Қоқыс құрсауынан қашан құтыламыз?
qarmaqshy-tany.kz Қазір кез келген қала сыртындағы күл-қоқыс төгетін орындарда жыл сайын тонналап тұрмыстық зат қалдықтары жиналып қалып жатады. Біз қызыға қарайтын әсем шаһарлардың да шалғайындағы жағдай әлгіндей. Тау-тау болып үйілген қоқыстар. Олардың қоршаған орта мен адамға тигізетін залалзардаптары да аз емес. Жерде жатып бұзылған сол үйінділерден ауаға қаншама улы-зәрлі иіс тарайды, жан-жаққа ұшып түсіп, су мен топырақты бүлдіреді.
Иә, күнде керекті-керексіз заттың бәрін жинап алып, қалағанын тұтынып, қалғанын тастай салу адам баласының бағзыдан бері әдеті. Обал, сауап туралы айтсақ, оннан бірі ғана ұғынар. Ал «тастаған қоқыс экологиялық проблемаға алып келеді» десек, адамдар аялдап та жатпайды-ау. Неліктен? Себебі экология, планетадағы өзгеріс, атмосфераның жылуы секілді өзге де проблеманы көбі елей бермейді.
Тұтыну мен тұншығу
Қазір жер қоқыс алаңына айналды дейді зерттеушілер. Күн сайын адамзат баласы 3,5 млн тонна қоқыс тастайды екен. Осылай кете берсе осы ғасырдың аяғында күн сайын 11 млн тонна қалдық қоқысқа тастала береді. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, елімізде 3 мыңға жуық қоқыс полигоны жұмыс істейді. Онда 125 миллион тонна қатты тұрмыстық қалдық жиналған. Алайда, бұл полигондардың тек 20%- ы ғана экологиялық және санитарлық талаптарға сай келеді.
Қоқыс қалдықтарын кәдеге жарата алмай жатқан елдің бірі – біз. Оған бірнеше себеп бар. Біріншіден, қажетті технологияның тапшылығы, екіншіден, экологияға тигізер залалын толық сезіне алмау, үшіншіден, тұрғындардың жауапсыздығы.
Ел тұтынып жүрген бір реттік ыдыс, пакет пен қаптамалар, бөтелке мен резинка заттар, тіпті медициналық бетперденің бәрі де – пластик. Қоқысқа тасталатын қалдықтардың дені осы пластик. Соған қарамастан халық әлі де осыбір зиянды затты пайдаланудан бас тарта алмай отыр. Мәліметтерге сенсек, адамдар күн сайын 500 миллиардқа дейін полиэтилен пакет лақтырады, минут сайын 1 миллион пластик бөтелке сатып алады екен. Бұл – қажеттілікті өтеу болғанымен, келешек үшін қауіпті қадамның бірі.
Қазіргі күні әр қалада қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек тастау үшін арнайы контейнер қойылған. Алайда, халықтың басым бөлігі соған мән бере қоймайды. Тіпті жәшікті көрсе болды сыртындағы жазуын да аңғармастан қоқыс толы қалтасын тастай салады. Ал, сұрыпталмаған қалдық қоқыс қабылдайтын жерге барады. Оның арты белгілі ғой. Сасыған иіс пен жаз, күз айларында жанған қоқыс түтініне тұншығу. Бір елдер қоқыстан пайда тауып отырса, бізде қайта өндеу тұрмақ, оны сұрыптауды да жолға қоя алмай келеміз. Тіпті біздегі қоқыстардың 85%-ы өртеледі екен.
Қоқыспен қалай күресу керек?
Дүниежүзілік банктің зерттеуі бойынша, әлемде орташа есеппен тәулігіне жан басына шаққанда 0,74 килограмм қоқыс тасталады. Бұл тізімде Қазақстан орта деңгейде тұр. Елімізде әрбір адам бір күнде 670 грамм қалдық шығарады екен. Дегенмен, оны өңдеу мәселесі ақсап тұр. Дамыған мемлекеттердің халқы бұл мәселеге тиянақты қарайды. Сондықтан зауыттары қоқыстың 90%-ын қайта өңдеп, жарамды дүниеге айналдырып отыр. Оларда «қоқыс» бизнес көзіне айналған.
Біз қоқысты өртеумен алысып жатқанда өзге мемлекеттер болмашы қоқыстан пайдалы зат жасап отыр. Олар қоқыс шыққан бойда-ақ жойып жіберуге асығып, одан пайдаға жаратар дүние жасайды. Мәселен, пластикалық бөтелкесін арнайы қоқыс контейнеріне жинап алады. Ауасын шығарып, қысады. Үлкен аппаратқа салып, ұсақтайды. Солай топырақ секілді дүние пайда болады. Ал, бұл топырақты қаладағы кей жерлерге төсейді. Кейде тіпті саябаққа төсеп, ағаш өсіреді екен. Осындай озық технологияға барған елдің бірі – Швеция. Бұл ел қалдықтың біреуін де қалдырмай түгелімен өңдейді.
