Эко-дорба – қоршаған ортаға қамқорлық
Қазір полиэтиленнен жасалған пакетті пайдаланбайтын адам жоқ десек қателеспейміз. Сауда орындарында тегін берілетіндіктен немесе бағасы арзан әрі қолдануға ыңғайлы болған соң таңдауымыз көбінесе соған түседі. Пайдаланып болған соң немесе жыртылып қалса қоқысқа тастай саламыз. Бірақ оның экологияға тигізер зияны туралы ойланбаймыз.
Қоршаған ортаға өндіріс ошақтарын айтпағанда, өзіміз осы қарапайым пакет арқылы қаншалықты зиян келтіріп жатқанымызды білеміз бе осы? Базарлап жүріп, азық-түлік толтырған полиэтилен пакеттер ертеңіне желмен ұшып, жасыл желектің бас жағында, көшенің әрбір бұрышында желбіреп жатады. Ал бұл тығырықтан шығудың жолы – эко-пакет, қазақшаласақ эко-дорба. Шүберектен тігілген дорбаға азық-түлік салсаң да, басқа қажетіңе пайдалансаң да болады. Кезінде әжемнің де қолдан тігіп алған дорбасы болатын. Дүкенге баратын болса, ала кетіп, онысын қампайтып келуші еді. Сол шүберек дорба бізге бірнеше жыл бойы қызмет етті. Ол уақытта шашылып жатқан целлофан көрмейтінбіз, рас. Қазір ғой, дүкеннен алған жұдырықтай затты да полиэтилен пакетке тықпыштап, қолға ұстатады.
Бүгінде үлкен қалаларда табиғатқа жанашыр тұрғындар көптеген акциялар ұйымдастыруда. Мәселен ірі сауда орталықтарында эко-пакетті тегін тарату, эко-сөмке тігіп үйрету курстары, табиғатты аялау туралы челлендждер кеңінен таралуда. Яғни эко-пакет табиғат пен қоршаған ортаға қамқор тұрғындар таңдауы.
Сандарды сөйлетсек, Қазақстандықтар бір күнде орта есеппен 15 миллион полиэтиленді пакет қолданады екен. Өйткені ол сауда орындарында тегін беріледі. Ал Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі алдағы уақытта пакеттерді ақылы етуді жоспарлап отыр. Ондағы мақсат – табиғатқа зиянды пакеттердің көлемін азайтып, орнына эко-пакеттерді енгізу. Бірақ халық осыған дейін тегін болған пакеттерді сатып алу, қымбат болса да, экология үшін биопакеттерді қолдануға дайын ба? Біз тұрғындарға сұрау салып көрдік.
– Біз күнделікті қолданатын пакеттің зиян екенін естіп жүрміз. Өртегеннің өзінде ериді де қояды. Арзан болғасын амалсыз аламыз ғой. Егер біздің кентте де эко-пакеттер сатылымға шықса, ойланбай аламын. Себебі, балаларымыз, немерелеріміз бар. Олардың болашағы үшін бүгіннен қам жасауымыз керек, – дейді кент тұрғыны С.Бақытжанова.
Иә, пластиктен жасалған дорбалардың зияны туралы жиі айтылып жүр. Мәселен, қоқысқа тасталған бір пакеттің жойылып кетуі үшін кемі 100 жыл керек екен. Сол себепті, қазір елімізде биологиялық тез ыдырағыш материалдан пакет жасайтын кәсіпорындар ашылуда. Бірақ олардың өнімдері қымбат. Өйткені экопакет шығарушылар шикізаттың бәрін шет елден алады.
Ал мамандар 2025 жылға дейін полиэтиленді пакеттерді сатуға біржола тиым салуды жоспарлап отыр. Өйткені қазір әлемнің 127 елі пластиктен бас тартқан. 30 мемлекетте пластикалық пакеттер ақылы түрде беріледі. Қазақстанда өткен жылы 300 мың тонна пластик қалдықтары шығарылса, соның үш пайызы ғана қайта өңделген.
Кент тұрғыны А.Сұлтанова Алматы қаласында жүргенде «Эко-сөмке тігеміз» атты шеберлік сабағына қатысыпты. «Бұл сабақ қоршаған ортаны қорғауға арналған. Әрбір адам өзі тігіп алуға болатын эко-сөмкенің ең оңай жолын үйрендік. Тұрғындардың бәрі базарға барғанда осындай дорбаларын ала барса, полиэтилен пакеттің керегі де болмайды. Бұл дегеніміз – ертеңгі күні айналамызда шашылып жатқан пакетті азайтамыз. Менің ойымша, бұл – үлкен жобаның бастамасы. Дорба тігу болмашы дүниедей көрінгенімен, қоршаған ортаның ластанбауына үлкен септігін тигізеді» дейді ол.
Расында да, қарапайым қолдорбаның пайдасы қандай?! Табиғатқа пайдамыз тимесе де, зиянымызды тигізбеудің жолы ғой бұл. Ендеше, тұрғындар саналы таңдау жасауға дағдыланып, ел болып, дүкеннің полиэтилен пакетінен бас тартуымыз керек шығар. Мүмкін болса, әрине...
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