Қоғам қоқысқа бейжай қарай ма?
Қазір кез келген қала сыртындағы күл-қоқыс төгетін орындарда жыл сайын тонналап тұрмыстық зат қалдықтары жиналып қалып жатады. Біз қызыға қарайтын әсем шаһарлардың да шалғайындағы жағдай әлгіндей. Тау-тау болып үйілген қоқыстар. Олардың қоршаған орта мен адамға тигізетін залал-зардаптары да аз емес. Жерде жатып бұзылған сол үйінділерден ауаға қаншама улы иіс тарайды, жан-жаққа ұшып түсіп, су мен топырақты бүлдіреді.
Үй ауласында тұратын қоқыс жәшіктеріне үңілсеңіз, әр жәшік бөлек қалдыққа арналғанын көресіз. Алайда жіктеп жатқан адам аз. Қоқыс өңдеуде дамыған мемлекеттердің ең басты артықшылығы – қоғамның осы мәселеде жауапкершілігін сезіне алуы. Міне, біз жауапкершілікті мүлде сезінбейміз. Тұрмыстық қалдықтарды халық сұрыптап үйренуі үшін заңды қатаңдату керек пе, әлде тәрбие ісінде кем-кетік бар ма? Саралап көрсек.
Дамыған елдер үшін жерде жатқан қоқыс – табыс көзі. Бизнес қана емес, әлеуметтік жауапты іс, яғни, қалтаға да, табиғатқа да пайда әкеледі. Қарапайым қағаздан бастап, шөлмек пен темірге дейін қайта өңдеуге жарамды. Мысалы, Франция қоқыс сұрыптауда алдыңғы орынның бірінде. Париж маңындағы Иври-сюр-Сен зауыты жылына шамамен 600 мың тонна қоқысты парализ әдісімен өртеп, атмосфераға зиян келтірмейді. Қоқысты өңдеу арқылы француздар алюминий, әйнек пен газет қағазын шығарады. Ал миллиардтаған халқы бар Қытайда қалдықтарды өңдеу қолма-қол ақшаға мұқтаж жұмысшылар арқылы іске асады. Осылайша, шикізаттың басым бөлігі өтеледі. Бір аралды мекендеген Жапония халқы қоқысты тиянақты сұрыптаумен ерекшеленген. Өртелген қоқыс күлін арнайы құрылғымен тығыздап, ғимарат тұрғызғаны бір бөлек, жасанды аралдар да салып жатқаны таңғаларлық.
Тұтыну мен тұншығу
Қазір жер қоқыс алаңына айналды дейді зерттеушілер. Күн сайын адамзат баласы 3,5 млн тонна қоқыс тастайды екен. Осылай кете берсе осы ғасырдың аяғында күн сайын 11 млн тонна қалдық қоқысқа тастала береді. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, елімізде 3 мыңға жуық қоқыс полигоны жұмыс істейді. Онда 125 миллион тонна қатты тұрмыстық қалдық жиналған. Алайда бұл полигондардың тек 20%-ы ғана экологиялық және санитарлық талаптарға сай келеді.
Қоқыс қалдықтарын кәдеге жарата алмай жатқан елдің бірі – біз. Оған бірнеше себеп бар. Біріншіден, қажетті технологияның тапшылығы, екіншіден, экологияға тигізер залалын толық сезіне алмау, үшіншіден, тұрғындардың жауапсыздығы.
Ел тұтынып жүрген бір реттік ыдыс, пакет пен қаптамалар, бөтелке мен резеңке заттар, тіпті медициналық бетперденің бәрі де – пластик. Қоқысқа тасталатын қалдықтардың дені осылар. Соған қарамастан халық әлі де осы бір зиянды затты пайдаланудан бас тарта алмай отыр. Мәліметтерге сенсек, адамдар күн сайын 500 миллиардқа дейін полиэтилен пакетін лақтырады, минут сайын 1 миллион пластик бөтелке сатып алады екен. Бұл – қажеттілікті өтеу болғанымен, келешек үшін қауіпті қадамның бірі.
Қазіргі күні әр қалада қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек тастау үшін арнайы контейнер қойылған. Алайда халықтың басым бөлігі соған мән бере қоймайды. Тіпті жәшікті көрсе болды сыртындағы жазуын да аңғармастан қоқыс толы қалтасын тастай салады. Ал, сұрыпталмаған қалдық қоқыс қабылдайтын жерге барады. Оның арты белгілі ғой. Сасыған иіс пен жаз, күз айларында жанған қоқыс түтініне тұншығу. Бір елдер қоқыстан пайда тауып отырса, бізде қайта өңдеу тұрмақ, оны сұрыптауды да жолға қоя алмай келеміз. Тіпті біздегі қоқыстардың 85%-ы өртеледі екен.
Қоқыспен қалай күресеміз?
Дүниежүзілік банктің зерттеуі бойынша, әлемде орташа есеппен тәулігіне жан басына шаққанда 0,74 килограмм қоқыс тасталады. Бұл тізімде Қазақстан орта деңгейде тұр. Елімізде әрбір адам бір күнде 670 грамм қалдық шығарады екен. Дегенмен оны өңдеу мәселесі ақсап тұр. Дамыған мемлекеттердің халқы бұл мәселеге тиянақты қарайды. Сондықтан зауыттары қоқыстың 90%-н қайта өңдеп, жарамды дүниеге айналдырып отыр. Оларда «қоқыс» бизнес көзіне айналған.