Әлемдік тәжірибелерге қарап-ақ қалдықтың өзін іске асыруға болатынын ұғынсақ екен. Бірақ, біздің ой-санамыз қоқысты сұрыптап тастаудан әлі де болсын қашық. Қарапайым ғана мысалды алайықшы. Ауданда қойылған арнайы контейнерлерді қарасаңыз қоқыстың қалай болса, солай лақтыра салынғанын көресіз. Арнайы контейнерлерді былай қойғанда, қарапайым қоқыс жәшігінің өзі астан-кестеңі шығып, аударылып жататыны ащы болса да шындық.
Қорыта айтқанда, қоқыспен күресудің бірден-бір жолы – оны сұрыптап, қайта өңдеу, қолданысқа енгізу. Қазақстан қоқысты қайта өңдеу бойынша ауқымды жоспарлар құруда. Болжам бойынша еліміз қалдықтарды қайта өңдеу үлесін 2030 жылға қарай 40%-ға дейін және 2050 жылға қарай 50%-ға дейін жеткізуі қажеттігін басты назарға қойып отыр. Әйтсе де бұл алдағы уақыттың еншісіне қала бермек.
Аудандағы ахуал қандай?
Ауданнан шыға беріс көпірден өткен тұста шашылған қоқыс, әр жерлерде жатқан целлофандарды көріп жүрегің ауырады. Бұл тек шыға беріс тұстағы жағдай емес. Кенттің де кескінін кетіріп жүрген күл-қоқыстар көшелердің әрбірінен табылады. Тіпті кейде ит пен мысықтың да өлексесінің иісінен дем алу мүмкін емес.
Көктем шыға аудандағы мекемелер жұмыс орнының маңайын, кент тұрғындары ауласын ретке келтіріп, жаппай сенбілікке шығады. Бірақ бұл тек мекеменің мойнындағы іс емес. Сол себепті әр тұрғын өз ауласын қоқыстан тазартқаны абзал.
Көркейту-көгалдандыру барысында көше бойына жиналған күл-қоқысты белгіленген орынға (полигонға) өздерінің техникаларымен шығару мін¬¬деттеледі. Әсіресе, тұрғындар мен жеке кәсіпкерлерді тұрмыстық қатты қалдықтарды шығаратын мекемемен келісімшартқа отырғызу қазіргі таңда үлкен мәселе болып отыр. Себебі, тұрғындар қоқысты бей-берекет көше бойына қойып кетеді. Осы орайда, Жосалы кенті әкімшілігі құқықбұзушылықтарға қарсы бірқатар жұмыстар жүргізіп келеді. Оған жол берген тұрғындарға заң аясында шаралар қолданылуда. Мысалы, өткен жылы көшеге қоқыс тастаған, ортақ пайдаланатын орындарды ластаған 70 азаматқа айыппұл салынса, биыл жыл басынан наурыз айына дейін 56 азаматқа айыппұл салынған.
Жосалы кенті әкімшілігі тұрмыстық қалдықтар төгуге арналған қоқыс жәшіктерін (контейнер) бір жыл мерзімге, егер тараптар жағынан қарсылықтар болмаған жағдайда ұзақ мерзімге жалға беру және оған ақы төлеу үшін жекелеген тұрғындармен келісімшарт жасасып отыр. Жалға беру ақысы айына – 400 теңге, жылына – 4800 теңге болады.
Түйін
Бізде күн сайын полиэтилен қалталарға салынған тамақ қалдықтары, жуынды, қағаз, пластик, шыны ыдыс аралас толассыз қоқыс тасталады. «Жаны ашымастың қасында, басың ауырмасын» дегендей, әлгі заттан құтылғанша асығып, оның қайда кетіп жатқанын бағамдай бермейміз. Беті ашық-шашық жататын қоқыс қапшықтарынан ит-құс өз керегін ашып-шашып, ақтарып жатқанын да көз көріп, құлақ естіп жүр. Өзге елдерде сұрыптау салу мәдениеті әлдеқашан қалыптасқан. Оларда әр тұрғын үйде бірнеше қоқыс жәшігі болады. Қағазын – қағазға, шынысын – шыныға салу міндетті. Бұл заңдылықты сақтамаған жағдайда айыппұл арқалайды. Ендеше, біздің де өркениетті жұрттың көшелі көргені мен парасатты пайымынан көп нәрсені үйренгеніміз абзал-ау.
Ақнұр САҒЫНТАЙ