Жақсылық жан жылытады
Айнала ақ қарға малынғалы бір аптадан аса уақыт болды. Соңғы күндері жауған қар ауданға ажар беріп тұр. Мұндай қалың қар Қармақшыға бірнеше жылдан бері жауған емес. Қара суыққа үйреніп қалғанымыз сонша ақұлпа қарды көріп қуанып, балалар да қармен ойнап, шат-шадыман көңіл күйде жүрміз.
Қар жауғаннан кейінгі мына бір жағдай бізді сүйсінтіп, көңілімізді көтеріп тастаған жайы бар. Түнімен жауған қарды кент көшелерінде арнайы техниканың көмегімен тазалап, қарапайым қызметкерлердің жұмысы қыз-қыз қайнады. Күрегін арқалаған тазалықшылар балабақша, мектеп, мекеме, көшенің барлығында дерлік қар күреп, халықтың жайлы жүруіне қызмет көрсетіп жатыр.
Жалпы қай жерде болсын тазалықтың болғанын қалаймыз. Бірақ соған қызмет еткен жандардың еңбегін кейде көзге ілмей жатамыз. Расымен көп елей бермейтін еңбек қой бұл. Әрине, қоршаған ортаның тазалығы бәрінен маңызды. Күнделікті көңіл-күйіңнің қандай болуына да осы жағдайлар әсер етеді. Қыс айы қыспаққа алғанда айналаны тазалық қана құтқара алады. Таңмен таласа тырбанып еңбек етіп жатқан жандардың көрінісі еңсемізді көтеріп тастады. Олар күннің суығы, аязды боранына қарамастан қарды тазалап әлек. Осы орайда аудандық «Қармақшы ата» мешітінің «Зекет және қайырымдылық» қорының ұйымдастыруымен «Жылу сыйла» акциясын көріп тағы жүзімізге күлкі үйіріліп, қуанып қалдық. Қазірде адамзат мейірім мен махаббатқа мұқтаж ғой. Ал қытымыр қыстың суығында айналадан жылулық іздеп кетеміз. Бір мезгіл далаға шыққанның өзінде бүрсеңдеп тоңып қаламыз. Қыстың көзі қырауда қар күреп, көше тазалығын қамтамасыз етіп жүрген жандардың еңбегіне қалай бас имейсіз?!
Қайырымдылық акциясы аясында жамағат пен мешіт қызметкерлері көше тазалап жүрген жұмысшыларға арнайы қазан көтеріп, дастархан жайып, тазалықшылардың бір мезгіл бел жазып, бой жылытуына себепкер болып, сауапты іс қылды. Сонымен қатар көше тазалығын қамтамасыз етіп жүрген 100-ден астам жұмысшыларға ыстық тамақ пен шай таратылды.
Асыл дініміздің де мақсаты осы – адамдардың жүрегіне жылулық сыйлау. Ислам діні адамның жынысына, ұлтына, нәсіліне тіпті дініне қарамастан зұлымдық жасауды қайтарып, керісінше жылулық сыйлауға шақырады.
Адамға жақсылық жасау үшін көп дүниенің қажеті жоқ. Бастысы «көмек көрсетемін» деген ниетіңіз болса жеткілікті. Қақаған қыста жанды жылытар осындай игі іске жұмыла кіріскен барша жанға Жаратқан сансыз сауаптан жазсын дейміз.