Сенбілікке — серпінмен
Сенбіде ауданда «Бірге – таза Қазақстан!» экологиялық акциясы аясында сенбіліктер өтті. Акцияның басты мақсаты – экологиялық мәдениетті қалыптастыру және тұрғындарды қоршаған ортаны ластамауға, тазалықты сақтауға шақыру.
Тазалық жұмысы барысында кент айналасы абаттанып, көшелер күл-қоқыстан тазарып, артық шөптер шабылды. Иә, ауламыз бен есік алды бірінші көзге түсетін тазалықтың айнасы емес пе? «Жұғын бар жерде – шыбын бар, Шыбын бар жерде – шығын бар» дейді дана қазақ. Берекенің келетін жолы тазалықпен де байланысты екенін ұққан көпшілік сенбілікке серпінмен шықты. Бұқаралық іс-шараға аудан бойынша мекеме қызметшілері, белсенді жастар мен еріктілер жұмылдырылды. Нәтижесінде, акция аясында ауданға қарасты 2 кент, 12 ауылдық округтердегі көрнекті орындар мен көшелер қоқыстан тазаланды.
Әрбірімізге керек дүние көп. Соның бірі – тазалық, көркемдік, жайлылық. Дәл осындай ұстанымды ұсынған жастар «аудан келбеті тазалықтан көрінеді» дегенді алға тартты.
– Күнделікті көңіл-күйіңнің қандай болмағына да осы жағдайлар әсер етеді. Шынында да, жаздың аптап ыстығында жасыл-желекті көрсең жаның жай тауып, тынысың кеңіп қалатыны рас. Ал қоңыр күз көңіл құлазытып, қыс айлары қыспаққа алғанда мұндай әсерден тек тазалық қана құтқара алады. Ендеше тазалықты өзімізден бастап, ізімізден ерген баламызды да соған баули білсек нұр үстіне нұр болар еді, – дейді белсенді жас Ақторғын Базарбекқызы.
Адам мен табиғат арасындағы байланыс тіршіліктің тамырына қан жүгіртеді. Осы дүниені санасына сіңіріп өскен жастардың бары бізді де қуантты.
– Тек арнайы сенбілік маусымында, акцияларда ғана бой көрсетпей, әрбіріміз көшемізді көріктендіруге атсалыссақ екен. Әсіресе жастар жағы жанашырлыққа жаны құмар болса екен. Қарап тұрсақ, аса ауыр жұмыс емес. Түптеп келгенде, бәрі өзіміз үшін ғой. Жұмысқа барар, келер жолда таза көшемен жүрсек жақсы емес пе? Мұндай жұмысты жастарға үлгі етіп, тазалық мәдениетін қалыптастыру үшін сенбілікті жиі ұйымдастырып, әдетке айналдырған жөн деп санаймын, – дейді белсенді жас Рахат Бақытжанұлы.
Айнұр ӘЛИ