Біз қоқысты өртеумен алысып жатқанда өзге мемлекеттер болмашы қоқыстан пайдалы зат жасап отыр. Олар қоқыс шыққан бойда-ақ жойып жіберуге асығып, одан пайдаға жаратар дүние жасайды. Мәселен, пластикалық бөтелкесін арнайы қоқыс контейнеріне жинап алады. Ауасын шығарып, қысады. Үлкен аппаратқа салып, ұсақтайды. Солай топырақ секілді дүние пайда болады. Ал, бұл топырақты қаладағы кей жерлерге төсейді. Кейде тіпті саябаққа төсеп, ағаш өсіреді екен. Осындай озық технологияға барған елдің бірі – Швеция. Бұл ел қалдықтың біреуін де қалдырмай түгелімен өңдейді.
Әлемдік тәжірибелерге қарап-ақ қалдықтың өзін іске асыруға болатынын ұғынсақ екен. Бірақ, біздің ой-санамыз қоқысты сұрыптап тастаудан әлі де болсын қашық. Қарапайым ғана мысалды алайықшы. Ауданда қойылған арнайы контейнерлерді қарасаңыз қоқыстың қалай болса солай лақтыра салынғанын көресіз. Арнайы контейнерлерді былай қойғанда, қарапайым қоқыс жәшігінің өзі астан-кестеңі шығып, аударылып жататыны ащы болса да шындық.
Қорыта айтқанда, қоқыспен күресудің бірден-бір жолы – оны сұрыптап, қайта өңдеу, қолданысқа енгізу. Қазақстан қоқысты қайта өңдеу бойынша ауқымды жоспарлар құруда. Болжам бойынша еліміз қалдықтарды қайта өңдеу үлесін 2030 жылға қарай 40%-ға дейін және 2050 жылға қарай 50%-ға дейін жеткізуі қажеттігін басты назарға қойып отыр. Әйтсе де бұл алдағы уақыттың еншісіне қала бермек.
Аудандағы ахуал қандай?
Ауданнан шыға беріс көпірден өткен тұста шашылған қоқыс, әр жерлерде жатқан целлофандарды көріп жүрегің ауырады. Бұл тек шыға беріс тұстағы жағдай емес. Кенттің де кескінін кетіріп жүрген күл-қоқыстар көшелердің әрбірінен табылады. Тіпті кейде ит пен мысықтың да өлексесінің иісінен дем алу мүмкін емес.
Көктем шыға аудандағы мекемелер жұмыс орнының маңайын, кент тұрғындары ауласын ретке келтіріп, жаппай сенбілікке шығады. Бірақ бұл тек мекеменің мойнындағы іс емес. Сол себепті сенбілікке сілтей салмай, әр тұрғын өз ауласын қоқыстан тазартқаны абзал.
Көпшілік «барлық қалдық – бір қоқыс» деп есептейді. Жұртқа күйе жағу ниетінен аулақпыз, әйтсе де шындығы – осы. Мысалы, көп жағдайда тұрғындар үйден қоқыс шығарар алдында қалдықты жіктемейтінін білеміз. Пластмасса, әйнек немесе қағаз, азық-түлік қалдығы – бәрі бір пакеттің ішінде. Қарапайым ғана бір мысалды келтірейікші. Аудандағы теміржол вокзалында қоқысты жіктейтін арнайы жәшік орналасқан. Бірде барып көз салып көрдік. «Қағаз» деп белгілеген жерде шыны жатыр. Біздікілерге «қоқыстың» бәрі бірдей секілді. Әйтпесе анық жазылған жазуды көрмейді дейсіз бе? Көрсе де елемей, «бәрібір ғой» дей ме екен?! Міне, біз қарапайым қоқыстың өзіне немқұрайлы қараймыз. Қалғанынан сосын не күтеміз?!
Жұмыла көтерген жүк жеңіл
Мемлекет тарапынан да, бизнес, оқу орындарынан да белгілі бір деңгейде жұмыстар атқарылуда. Алайда осы экологиялық мәселенің негізі қоғамның немқұрайлығынан туындап отыр. Ойланбастан лақтырылған бүгінгі қоқыс, ертең орны толмас апатқа әкелуі мүмкін. Қазірден бастап қоқысты сұрыптап, жұмыла кіріссек, ертеңгі жастарымызға үлгі бола аламыз. Кез келген өнімді саналы түрде тұтынып, ысырапшылдықтан ада болу керек. Шамадан тыс заттарды пайдалану – қалдықтың да көбеюінің басты себептерінің бірі.
Ежелде дана халқымыз күлдің өзін ерінбей, артынан жерге көміп кететін. Кейін күл жерге тыңайтқыш болып, келесі жайлауда көгеріп тұратын. Сондықтан қоршаған ортаға деген қамқорлық біздің санаға жаңа ұғым емес. Аталмыш мәселенің ауқымына қарамастан, оның шешімі бар. Оған дамыған елдердің тәжірибесі дәлел бола алады.
Түйінін тарқатсақ
Өркениетті елдің бір қасиеті – ескіден жаңа дүние жасап шығаруында. Бұл өзімізді қор санаудың кебі емес, халық арасында қоқысты сұрыптап, кәдеге жаратуға ұмтылған ниет. «Тазалық – иманның жартысы» дейді емес пе?! Ендеше әлем мен жан тазалығына бейжай қарамайтын уақыт жеткен секілді.
Ақнұр САҒЫНТАЙ