағы май 10-20 келіні құрайды (ер адамдарға қарағанда, әйелдерде көбірек). Оның жоғары калориялы екенін есепке ала отырып, адамдарда әрдайым 100-180 мың килокалориялық қосымша қор жүреді. Бұл ағзаның энергетикалық қажеттілігін қырық күн бойы өтеуге қауқарлы. Алайда, май одан да басқа мұқтаждықты өтейтіндіктен, оның қоймасын міндетті түрде толтырып отыру керек. Жас және орта жастағы ер адамдар жеңіл жұмыста 2600 ккал жаратса, ауыр еңбекке шамамен 5000-ға жуық ккал жұмсайды. Бір қызығы, ештеңе істемей орындықта демалып отырған адамның өзі негізгі алмасуды қанағаттандыру үшін 1600-1700 ккал жұмсайтын болып шықты.

Семіздіктің себебі тек тағамда ма?

 Психологтардың айтуынша, тағамға тәуелділік тек асқазанның мәселесі емес. Себебі адам қатты күйзеліске ұшырағанда оның орнын басқа нәрсемен толтыруға ұмтылады. Тіпті құрбыларымның арасында «Ашулансам тамақ жей беремін», «Менің күйзелісімді тәтті шәй ғана басады», «Тамақ жесем көңіл-күйім көтеріледі» дегендерді жиі естіп қаламын. Яғни семіздіктің түп-төркінінде психологиялық мәселе де бар.
 Мәселен, Эндокринолог дәрігер, нутрициолог, диетолог Алексей Калинчев семіздіктің кең таралу себебінің бірі психикалық ауытқулар санының өсуі екенін айтты Белгілі бір жүйесіз ас қабылдау тамақтанудың бұзылуына жатады. Бұл көбіне жүйкесі жұқарған адамдарда жиі кездеседі. Қазір адамдар күйзеліске жиі ұшырайды, ал ол артық тамақтануға алып келеді. Семіздік және артық салмақ психикалық ауытқуларға байланысты екен. Нутрицологтар мұндай науқас тек тұтынатын тағамына мәзір жасатып қоймай, басқа мамандарға да жүгінгені абзал деген пікірде. Дұрыс тамақтанып, әрі психоневролог, психологпен кешенді ем жүргізілуі шарт. Себебі тамаққа деген тәуелділіктің түп төркінін таппай, диета ұстаумен ғана бұл дерттен шығу қиын. Белгілі бір уақытта шамалы салмақ тастауыңыз мүмкін. Алайда психологиялық тұрғыдан ем қонбаса, қайтадан артық салмағыңызды жинап аласыз. Түптеп келгенде, семіздіктен арылу үшін миды да, асқазанды да, жанды да емдеу қажет.


Түйін

Қорыта айтсақ, артық салмақ – ауыр дерттің бастамасы. Себебі бұл дертпен күресуде әлем де қауқарсыздық танытып отыр. Семіздік сенделтпесін десеңіз, осы бастан құнарлы тағам мен қимыл-қозғалысқа мән беріңіз. Артық салмақты абырой емес, алаңдайтын дүние деп ойланатын кез келген секілді. Ендеше, ерік өзіңізде...

Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
14 ақпан 2024 ж. 349 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 286

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 381

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930